Қырғауылдар тұқымдасы
Қырғауылдар тұқымдасы (Phasіanіdae), тауықтәрізділер отрядының бір тұқымдасы.
Тұқымдастың ерекшелігі: танау тесігі қауырсынмен жабылмаған. Жіліншіктері түксіз, көпшілік түрлерінің қоразының жіліншіктерінде мүйізді өсіндісі бар. Танау тесігін тері қаптары жауып тұрады. Қазақстанда қырғауылдар тұқымдасының 6 туысқа бірігетін 8 түрі бар. Ең жиі кездесетін түрі — қырғауыл (Phasіanus colchіcus). Қазақстанда өзен жағалауындағы — тоғайлы, қамысты-қопалы жерлерді, Арал теңізінен, Алакөл ойпаңына дейінгі шөлді аймақтарды мекендейді. Олар тау беткейлерінде бұта өсімдігі жақсы өскен және алуан түрлі шөптесін өсімдіктер өскен жерлерде кездеседі. Қоразының құйрық қауырсындары өте ұзын, әрі қызғылт, қою жасыл, күлгін түсті. Мекиені қоңыр сұрғылт түсті. Қанатының ұзындығы 245 мм, салмағы орта есеппен 1150 г-дай. Отырықшы құс. Жерде жүргенімен, ағаш басына қонақтайды. Шұңқырлап жасаған ұясын жерге салып, оның бетін жасырып бүркемелейді. Мекиені сәуірден шілдеге дейін 10 — 14 сарғыш-қоңыр жұмыртқа салып, 23 — 24 күндей басады. Өсімдіктермен және әр түрлі омыртқасыздармен қоректенеді. Қырғауылдың еті дәмді. Оның кәсіптік маңызы бар, әуесқойлық тұрғыда ауланады.
Антарктида мен Солтүстік жарты шардың биік ендіктерінен басқа барлық континенттерде кең тараған 175 түр жатады.
Құртектестерден ерекшілігі қырғауылтектестердің танау тесіктері қауырсынмен жабылмаған және жіліншігі жалаңаш. Қырғауылтектестерді орманда, далада, шөлде және таудың түрлі биігінде кездестіруге болады. Жерде тіршілік етуте бейімделгел; десе де ағашқа қонақтайды және оның сүлбесінде түнейді. Құртектестер сияқты, бұларға да күрделі құсойнақ тән. Біраз түрлері - моногамдар, басқалары - полигамдар.
Ұясы топырақтағы жай шұңқыр, ұяда түр ерекшеліктеріне байланысты 5-20 жұмыртқа болады, оларды әдетте мекиені шайқайды. 2,5-4 аптадан соң балапандары аздап ұша бастайды, ірі түрлерінің балапандары біршама кеш ұша бастайды және жыныстық жетілуі де кеш - 1-3 жылға созылады. Көп ұшпайды, бірақ жылдам жүгіреді және шөп пен бұта арасында жақсы жасырына алады, Көбеюден басқа кезде аздаған топ құрып, жерде қоректенеді. Өсімдік қоректі азықты - тұқым, жидекті ұнатады, құрттар, моллюскалар, насекомдардан да бас тартпайды. Қырғауылтектестерде 175 түр (48 туысқа бірігеді) бар, олар әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда көп. ТМД елдерінде 7 туысқа жататын 12 түр ұялайды. Қазақстанда 8 түр кездеседі, ал 7-і: кәдімгі қырғауыл, сүр және сақалды шіл, гималай және алтай ұлары, бөдене (бытпылдақ) және кекілік мекендейді..Тұқымдас ішіндегі қатынас шат-шытырман, бірақ бірнеше топты:
- америкалық бөденелер;
- ескі дүние бөденелері;
- шілдер, кекіліктер,ұларлар;
- аргустар, тауыстар (павлин); қырғауылдар, нағыз тауықтар,трогопандар топтарын ажыратуға болады.
Үй тауықтарының тұқымдары жабайы күйінде Оңтүстік-Шығыс Азияда мекендейтін банкив тауығын (Gallus gallus) қолға үйрету нәтижесінде пайда болған деп есептейді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстан энциклопедиясы
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Phasianidae |