Қарлұқ қағанаты
Қарлұқ қағанаты (756-940 жж. немесе 8-10 ғғ. аралығы)– Жетісу жеріндегі ежелгі мемлекет.
VIII ғасырдың ортасында қарлұқтар елеулі әскери-саяси күшке айналды да, Шығыс Түрік қағандығын талқандауда (745) маңызды рөл атқарып, тоғыз оғыздармен бірге Орхон тағына Тон-ябғу қағанды отырғызды. 736 жылы қарлұқтар бұрынғыдан да күшейді. Өздерінің бұрынғы одақтасы ұйғырлармен бәсекелесіп, «он тайпа қағанының (он-оқ елі) байырғы жерінде», Жетісуға қоныс аударды. Суяб пен Талас қалалары қарлұқтар қолбасшыларының тұрақты мекеніне айналды. Қарлұқ ақсүйектері Жетісуда 766 – 940 жылдары билік құрды. Бұл кезде олардың қолбасшылары қаған емес, жабғу деп аталғанымен ол шартты түрде Қ. қаласының кезеңі деп аталды. Жабғу Шығыста Тарым, Батыста Ферғанадан асып, Тохарстанға (Сурхаб-вахш су алабынан Ауғанстанның солтүстік шекарасына) дейін саяси үстемдік жүргізді. 8 ғасырда Жетісу жерінде үстемдік жүргізген түркештер де, одан кейін билік еткен қарлұқтар да елдің этникалық құрамына елеулі өзгеріс енгізбеді. Жылнамашылар мен саяхатшылар VIII-IX ғасырда Жетісу жерін чумук, ұлығ-ақ, жабшид, түркеш-қалаш, түргеш, азғыр, қашу, барсхан, т.б. тайпалар мекендегенін жазады. Алтай мен Жетісудың саяси және әскери өмірінде қарлұқтармен қатар қаңлы тайпасы да елеулі орын алды. Олар, негізінен, Алтайда(Ертіс алабын), содан соң Ыстықкөл, Шу жағалауларын, Талас өңірін жайлады. Ыстықкөл алабында, сондай-ақ, шігілдердің де иеліктері болды. 10 – 11 ғасырда Іленің орта ағысында яғмалар тұрды. Тараз қаласысының іргесінде Яғма қыстағы болған. Қарлұқ қаласының құрамындағы негізгі тайпалар – көшпелі түріктер мал өсіруді кәсіп еткен. Қарлұқтар мекендеген атыраптың өзге халықтар тұрған жерлерге қарағанда бақшалы, мәдениетті қалалары, елді мекендері болған. Талас алқабында VIII-IX ғасыр Атлах, Хамукет, Шельджи, Сус, Куль, Такабетсияқты қалалары болған. Жергілікті отырықшы халықтың басым көпшілігі түсті және асыл металдар (алтын, күміс, мыс) өндірумен шұғылданды. Іле аңғарында Кунгут, Талһир (Талғар) қалалары болды. Әсіресе, Тараз, Құлан (Құлан сайдың қасындағы мекенжай), Мирки (Меркі), Ашпара (Шалдавар а-на таяу осы аттас өзен бойындағы қираған мекенжайдың орны) қалалары көбірек белгілі болды. VIII-X ғасырда Жетісу қалалары құрылысы, үйлерінің орналасуы жағынан Орта Азия қалаларынан өзгеше болды. Олар бір жағынан көшпелілерден қорғанатын бекініс еді. Қағандықтың экономика өмірінде Соғды қалалары үлкен рөл атқарды, олардың халқы, негізінен, Самарқаннан, Бұхарадан, Орта Азияның басқа да қалаларынан келгендер еді. Ірі де бай соғды мекендерінің сауда-экономика қуаты аса зор және дипломатикалық мүмкіндігі күшті болды. Сауда-саттық қалалары Шығыс пен Батыстың арасындағы көне керуен жолдарының бойына орналасты. Сол жолдардың бірі Бұхара, Самарқан,Шаш (Ташкент), Тараз, Құлан, Суяб (қазіргі Тоқмақ маңы) арқылы өтіп, Ыстықкөл ойпатымен Қарқараны, Текесті басып, Шығыс Түркістанға қарай бойлаған. Отырықшы халық көшпелілермен тығыз байланыста болып, сауда жасап, тауар алмасып отырды. Көрші елдермен қарым-қатынас жасау қала мәдениетін өсірумен бірге сырттан басқа діннің де енуіне жағдай жасады. Халықтың басым көпшілігі ата-бабалар дінін ұстанған (тәңірлік, шаман). 940 жылы Шығыстан келген «мәжусилік түріктер» қағандықты құлатты. Қарлұқ Қағандығы кезеңінде Жетісу халықтарының арасында әлеуметтік-экономикалық, этнограф және саяси бірлесудің берік негізі қаланды.
