Мазмұнға өту

Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи (араб.: أبو مصعب الزرقاوي‎, шын есімі Ахмед Фазыл ән-Наззал әл-Халаила, араб.: أحمد فاضل نزال الخلايلة‎; 1966—2006) — халықаралық лаңкес, «Таухид және жиһад» жамағаты мен Әл-Қағиданың Ирактағы бөлімшесінің жетекшісі, Ислам мемлекетінің негізін қалаушы.

Әз-Зарқауи 1966 жылдың 30 қазанында Иорданияның Зарқа қаласында дүниеге келді. Оның Әл-Қағида ұйымымен байланысы 1990 жылдары басталды, бірақ «жақын жауды» қойып, «алыс жауға» (Батыс өркениеті) көңіл бөлу тактикасын құптамаған ол ұйым мүшелерінің қатарына кірген жоқ[1]. 1994—1999 жылдары әз-Зарқауи Иорданияда оған жиһади ілімін үйреткен Әбу Мұхаммед әл-Мақдисимен бірге түрмеде отырды[2]. 1999 жылы ол Ауғанстанға лаңкестер лагерін ұйымдастыру үшін аттанып, Усама бен Ладенмен кездесті. 2001 жылы тәліптердің билігі құлағанда ол Иракқа қашуға мәжбүр болды[3]. 2002 жылдың маусымында әз-Зарқауи Ирактың солтүстігінде Жамағат әт-таухид уәл-жиһад («Таухид және жиһад жамағаты») деп аталатын ұйымды құрды[1][4].

Америка Құрама Штаттары Ирак мемлекетіне әскерін енгізгеннен кейін бір жыл өткен Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи Усама бен Ладенге серт беріп, Әл-Қағиданың осы елдегі бөлімшесін құрды (Қағида әл-жиһад фи билад әр-рафидәйн — «Месопотамиядағы жиһад негізі»). Ирактағы Әл-Қағида (ИӘҚ) шетелдік әскерлерге қарсылық көрсеткен негізгі күшке айналды[5].

Бұрын Иорданияның шет аудандарының бірінде дүкенші болып жұмыс істеген әз-Зарқауи Сирия жерін кресшілерден азат еткен Нұр әд-Дин Зангиге ұқсауға тырысып бақты. Қатыгез әз-Зарқауиді жек көрген араб шейхтары АҚШ-тан көмек сұрағанымен, олардың мәселесі шешімсіз қалды. Әз-Зарқауидің шииттерге деген зорлық-зомбылығы өршіп кеткенде Усама бен Ладен мен оның жақтастары мазасыздана бастады. Айман әз-Зауаһири (Әл-Қағиданың қазіргі жетекшісі) Интернет желісінде бас шабу бейнежазбаларын жариялауды доғаруды өтінгенімен, Ирактағы баскесерлер оны тыңдаған жоқ[6].

Әз-Зарқауидің Ислам мемлекетін құру туралы ойы ол 2002 жылы Иракқа келердің алдында пайда болды. Бұл жоспарды әз-Зарқауи 2001 жылы Әл-Қағиданың әскери стратегі Сәйф әл-Әділмен бірге талқылаған болатын. 2004—2006 жылдары осы екеуі болашақ халифат туралы идеяны таратумен айналысты. 2006 жылы Ирактағы Әл-Қағида бұрын көп талқыланған мемлекеттің негізін салуға жақындап қалды. 15 қаңтарда ИӘҚ Ирактағы жиһадилердің 5 тобымен бірігіп, Мәжіліс шура әл-мужаһидинМужаһидтер кеңесінің мәжілісі») деп аталатын ұйымды құрды. Сәуір айында әз-Зауаһири бейнехабарлама арқылы Мәжіліске қошемет көрсетіп, үш айдан кейін Ислам әмірлігі құрылады деп үміттенетінін жеткізді, бірақ маусым айында әз-Зарқауи АҚШ әуе күштерінің соққысынан қаза тапты. 12 маусымда ИӘҚ-тың жаңа жетекшісі деп әз-Зауаһиридің «Ислам жиһады» тобының бұрынғы мүшесі Әбу Хамза әл-Муһажир (Әбу Әйюб әл-Мысри ) жарияланды[7].

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. a b Питер Уэлби ИШИМ деген не? (en) // Tony Blair Faith Foudation. — 16 қараша 2015.
  2. Cole Bunzel, 2015, p. 13
  3. Бобби Гош ИШИМ: Қысқаша тарихы (en) // The Atlantic. — 14 тамыз 2014.
  4. Cole Bunzel, 2015, p. 14
  5. «Ислам мемлекеті» дегеніміз не? (en) = What is 'Islamic State'? // Би-Би-Си. — 2 желтоқсан 2015.
  6. Дэвид Игнатиус Ислам мемлекеті Таяу Шығыста қалай таралды (en) // The Atlantic. — 29 қазан 2015.
  7. Cole Bunzel, 2015, p. 15—17