Өлең
Өлең – шағын көлемді поэзиялық шығарма. Ырғағы мен ұйқасы қалыпқа түскен, шумағы мен бунағы белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі. Өлеңнің түрлері мен жанрлары әр алуан: ода, элегия, баллада, сонет, т.б. Кең мағынасында өлең қысқа көлемді поэзиялық туындылардың жалпы атауы болса, тар мағынада музыка өнер мен сөз өнеріне ортақ туынды, яғни ән өлеңі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі халық өлеңдері еңбек-кәсіпке орай (аңшылық, төрт түлік, наурыз өлеңдері), ескілікті наным-сенімге байланысты (бақсы сарыны, арбау), әдет-ғұрып негізіндегі (салт, үйлену, мұң-шер өлеңдері), қара өлең, тарихи өлең, айтыс өлеңдері болып бөлінді. Өлең сөздердің болмысы, жаратылысы аса күрделі, оған ишара, меңзеу, салыстыру, жұмбақтау, астарлау, бейнелеу, теңеу, ұқсату, т.б. тән. Өлең лирика жанрында кең тарады, тақырыбы жағынан саяси, көңіл күйі, табиғат, махаббат және философия түрлерге жіктеледі.
Өлең құрылысы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тармақ-поэзиядағы өлең ырғағының негізгі бөлшегі; буын саны тұрақты келетін өлең жолы.
Бунақ- өлең жолының, яғни тармағының ырғақтық жағынан жеклеген бір бөлшегін құрайтын буындар тобы; көбейген сайын өлеңінің ырғағын күшейтіп ширата түсетін өлең тармағының бөлшегі.
Өлең құрылысы – өлең өлшемдерінің жасалу жүйесі, дыбыс үндестігі мен ырғағына тән ерекшеліктерді белгілейтін шарттар мен заңдылықтар. Өлең-жырдың күнделікті айтылатын жай сөз, қара сөздерден басты айырмасы олар мөлшерлі жеке жолдарға, яғни тармақтарға бөлінеді. Өлең тармағының құрылыс жүйесі әр халықтың поэзиясында өзінше қалыптасқан. Дүниежүзілік әдебиетте орын тепкен өлең құрылымы 4 түрге бөлінеді:
1) Метрикалық өлең жүйесі өлең ырғағында ұзын буын мен қысқа буынның кезектесіп келуіне негізделеді. Мысалы, ежелгі грек және рим поэзиясында кең орын алған ямб, хорей, т.б.
2) Силлабо-тоникалық өлең жүйесінде екпінсіз буын мен екпінді буындар кезектесіп келеді. Ол орыс, неміс, ағылшын халықтары поэзиясында кездеседі.
3) Тоникалық өлең жүйесі орыстың халық поэзиясында қолданылған. Оны жазба әдебиетте орнықтырған A.Маяковский болды. Мұнда ырғақ екпінді буындарға негізделеді, екпін түспейтін буындар есепке алынбайды. Кейбір қосарланып келетін сөздер болмаса, тармақтағы әр сөз бір екпінмен айтылып, дербес ырғақтық бөлшек құрайды. Мұның өзі өлеңді мәнерлеп, тақпақтап оқуға мүмкіндік береді.
4) Силлабикалық өлең жүйесі буын санының мөлшерін тұрақты сақтауға негізделген. Бұл өлең құрылысы француз, чех, итальян және барлық түркі тілдес халықтардың поэзиясында қолданылады. Бұл өлең құрылысының басты сипат-белгілерін қазақ өлеңдерінің құрылымынан анық аңғаруға болады. Өлең құрылысының ұлттық сипат белгілері ұлт тілімен тамырлас. Қазақ өлеңі, алдымен буынға негізделіп, ырғақ пен тармақ та, ұйқас пен шумақ та буынға бағынады; қысқышы Қазақ өлеңдерінің құрылысы.
Өлең өлшемі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өлең өлшемі – біркелкі ырғақ сақтау үшін қолданылатын өрнек. Өлең өлшемінің негізгі атаулары ежелгі грек поэзиясынан келген, көне грек, рим әдебиетінде бұл өлшемдер ұзын буын мен қысқа буынның кезектесуі арқылы жасалған. Араб, парсы, қазақ поэзиясындағы өлең өлшемі буын санын тұрақты мөлшерде сақтау арқылы жасалады. Мысалы, қазақ жыр үлгісінің тармақтары көбіне 7 не 8 буынды болып келеді, сондай-ақ 6 буынды өлең өлшемі қолданылады. Ең көп тараған өлшемнің бірі 11 буынды. Тармақта буын саны төрттен асса, ол ырғақтың құрылысы жағынан бірнеше бунаққа бөлінеді. Мысалы, алты буынды тармақта екі бунақ болады (3 буын 3 буын). Поэзияда орныққан өлең өлшемдері ауызекі тілде күнделікті айтылатын сөзге тән ырғақтың ең жеңіл, ықшам түрлерін саралап, екшеп, соларды бір жүйеге түсіру негізінде жасалған. Қазақ поэзиясында аралас буынды өлең өлшемдері де жиі қолданылады. Абайдың “Сегіз аяғы” осындай үлгімен жазылған. Мұнда 5 және 7 – 8 буынды тармақтар белгілі ретпен кезектесіп отырады. Өлең өлшемі сөздердің тек сыртқы өрнегі ғана емес, ол ойдың өрістеуі, сөздердің мағыналық өзара байланысына, қиюласуына орайлас келеді.
Шумақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өлең-жырларда, дастан -поэмаларда өлең тармақтарының белгілі ретпен топтасуы; кем дегенде ырғақтық өрнегі ұқсаса екі тармақтан тұратын өлеңнің бөлшегі ; өлеңді сөйлемдердің синтаксистік құрылысы жағынан тиянақты болып келетін өлең бөлшегі.
Өлең ұйқасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өлең ұйқасы – тармақтың соңындағы бірнеше буынның келесі тармақтарға сәйкес буындармен үйлесуі. Ұйқас өлеңдегі әр тармақтың жігін айқындап, өлең сөздің ырғағын күшейтуге себін тигізеді, әуезділігін арттырады. Ұйқас түрлерін ажыратқанда, алдымен, оның сапасы, яғни ұйқасқан сөздердің өзара үйлесімі еске алынады. Ұйқас өзара үйлескен тармақтардың кезектесу ретіне қарай сан түрлі болып келеді: ең көп кездесетін ұйқастар: егіз ұйқас (аа), шалыс ұйқас немесе кезекті ұйқас (абаб), қаусырма ұйқас немесе орама ұйқас (абба). Соңғысы орыс поэзиясында жиі қолданылады, ал қазақ поэзиясында көп кездесетіні – қара өлең ұйқасы деп аталатын ақсақ ұйқас (ааба). Бұл 11 буынды өлең өлшемінде үнемі дерлік қолданылады. Қазақ поэзиясындағы жыр ұйқасы кейде шұбыртпалы ұйқас деп те аталады, ол бір ұйқасты ұзақ сақтап, бірнеше тармақтарды бірыңғай үйлестіруімен ерекшеленеді. Көбінше негізгі ұйқасқа (желілі ұйқас) қосымша, жанама ұйқас ілесіп, қосарланып отырады. Абай қолданған ұйқастың жаңаша түрлері: алты тармақты ұйқас (алты аяқ, аабввб) және “Сегіз аяқтың” ұйқасы (аабввбгг).
Мысалдар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ""Қара өлең ұйқасы"" - 4 тармақты шумақтағы 1,2,4-тармақтардың өзара ұйқасуы, 3-тармақитың бос қалуы.
Әйел, еркек, жалпы жас!
Көтеріл, көрін, көзіңді аш!
Жаңбырлы жазғы жапырақтай,
Көркей, көгер, гүлің шаш.
- ""Қаусырма ұйқас""-өлең шумағындағы алғашқы тармақ пен соңғы тамрмақтың және ортадағы тармақтардың ұйқасып келуі.
Ауылдың алды айдын көл,
Айдын көлде шағала,
Айдын көлді жағала,
Айнала қонған қалың ел.
- ""Егіз ұйқас""
Сені ойлаумен барлық күнім, барлық түнім өтеді (а) (өтеді)
Өте қатты жақсы көрем шын сүйемін мен сені (а) (мен сені)
Сендей қызды ешқашан да өмірімде көрмедім (в) (көрмедім)
Бұл өмірде сендей сұлу бар екенің білмедім (в) (білмедім) (Сағындық Қуандық)
- ""Шалыс ұйқас""
Шаң шығармас жол дағы, (а) ( жол дағы)
Сілкіне алмас жапырақ. (в) (жапырақ)
Тыншығарсың сен дағы, (а) (сен дағы)
Сабыр қылсаң азырақ. (в) (азырақ) (Абай)
- ""Шұбыртпалы ұйқас"" - өлеңдегі барлық тармақтардың бір-бірімен өзара ұйқасып келуі.
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай
Жасаулы жаудан бұрылмай
Жау жүрек жомарт құбылмай...
Өлең ырғағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өлең ырғағы – өлеңдегі белгілі ырғақты үлгі-өрнекті қолданудан туатын өлшемділік. Ол алдымен өлеңнің жеке жолдарға, яғни мөлшерлі тармақтарға бөлінуіне байланысты болады. Өлең тармақтарының көлемі әдетте тұрақты. Мысалы, қазақ поэзиясында тармақ көбіне 6, 7 – 8, 11 буынды болып келеді. Әр тармақтың ішкі құрылысы, өрнегі. Айталық, 7 буынды өлең 2 бунақтан (4 буын 3 буын), ал 11 буынды өлең 3 бунақтан тұрады (3 4 3 немесе 4 3 4 буындар). Тармақтар көбіне белгілі мөлшерде топтасып, тұрақты шумақ өрнегін жасайды. 4 тармақты шумақ қай елдің поэзиясында болсын ең жиі қолданылатын үлгі, сондай-ақ 2, 6 тармақты, т.б. шумақтар да кездеседі. Шумақ көлемінде тармақтар әр түрлі тәртіппен өзара ұйқасады, ұйқас бірнеше тармақтың соңындағы сәйкес буындардың дыбыс үйлестігінен туады. Өлең ырғағы өлшемділіктен туса да, жеке сөйлемдердің интонациялық-синтаксистік құрылысының сан алуан болуына орай, өлең сөздің нақтылы айтылуындағы ырғақ-үні үнемі құбылып, өзгеріп отырады. Өлең ырғағын байыту үшін сөзде бай мазмұн-мағына болуы керек, сонда интонация, дауыс толқыны түрленіп, жанданады, сөздің ырғақтылық-әуезділігі арта түседі.