Мемлекеттің құрылуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарлұқтардың дербестікке ұмтылуы олардың Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығуына жеткізді. 746 жылы қарлұқтар Жетісуға қоныс аударды, ал онда саяси жағдай тым күрделі болатын. Өзара қырқысқан күресте түргеш қағандары өздерінің бұрынғы Қарлұқ тайпаларының мекені күш-құдіретінен айырылды. Соның салдарынан бытырап кеткен түргеш тайпалары қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Бұл оқиғалар ертедегі түріктердің Терхин жазбаларында: «Ит жылы үш-қарлұқ опасыздық жасап, қашып кетті. Олар батыстағы он оқ халқының еліне келді»,—деп көрсетілген. Түргештердің әулеттік руларынын саяси билігінің әлсіреуін Шығыс Түркістандағы қытай өкілдері пайдалана қойды. Тань әскерлері Суябты басып алды, Шашқа (Ташкентке) дейін жетті, бірақ мұнда көк тіреген Қытайдың мүдделері батыстан өздерінің ықпал ерісін кеңейту мақсатымен ілгерілеп келе жатқан арабтардың мүдделерімен қиғаш келді. Қайшылықтың шиеленіскен түйіні 751 жылы екі империялық күш арасындағы шешуші шайқас барысында шешілді, оның нәтижесінде тань әскерлері зор шығынға ұшырады. Араб тарихшысы Ибн әл-Асирдің мәліметтеріне қарағанда, Атлах қаласынын түбінде 50 мың қытай өлтіріліп, 20 мындайы тұтқынға алынған. Тұтқындар арасында қөлөнершілер кеп болған. Талас өзеніндегі шайқастың Жетісу және Мауараннахр халықтарының тағдырларында зор тарихи манызы болды. Қытай әскерлері Жетісу шегінен ғана емес, ұйғырлар мен тибеттіктердің қысымымен Шығыс Түркістаннан да кетті. Талас аңғарында арабтар да тұрақтап қала алмай, Шашқа шегінді. Соның нәтижесінде қарлұқтар өз жағдайын нығайтып алды. 766 жылы Түргештердің екі қағанының ордалары—Тараз және Суябпен қоса бүкіл Жетісу қарлұқтар жабғуының қолына көшті. Сол арқылы саяси және әлеуметтік биліктердің қарлұқ көсемдерінің қолына көшуі Жетісуда Қарлұк мемлекетінің біржола қалыптасуына жеткізді. Қарлұктар өздеріне бағынышты жерлердіц шекарасын одан әрі кеңейте берді. 766—775 жылдары қарлұқтардың бір тармағы Қашғарияны басып алды, ал VIII ғасырдың аяғында олардың басқа бір тобы Ферғанаға өз ықпалын таратты. Бұл оқиғаларды бейнелей келіп, әл-Марвази бьшай деп жазады: қарлұктар «бұрын Тулис тауында тұрды және тоғыз-оғыздарға құл болды. Мұнан кейін олар өздерінің билеушілеріне қарсы көтерілді, түргештердің елін жаулап алды, ал ол жерден мұсылман елдеріне қарай жылжыды»
Территориясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарлұқ тайпаларынын негізгі мекені - Алтай тауынан Балқаш көліне дейін. VIII ғ. бастап қарлұқтар Жетісуға қоныс аударады. Қарлұқтардың арқасында 751 ж. арабтар Талас бойында түріктермен болған шайқасты жеңеді. Осы кезден бастап қарлұқ тайпалары күшейіп, олардың патшасы өз билігін Алтайда орнатады. 755 ж. қарлұқтар Жетісуда түргештерді женеді. Түргештердің жартысы қарлұқтарға бағынады, ал қалғаны шығысқа таман көшуге мәжбүр болды.
VIII-X ғғ. Қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдың орта ағысына дейінгі көсіліп жатқан территорияны қоныс етеді. Балқаш пен Ыстықкөл арасы, Шу, Іле, Талас өзендері бойында, Отырарға дейін көшіп жүреді. Олардың билеушісі джабғу, 840 жылдан бастап каған атағын алды. Көшпелі тайпалардың билеуші ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес, қала орталықтары да болды. Қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған. Олардың ішінде Тараз, Құлан, Мерке, Атлалық, Тұзын, Балық, Барысқан және т.б. Қарлұқ қалалары Ұлы Жібек жолы бойында орналасты.
Этникалық және тайпалық құрамы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарлұқ тайпаларының құрылуы мен ертедегі қарлұқ этникалық топтары қалыптасуының алғашғы кезендері Ішкі Азия аумағында түрік және теле (оғыз) тайпаларының қоршауында өтті. Этникалық үрдістің одан кейінгі даму кезеңі үш тайпалы қарлұқ конфедерациясының құрылуымен байланысты болды, ол кейіннен сан және сапа жағынан Жетісу шегінде қарлұқ халқыньщ қалыптасу сатысына ұласты. Алайда орта ғасырлар дәуірінде бұл үрдіс аяқталған жоқ. Жазбаша деректемелерде қарлұктар туралы алғашқы хабарлар қытайдың Суй әулетінің (581—618) шежіресінде кездеседі және V ғасырдың орта шеніне жатады. Онда қарлұқтар өздерінің басты руының атымен Алтайдың (Ақтағ) баурайларын мекендеушілер ретінде бұлақ деп аталған. «Таншу» әулеттік (618—907) хроникасына сәйкес, қарлұктар (гэлолу, гэлу) түріктерден шыққан және олардың бір тармағы болған. Қарлұқтардың түріктермен генетикалық байланысы туралы деректер орта ғасырлардағы мұсылман тарихнамасында да жинақталған. «Олар (қарлұктар) — ежелгі түріктер», — дейді Ибн әл-Факих (X ғ.)47. Қарлұқтар ежелгі түріктердін руналық ес- керткіштерінде де «үш қарлұқ» деп айтылған. Ол моңғол Алтайы мен Балқаш көлі аралығындағы аумақты алып жатқан көшпелі тайпалардың күшті одағы болды. Қарлұктар туралы уақыты жағынан алғашкы хабар арабпарсы тілдес тарихи-географиялық әдебиетте — Табариде (737 ж.) кездеседі. Ол Тоқарстанда орналасқан қарлұқтар туралы айтады. Қарлұқ конфедерациясына түркі тілдес көшпелі және жартылай көшпелі әр түрлі тайпалар: жікілдер, бұлақтар, халаждар, түргештер, азкишилер, тухсилер, шарұктар, аргулар, барсхандар кірген. Бұлардан басқа оның құрамында оғыздардың негізгі көпшілігі Сырдарияның орта және төменгі ағысына көшкеннен кейін Жетісу аумағында калған кейбір топтары, сондай-ақтүрік болып кеткен Жетісу соғдылары болды. Махмұд Қашғари көптеген соғдылар түріктердің әдет-ғұрыптарын қабылдаған деп хабарлайды. Кейінірек қарлұқтардың Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісудың, отырықшы халықтарымен сіңісіп, ислам дінін қабылдаған бір бөлегі, сондай- ақ оғыздардың соларға сәйкес топтары да түрікмендер деп аталып кетті Араб саяхатшысы Әбу Дулаф өзінің қарлұқтар жерімен 25 күн жүріп өтуіне тура келгенін хабарлайды; ал Ибн Хаукальдін деректері бойьшша, «қарлұқтар жерін батысынан шығысына қарай жүріп өту үшін тіпті 30 күн жол жүру керек болған». Қарлұқтар туралы деректер V ғасырға жатады. Ол "бұлақ" деген атпен белгілі. Түркі руна ескерткіштерінде "үш қарлұқ" атын алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс еткен көшпелі тайпалар бірлестігіне айтады. VII ғ. ортасында қарлұқ бірлестігі құрамына бұлақ, шігіл мен ташлық кірген. Көсемдері Елтабар деп аталған. 766 жылы түргеш қағандарының қос ордасы Тараз бен Суябты қоса, бүкіл Жетісу қарлұқ жабғысының қоластына көшеді. Олар ерте феодалдық мемлекет құрады. Араф географы Әл-Марвази (XII ғ.) қарлұқтар құрамында 9 тайпа болғанын айтады. Қарлұқ конфедерациясына Жетісу мен оңтүстік Қазақстанның тухси, шігілдер, әзкіштер, халаджылар, чаруктер, барысхандар, т.б. түркі тілдес тайпалар кірген.
Сыртқы саясаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарлұқ жабғуы Оңтүстік Қазақстан маңайында Мауараннахрдың солтүстігіндегі жерлерді басып алу жөнінде белсенді саясат жүргізген арабтарға қарсы күресті басқарды. Арабтарға қарсы әр түрлі аттаныстарды қарлұқтар талай рет белсене қолдады. Қарлұктардың шығыста Ұйғыр қағанатымен бәсекелеспек болған әрекеттері кейін сәтсіздікпен аяқталды. 791 жылы ұйғырлар Бесбалық түбінде қарлұқтар мен тибеттіктердің әскерлерін талқандады. 812 жылы олар қарлұқтарды толық женді. Қарлұқтарды куа отырып, ұйғыр қағаны Ферғана мен Сырдарияға дейін жетті, олардың адамдары мен малын қолға түсіріп, Орталық Азияға қайтып кетті. Осы катаң жеңілістен кейін қарлұқ жабғуы Моғолиядағы орталығы Өтюкен болған ұйғыр кағанының жоғарғы билігін мойындауға мәжбүр болды.
Ұйғырлардың билеп-төстеуіне Енисей қырғыздары табанды қарсылық көрсетті. Қырғыздардың иеліктері шығыста Байкал маңында тұрған гулиган халқы аймағына дейін тарады; батыста олардың мекендерінің шекарасы Алтай тауларына дейін, оңтүстік-шығыста — Саян жотасына дейін барды. Қырғыздардың көршілері батыс жақта қимақтар, солтүстік жақта — бома халқы, оңтүстік-шығыста ұйғырлар болды. Қырғыздар Минуса ойпатында мейлінше жинақы мекендеді. Қырғыздар 80 мың жауынгер жасақтай алатын, халқы көп бірлестік болған еді. Жиырма жылға созылған табанды күрестің нәтижесінде қырғыздар 840 жылы ұйғырларды талқандап женді. Ішкі Азия даласындағы бұл маңызды оқиға мұсылман тарихнамасында көрініс тапқан. Мәселен, Гардизи бұл жөнінде мынадай хабар келтіреді: «Түркістандықтар (кырғыздар) хақан халқына шабуыл жасады; олар бұл халықтың беделді-беделді он екі бастығын өлтірді, семсермен турап, хақандықтардың бәрін қырып-жойды. Хақандықтардың бүкіл патшалығы Чун-пан мен халлухтардың (қарлұқтардың) қолдарында қалды». Ұйғырлардың біразы Жоңғария — Тарбағатайдың солтүстік-батыс шетіндегі қарлұқтарға қашты. Ал ұйғырлардың негізгі көпшілігі Шығыс Түркістанға және Ганьсудің батыс жағына қоныстанды, онда орталығы Тұрфан алқа- бында (847—1369 жылдар) және Ганьсуда (847—1036 жылдар) болған тәуелсіз мемлекет құрды.
Мұны ашина руынан тарағанбыз дейтін, бұл кезде күшейіп алған қарлұқ жабғуы пайдаланды. Қарлұқтардың көсемі Білге Күл Қадыр-хан — Испиджаб билеушісі (Гардизи мәліметгері бойынша Илмалмасын — жабғу) өзінің бұрынғы атағы — жабғуды тастап, қаған атағын алып, билікті өзінің алуға хақылы екенін ашықтан-ашық жариялады. Алайда қарлұқтардың билігі берік болмады, өйткені ол Орталык, Азияның түрік тайпаларына таралған жоқ.
Kөшпелі және отырықшы мәдениет
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ұлы Жібек жолы Қазақстан жерінде. Б.з.д. I-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Етіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген аргиппейлер еліне кететін Дала жолы жұмыс істей бастапан. Осы жолмен жібек, терілер, иран кілемдері, асыл металдан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын.
Б.з.д. II ғ. орта шенінде Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды. Б.з. II-V ғғ. Егер Шығыстан жүре бастасақ, Жібек жолы Қытайдың ежелгі астанасы Чаньаннан шығып, Ланчжов маңындағы хуанхэ өткеліне баратын да, одан әрі Наь-Шанның солтүстік сілемдерімен жүріп отырып, Ұлы Қытай қамалының батыс шетінен, Яшма қақпасының шебінен барып шығады. Осы арадан сара жол екіге айрылып, Такла-Макан шөлін солтүстік және оңтүстік жағынан айналып өтетін. Терістік жолы хами, Тұрфан, Бесбалық, Шихо көгал аймақтары арқылы Іле алқабына жететін; ортадағы жол Чаочаннан Қарашарға, Ақсуға сосын Бедел асуы арқылы Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауынан шығып, Дунхуан, хотан, Яркенд, Бактрияларды басып өтіп, Үндістан мен Орта теңіз аймағына қарай кететін; бұл оңтүстік жол деп аталды. Ал солтүстік жолы Қашғардан Ферғанаға, одан әрі Самарқанд, Бұқара, Мерв арқылы хамаданға, Сирияға баратын. XI-XII ғғ. Қытайдан шығып Жетісу мен оңтүстік Қазақстан арқылы батысқа қарай өтетін жол жанданып кетеді. Жолдың бұлай ауытқуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда Орта Азиямен жүретін сауда жолдарын бақылайтын Түрік қағандарының ордалары болатын. Екіншіден, Ферғана арқылы жүретін жол VII ғ. ішкі қырқыс салдарынан қауіпті болып қалды; үшіншіден аса бай түрік қағандары олардың айналасы теңіздің арғы бетінен келген тауарларды көптеп тұтынды.
VII-XIV ғғ. Елшілік және сауда керуендерінің дені Жібек жолымен жүретін. Сан ғасырлар бойы жол тынымсыз өзгеріп отырған. Жібек жолы Орта Азия арқылы оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға келетін сауда жолы XIV ғ. дейін, қашан ішкі қырқыстар мен соғыстар қала мәдениетін аздырып,тоздырғанға дейін, Қытайға баратын теңіз жолы игеріліп, бұрынғы көне жолдың жұолдызы сөнгенге дейін жұмыс істеді.
Қарлұқтардың ыдырауы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]940 (942) ж. қарлұқ мемлекетінің астанасын - Баласағұнды - Шығыс Tүркістандағы түріктер - Тянь-Шянь жағынан қоныс аударған чигил және ягма тайпалары - жаулап алады. Осыдан кейін Жетісудағы билік қараханидтерге көшеді. Сонымен, 940 жылы қарлұқ мемлекеті өмір сүруін тоқтатты. Қарлұқ қағанаты құлағаннан кейін, қарлұқтардың бір бөлігі солтүстіктегі Іле бойына қоныстанып, жаңа мемлекет Қарлұқ хандығын құрды [1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59ISBN 978-601-282-027-0,1-т. ISBN 978-601-282-026-3
- ↑ “Тараз энциклопедиясы”