Сөз өнері дамыған сайын қазақ өлеңінің құрылысы шыңдалып, кемелденіп, жаңа өлшем-өрнектермен толысып, байып келеді. Қазақ поэзиясының ырғақтық-интонациялық байлығын молынан игеріп, өлең өрнектерін байытып, дамытуға зор үлес қосқан Абай ақын болды. Ол жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін орнықтыруда асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан көп тараған белгілі өлшем-өрнектерді керек жерінде өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан да соншалықты зор өнегелі іс атқарды. Абайдың қазақ поэзиясына тыңнан қосқан өлең өрнектерінің ішінде “Сегіз аяқ” пен “Сен мені не етесің?” атты өлеңдері бар. Қазақ ақындары өлеңнің ырғақтық-интонациялық мүмкіншіліктерін толығымен ашу, өлең сөзді сөйлеу интонациясына тән ерекшеліктермен байыта түсу ісіне ат салысып келеді. Әсіресе, соңғы кезде поэзияда ерікті өлең түрі қолданыс тапқан, мұндай өлеңдерде белгілі бір өлшем берік сақталмағанмен, қалыпты ырғақтық өрнектер еркін қолданылады. Қазақ өлеңінің құрылымын Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, І.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Мұқанов, З.Ахметов, З.Қабдолов, т.б. ғалымдар зерттеді.[1][2]
Өлеңнің тақырыбы мен мазмұнына қарай бөлінуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өлең елдің елдің қоғами-саяси өміріндегі орны мен тақырыбы мазмұнына қарай әлеуметшіл өлеңдер және тұрмыс-салт өлеңдері делініп екі топқа бөлінеді.[3]
Әлеуметшіл өлеңдер. Дәстүрлі қазақ қоғамында өлең-жыр - тыңдаушы жұртшылықтың ой мен сезіміне бірдей әсер ететін, жеке бастың сезім күйі, ой санасына ғана емес, әлеуметтік жағдайға, қоғамдық санаға әсер ететіндей құдіретті күші бар құбылыс болды. Әр ханның тұсында елдің сөзін, мүддесін батыра да жеткізе алатын, ханның қиғаш кеткен тұстарын өлең-жырмен жеткізіп ашық айта алатын Асан қайғы, Бұқар сынды тұлғалар болды. Бақсы, жауырыншы, құмалақшыларда өлеңге тән ырғақ, ұйқасты қолданып отырған. Бұл дәстүр түркі-монғол заманында да елес берді. Өлең-сөздің әскери жорық жортуылдарда ықпалы айрықша болған.
Мадақ өлеңдерде әлеуметтік сарын болады. Бұл өлеңдерде әдетте жалпақ жұртқа (ру, тайпа, ел-жұртқа) тұлға болған адамдардың ерлігі, мәрттігі, ақыл мен әділдігі айтылады.
Тұрмыс-салт өлеңдері. Кез-келген қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі қызықты, қуанышты сәттерді тоймен атап өткен. Ал қазақтың жиын-тойы, қуанышқа жайылған дастарханы өлеңсіз болмаған. Ел тұрмысындағы бұндай салт-дәстүр халық поэзиясында бесік жыры, тойбастар, қоштасу, сыңсу, жар-жар, беташар тәрізді өлең түрлерінің тақырыптық топтары мен жанрларының қалыптасуына өз әсерін тигізген.
Өсиет, ғибрат өлең. Әдетте жасы үлкен, көргені мен түйгені мол адамның өзінен кейінгі ұрпаққа айтар ғибраты, өнегесі мол сөздерін өлең өрнегіне түсіріп өсиет түрінде айтады.
Қоштасу өлең. Адамның дүниеден өтер шағында артында қалып бара жатқан туған-туыс, дос-жаран, ел жұртымен қоштасқанда айтатын шумақтар қоштасу өлең деп аталады.
Естірту өлең. Жоқтау өлеңге ұқсас көнеден бастау алатын өлең түрі. Естірту өлеңі - аты айтып тұрғандай, дүйім жұрттың қабырғасын қайыстыратын үлкен қайғыны естірту.
Жоқтау өлең. Қайтыс болған, яғни марқұмның тірі кезінде істеген жақсы істері мен қасиеттерін еске түсіріп, дауыс шығара отырып айтылатын ұйқастар жоқтау өлең деп аталады.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы"
- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 5-том. 16-21 бет. «Азия Арна» баспасы. Алматы, 2014
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |