Мазмұнға өту

Ғұндар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Ғұн бетінен бағытталды)
Батыс Ғұн қағанатының аумағы Орталық Азия даласынан бастап қазіргі кездегі Германия жерлеріне дейін, және Қара теңіз бен Балтық теңізіне дейін созылған.
14-ші ғасырда салынған "Ғұндар" деген сурет. Бұл суретте ғұндардың өздері, олардың қару-жарақтары және сол кездегі қала түрлері сипатталған, 1360.
Ғұндар Аландармен соғыста
 Қазақстан тарихы

Ежелгі Қазақстан тарихы

Тас дәуірі
Қола дәуірі
Темір дәуірі СақтарҮйсіндерҚаңлыларҒұндар

Қазақстанның ерте орта ғасырлардағы мемлекеттері

Түркі қағанаты (552—603)
Батыс Түрік қағанаты (603—704)
Шығыс Түрік қағанаты (682—744)
Түргеш қағанаты (704—756)
Қарлұқ қағанаты (756—940)
Қимақ мемлекеті ІХ ғ.соңы -ХІ ғ.басыОғыз мемлекеті ІХ ғ.соңы -ХІ ғ.басы

Қазақстанның дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттері

Қарахан мемлекеті (942-1212) жж.Қарақытай мемлекеті (1128-1213) жж.Қыпшақ хандығы Моңғол империясы (1206—1291)
Жошы ұлысы (1224—1481)
Шағатай қағанаты (1222—1370)
Орда-Ежен ұлысы (1242—1446)
Шайбани ұлысы (1243 — ?)
Ақ Орда (XIIIXV ғғ.)
Көк ОрдаӘбілқайыр хандығы (1428—1468)
Ноғай ордасы (1440—1634)
Моғолстан (1348—1514)
Ташкент хандығы (1501—1627)

Қазақ хандығы дәуірі

Қазақ хандығы (1465—1847)
Ұлы жүз (1715—1822)
Орта жүз (1715—1822)
Кіші жүз (1715—1824)

Ресей империясы құрамындағы Қазақстан

Бөкей Ордасы (1801—1872)

Кеңес одағы құрамындағы Қазақстан

Алаш автономиясы (1917—1920)
Түркістан автономиясы (1917—1918)
Қырғыз (Қазақ) АКСР-і (1920—1925)
Қазақ АКСР-і (1925—1936)
Қазақ КСР-і (1936—1991)

Тәуелсіз Қазақстан тарихы

Қазақстан (1991—қазір)



Портал «Қазақстан»
Санат «Қазақстан тарихы»

Ғұндар — көшпелі халық. Ғұндар тәңіршілдік дінді ұстанып, түркі жазуын пайдаланған. Сөйлеу тілі де түркі тілі болған. Шығыста Мөде «шығыс қу» тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына, шамамен алғанда, Керулен және Онон алқаптарында мекендеген сәнби және ұқуан тайпалары кірген. Мөде батыста юеди (юечжи) тайпаларына қарсы жорықтар жасаған. Бұл кезде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейін созылып жатқан аумақ ғұн шаңюйлерінің қол астына түскен, ал солтүстікте ғұн конфедерациясына біріккен тайпалар Байкөлден арғы оңтүстік аудандарға дейінгі аумақты алып жатты. Деректемелерде ғұндардың Саян-Алтай тайпаларына жасаған жорықтары туралы да айтылады. Шежіреші б.з.б. 201 жылы сүннулердің солтүстікке және солтүстік-батысқа қарай жорығын жалғастырып, Қуңюй, Түсүйше, Динлин, Гекүң және Сіңлі елдерін бағындырғанын хабарлайды. Мәтінде берілген түсініктемеде әлгі айтылған бес елдің сүннулердің солтүстік жағында жатқаны айтылады, ол батысында Кем (Енисей) өзенінен Іле алқабына дейін созылып жатса керек. Б.з.б. 201 жылғы жорық кезінде ғұндар Алтай тайпаларын түгелдей дерлік бағындырған, бірақ олар бұл аумақты толық қол астына қаратқан жоқ. Қалай дегенмен де, сол кезде осылай болғанын жазбаша деректемелер де, археологиялық материалдар да көрсете алмады.

Одан кейінгі онжылдықтарда ғұн тайпаларының күшеюіне қоса олар батыста да қызу кимыл көрсете бастайды. Б.з.б. 177 жылы Мөде көршілеріне қарсы өз бетімен қимыл жасады деген сылтаумен өзінің батыстағы түктерін (кінәздерін) юедилерге қарсы жорыққа аттандырады. Ғұндардың атты әскерлері Жаңие-Гәңжоу ауданы маңында юедилерді жеңіліске ұшыратып, сонымен бірге ғұндардың қалыптасып жатқан бірлестігінің шет аймағындағы бірнеше үлесті бағындырған. Келесі жылғы жазда бұл жөнінде шаңюй былай деген: «Аспанның рақымымен жауынгерлер аман, ал аттар мықты шықты: олар юедилерді жойып, жуасытты; семсердің ұшына іліп немесе бағындырып, (өз билігін) нығайтты. Лоулаң, Ұсын, Құтзе және оларға шектес 36 үлес (кінәздік) сүннулерге қаратылды. Олардың бәрі сүннулердің әскеріне кіріп, бір әулетке айналды».

Бұл құжат өте маңызды, бірақ сын көзбен қарауды талап етеді. «Отыз алты мемлекет» деп қазіргі Шығыс Түркістан аумағында орналасқан кінәздіктер, яғни жалпы алғанда батыстағы Каспий теңізінің жағалауына дейінгі бүкіл жер айтылған. «Тарихи жазбалардың» (Шитізи) авторы Сыма Цянь юедилердің «толық» талқандалғаны туралы хабарды құп алып, бұл орайда б.з.б. 177 жылы қытайларға юедилердің (юечжилердің) Сары өзеннің солтүстік ойпатынан батысырақта мекендеген бір бөлігінің ғана белгілі болғанын ескермеген. Қытай деректемелерінде юеди деп аталған көшпелі тайпалар Грек-Бақтрияны талқандағаннан кейін олар туралы мәліметтер өзінен-өзі бүкіл Орта Азияға да тарала бастайды.

Сірә, б.з.б. 177 жылы сүнну-ғұндардың Тынық мұхиттан Каспий теңізінің жағалауына дейінгі барлық елдерді бір кінәздің атты әскері күшімен бағындыруын шындыққа жанаспайды деп санау керек. Дегенмен де, шығыстағы юедилердің бағындырылғанына күмән жоқ, нақ сол сияқты Лаулаң, Ұсын және Қутізе бірлестіктерінің юедилерге тәуелді болғаны туралы хабар да рас. Бұл этникалық-саяси атаулардың жағырапиялық орны онша айқын емес. Қазіргі қартаға Лобнор ауданындагы Лаулаң (Крораина) кінәздігі ғана азды-көпті сәйкес келеді. Қытай жазбаларындағы басқа деректердің есімен теңестірілген Қутізе жерінің немесе тайпасының этнонимі жергілікті Айғыр атауынан шығуы мүмкін. Ол Ұсын және Тізәң- күң елдерінің арасында, яғни шамамен Оңтүстік Алтайда болған. Геродоттың аргиппейлер тайпасы осы маңайда орналасқан деп саналады. И. X. Дворещсийдің пікірінше, аргиппейлер деген сөз ертедегі гректерше «арғымақ», «тұлпар» дегенді білдірді, демек нақ сол ұғымға жақын әлдебір жергілікті атаудың аудармасы болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, ертедегі қытай тілінің жоғарыда аталған транскрипцияларын түркілердің «арғымақ» немесе «айғыр» деген сөздерімен салыстыру дұрыс сияқты.[1] Ғұндар бірлестігіне шыққан тегі әртүрлі тайпалар немесе этникалық- саяси құрылымдар кірген. Конфедерацияның қоғамдық өміріне бір орталыққа бағынғысы келмейтін қуатты күштер, кең-байтақ жердің әр түрлі аудандары арасында берік саяси және экономикалық байланыстардың болмауы зор ықпал жасады. Алғашқы кезде біршама бірлік ғұн қоғамындағы фратрияаралық ұйымның ерекше түрі болуы арқылы орнаған.

Сүнну-ғұн тарихынан әулеттік бірлестіктің үш, ал кейін төрт экзогамиялық билеуші рулардан (фратриялардан) тұрғаны мәлім. Деректемеде былай делінген: «Құйаң руы, Лаң руы, олардан кейін Сүйбу руы пайда болды; оларда ең атақты тармақтар да нақ осы үш әулет»11. Бұл орайда сол қанатты құрайтын Құйаң руы ең атақтысы болған, ал Лаң және оған еншілес Сүйбу он қанат болған. Бір қызығы, шаңюйлік Луаңти руы атақты ру деп аталмаған. Ал Құйаң мен Лаң шаңюймен құдандалы туыс болған. Біздің заманымызға жақындағанда құдандалы туыстық біраз өзгерген. Оңтүстік сүннулерде шаңюй руы Сүй-Ляң-ти деп атала бастады, басқа ақсүйектер әулетінен Құйаң, Сүйбу, Тсүлиң және Лаң аталған. «Осы төрт әулет олардың елінде атақты рулар болған және әдетте шаңюймен құдандалы туыс еді». Онда бұдан әрі былай делінген: «Құйаң руы сол (яғни шығыс және үлкен) қанат, ал Лаң және Сүйбу рулары оң (яғни батыс және кіші) қанат болған». Тағы екі ғасырдан кейін олардың патшалық руы алмасқан және өз атауын өзгерткен. Тізіп келтірілген ең атақтысы енді Дүге (Тұғлақ) руы болып шығады, ол «ең батыр және ұлығы болған, сондықтан шаңюйлер солардан шыққан. Олардың атақты төрт руы Құйаң руы, Сүйбу руы, Лаң руы, Тсәо (Тсүлиң) руы болған, бірақ ең атақтысы — Құйаң руы, одан канцлерлер, сол және оң қанаттағы житшүлер шықкан». Уақыт өте келе шаңүй руының белгісіз рудан «ең ержүрек» болуы негізінде «ең ұлық» руға айналған эволюциясы ерекше көрінеді. Тегінде, мұнда белгілі бір кезеңде сол кезде-ақ болған ер адам жағынан мұраға қалатын қағидатты көрсеткен еркек (патриархаттық) тегінің іс жүзінде үстемдік етуімен дуалдық ұйым қалыптасқан болса керек.

Б.з.б. I ғасырдың орта шенінде-ақ сүнну қоғамы өзінің вассалдық иеліктерінен айырылумен бірге «байырғы» құрамында екі топқа — Қуқаңиешаңүй бастаған оңтүстік және Чжичжи басшылық еткен солтүстік топтарға бөлінді. Оңтүстік сүннулер Ордос аумағында мекендеп қалды да, солтүстік сүннулер өз тайпаластарының қысымымен Саян мен Байкөл өңіріне ыгысып, солтүстік пен батысқа қарай қоныс аударған.

Б.з.б. 49 жылы Чжичжи көрші кінәздікке дипломатиялық сапарға кеткен Қуқаңиенің аз уақыт болмауын пайдаланып, оның жерін басып алып, сол арқылы конфедерацияның бірлігін қайта орнатуға әрекет жасайды. Алайда оның күші оған жетпеген. Шежірешінің айтқанындай, «Чжичжидің өзі сүннуде күшпен нығая алмайтынын білді». Ол үйсін гүңмосы Үтізутудан көмек сұрағанеді, бірақ соңғысы оның елшісінің басын алып, Чжичжиге шабуыл жасауға 8000 атты әскер жібереді. Чжичжидің атты әскері үйсіндердің жасағын талқандайды, ал одақтассыз қалған Чжичжи оңтүстік ғұндардың жерінен кетуге мәжбүр болады. Одан әрі деректемеде бұл және одан кейінгі оқиғалар былайша суреттеледі: «Чжичжи үйсін әскерінің көп екенін, өз елшісінің әлі оралмағанын көріп, өз әскерін орналастырды да, үйсіндерге лап қойып, оларды тас-талқан етті; солтүстікке бет бұрып, Үтізеге соққы беріп, бағындырады. Чжичжи өз әскерінің көмегімен батыстағы Тізәңкүңді қиратып, солтүстікте Данлинді бағындырады. Үш кінәздікті бағындырған соң ол бірнеше рет үйсінге әскер жіберіп, әдетте оны жеңіп жүрді.»

Біздің заманымызға дейін 1 мыңжылдықтың 2-жартысынан бастап Еуразияның этникалық-саяси тарихында Орталық Азияның көшпелі тайпалары ролі артты. Біздің заманымызға дейін 4-3 ғасырларда Қытайдың солтүстігі мен Орталық Азияда ғұндар деген тайпалар бірлестігі (сюнну, дунху) пайда болды. Нақты айтқанда, біздің заманымыздың дейін 209 жылы бой көтеріп, біздің заманымызда 216 жылы дейін дәурен сүрді.

Шаңырағын көтерген әйгілі Мөде (Мотэ) батыр. Біздің заманымызға дейін 209 жылы Мөде әкесін өлтіріп, таққа ие болады.

Осы заманнан бастап, ғұн мемлекеті күшейе бастады (атап айтсақ, біздің заманымызға дейін 188 жылы ғұндар өзіне қытай императоры Гао-Диды бағындырады, хань династиясы ғұндарға салық төлеп тұрғаны белгілі. Юечжи, ловфань, байянь, үйсүн тағы да басқа тайпалардың жерін тартып алады.)

Ғұндар Байкалдан Тибетке, Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзеніне дейінгі жерде мемлекет құрды. Оның әскері 300-400 мың болды.

Мөде қайтыс болғаннан кейін өзара қырқыс басталды. Хулагу кезінде, біздің заманымызға дейін 47 жылы ғұндар оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік ғұндар Қытай бодандығын қабылдады, ал солтүстігіндегілер орталық азиялық тайпалармен одақтасып батысқа кетіп, өз тәуелсіздіктерін сақтады. Алайда, үнемі Қытайдың қысымына түскендіктен Тянь-Шаньды асып өтіп, қаңлыларға келді. Бұл ғұндардың Орта Азия мен Қазақстанға алғашқы қоныс аударуы болды.

Екінші қоныс аудару біздің заманымыздың 1 ғасырында болды. 93 жылы Қытайлар ығыстырған солтүстік ғұндар тағы да батысқа қарай жылжыды. Олар Қазақстан территориясы арқылы батысқа бет алды. Бұл көшпенділердің Қазақстанға енуіне байланысты шығыс иранның қаңлы тайпаларының түріктенуі басталады.

Біздің заманымыздың 1 мыңжылдығы басында Жетісу, оңтүстік қазақстан тайпаларының кескін-келбеті монғолдана бастады. Ғұндар жергілікті тайпаларды бағындырып, Сырдария бойымен Арал өңіріне, орталық және батыс Қазақстан аймақтарына барып енеді. Ғұндардың біздің заманымыздың 4 ғасырда Шығыс және Орталық Еуропа жеріне келуіне үш ғасыр уақыт керек болды.[2]

Ғұндар Рим империясына қауіп төндірді. 5 ғасырдың 30-жылдары ғұндардың басшысы Аттила Еуропа халқының үрейін ұшырды. 375-376 жылдары вестготтардың Қазақстан даласынан келген ғұндармен күресі ежелгі Рим империясының құлауына әкелді.

Шаруашылығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шаруашылық-мәдени типінің негізі - көшпелі мал шаруашылығы. Мал өсіру, әсіресе жылқы өсіру басты рөл атқарды. Сондай-ақ қой өсіру, аң аулау, егіншілік дамыды.

Ғұндардың қол өнер кәсібі күшті дамыған (металдан, сүйек пен мүйізден, тас пен саздан, ағаштан, керамикадан жасалды). Сауда дамығандығын жібек маталар, айналар, нефриттен істелген бұйымдар көрсетеді.Олар малдың барлық түрлерін өсірген. Ғұндардың негізгі баспанасы киіз үйлер болған. Ғұндарда бұйымының бетіне түрлі түсті заттарды жапсыру стилі пайда болды, тарихта ол полихромдық стиль деп аталған. Осы стиль Орталық Қазақстанда дамыған. Зерлеу әдісімен пайдаланды. Бұйымдарды безендіру үшін негізгі бейне жабайы аңдар болған.

Мал шаруашылығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғүндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығының маңызы зор болған. Мал санының өсуіне байланысты мал өсірушілер жаңа аумақты игеруді эəне шұрайлы жайылымдарды алуды көздеді. Жайылымды жиі-жиі ауыстырып, малды барған сайын қоныстардан алыс жерге жаю күшейді. Қытай деректерінде олардың үй малынан жылқы, ірі қара жəне қой-ешкі өсірген, біразя түйе, есек ұстайтынын жазады. Олар үй малымен тамақтанып, олардың терісін киім қылып, жүн мен терісін киім, жамылғы есебінде пайдаланды.

Ғүндар ат сайысы ойындарының негізін салған. Ал қойдың етін, терісін, жүнін пайдаланды. Малдың бəрі дерлік бүкіл жыл бойына өрісте жайылып бағылды. Сондықтан жазда қуаңшылық немесе қыста көктайғақ жұт болуы, мал індеті үлкен апатқа ұшыратып отырды. Ғұндар қосымша кəсіп ретінде аң аулаумен де айналысқан. Бұл кəсіп негізінен өздерініе азық қорларын молайту үшін жəне сейіл құру үшін жүргізілген.

Егіншілік кəсібі мен қоныстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғүндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Ғұндар дəнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Егіншіліктің жақсы дамығанын білдіретін темір орақ, соқа тістері, қол диірмендер, дəнүккіштер сияқты егін салуға жəне оны жинап алуға қажетті құрал-саймандар табылған. Ал үй-жайлардың ішінен астық сақтайтын ұралар табылса, еден, қабырғалар сылағынан, шикі кірпіштердің арасынан сабанның қалдыхтары кездеседі.

Олар негізінен киіз үйлерде тұрды. Киіз үй торкөз кереге, уық, шаңырақ жəне киіз жабуынан тұрды. Киіз үйдің төріне қамшы, ағаштан жасалған қынабы бар семсер, садақ, жебелер салған қорамсақ т.б. іліп қоятын болған.

Қоғамдық құрылысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғұн тайпаларында əлеуметтік теңсіздік қалыптасты. Ауқатты отбасылардың немесе үстем тап өкілдерінің қабірлерінен қымбат бағалы заттар көп табылады. Кедей адамдардың қабірлерінде қарапайым жасалған арзан бұйымдар кездеседі, кейбір қабірлерден ешбір зат табылмайды. Ғүндардың билеушісі тобы ақсүйектер рудың мүддесін қорғап, көсем ретінде бар мəселені шешіп отырды.[3]

Патриархалды-рулық қарым-қатынастардың белгілері өте күшті болған. Ғұндар 24 руға бөлінген. Олардың басында ағамандар тұрған. Ағамандар кеңесі мен халық жиналысы жұмыс істеген. Әскери тұтқындардан құралған құлдар да болған.

Жазба деректер ғұндар қоғамындағы өкімет белгісі туралы мәлімет те қалдырған. Елді шаньюй басқарған. Одан кейін түменбасылар болды. Ғұндар қоғамында мал мен жерге жеке меншіктің пайда болуы, тұрпайы бюрократтық аппараттың құрылуы, алым-салық, жазу-сызудың болуы таптық қоғам мен мемлекеттің пайда болуын туғызды.[4][5]

Ғұндардың юэчжилермен, Қытаймен, үйсіндермен, қаңлылармен қарым-қатынасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғұндардың юэчжи тайпасымен күресі ғұндардың жеңісімен аяқталды. Юэчжилер тек біздің заманымызға дейін 174—165 жылдары түпкілікті талқандалды. Нәтижесінде, юэчжилер Орталық Азияға шегініп, Әмударияның жоғарғы ағысына жылжиды. Ғұндарға бағынғандардың арасында үйсіндер де бар еді. Қытай жазбаларында 36-ға жуық көрші ұлыстардың бағындырылғандығы айтылған. Мөде біздің заманымызға дейін 174 жылы қайтыс болды.

Мөденің баласы Лаушан тұсында юэчжилер тасталқан болып жеңіліп, олардың бір бөлігі Жетісуды мекен етті. Жетісудағы сақтардың бір бөлігі юэчжилердің қысымынан Ферғананы басып өтіп, Парфия, Бактрияға жылжып, келесі бір бөлігі Ауғанстан Солтүстік Үндістанға (Кашмирге) өтіп кетеді. Үлкен юэчжилер Жетісуды 30—40 жыл шамасындай ғана иемдене алды. Кейін Жетісуды үйсіндер юэчжилерден тартып алды. Ғұндардың әскери көмегінің арқасында үйсіндер осылайша Жетісуға орналасқан болатын. Батысқа қарай ығысқан юэчжилер Бактрияны өзіне бағындырады. Олардың енді бір бөлігі үйсіндермен араласты.

Ғұндар мен Қытай арасында айырбас сауда жүріп тұрды. Бұл, әсіресе ғұндарға тиімді еді. Біздің заманымызға дейін 158 жылы шекарадағы сауда көздерін кеңейту мақсатында тәңіркұты Қытайға қарсы соғыс ашты. Біздің заманымызға дейін 152 жылы ғұндармен тағы сауда жөніндегі шартқа қол жеткізеді. Шекаралық аймақтарда сауда орындары ашылады. Сонымен қатар Гобиден оңтүстікке қарай жайылымдарды қайтарып алады.

Біздің заманымызға дейін 133 жылы ғұн-қытай соғыстарының жаңа кезеңі басталды. Бұл жолы соғысты қытайлықтар бастады. Әскери кимылдар бұрынғы ғұн аумағына ауысты. Соңғы ұрыста 90 мың ғүн әскері талқандалды. Біздің заманымызға дейін 90-жылдардағы қақтығыстарда 70 мың қытай әскері ғүн әскерін жеңе алмады. Өз күшімен ғұндарды жеңе алмайтындығына көзі жеткен Қытай билеушілері енді 20 жыл үзілістен кейін басқа көшпелі тайпаларды ғұндарға қарсы айдап салуға кірісті. Біздің заманымызға дейін 71 жылы ғұндар бағындырған елдерді өз жағына тарта бастады. Солардың қатарында үйсін билеушісіне елші жіберіп, некелік байланыстар орнатады. Ғұндар да қарап қалмай, өз кезегінде үйсін күнбиіне (гуньмосына) бір қызын береді. Ал ғұндар мен қытайлықтар арасындағы текетірес одан әрі жалғаса берді. Ғұндар енді қытайлықтардың одақтасы — үйсіндерден кек алуға кіріседі. Үйсіндердегі қытай ханшасы император сарайына хат жолдап, үйсіндерге көмек беруін талап етеді. Қытайдың 100 мың атты әскері ғұндарға қарсы аттанады. Үйсіндердің өзі 50 мың әскер шығарады. Біріккен үйсін-қытай күштеріне қарсы тұра алмаған ғұндардың 39 мың беделді адамдары қолға түсіп, 700 мың малы жаудың қолында қалды. Бұл ғұндар үшін орны толмас ауыр соққы болды. Біздің заманымызға дейін 71 жылы үйсіндерге қарымта шабуылға шыққан ғұндарға шығыстан дунхулар, батыстан үйсіндер шабуыл жасады. Ғұндар әскері ауыр жеңіліске ұшырайды. Бүкіл малдарының тең жартысынан айырылады. Үштен бір бөлігі ұрыс алаңында қаза табады. Адамдарының 3/10 бөлігі аштан өледі. Қытай әскерлері де үш бағытта шабуылдап, мыңдаған әскерді тұтқынға түсіреді. Қытайлықтар ғұндарға қарсы көршілерін айдап салуын жалғастыра берді. Ғұндардан тартып алған жерге әскери еңбек армияларын орналастырады.

Біздің заманымызға дейін 59 жылы Қытай Батыс өңірді басқаратын орган кұрды. Енді ғұндардың өз ішінде де іріткі басталып, билікке талас туған еді. Билікке таласудан, ішкі-сыртқы дағдарыстардан Ғұн мемлекеті ыдырап, біздің заманымызға дейін 55 жылы оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінеді. Хуханье шаньюй бастаған оңтүстік топ — Қытаймен бейбіт қарым-қатынас орнатты. Ал Чжи-Чжи бастаған ғұндардың солтүстік бөлігі Қытайдың қысымымен батысқа ауады.

Біздің заманымыздың Ill ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Қазақстан мен Жетісуға келген ғұн тайпалары V ғасырға дейін өмір сүрген Юэбан мемлекетін құрды. Бұрынғы солтүстік ғұндардың ұрпақтары болып саналған аталмыш мемлекет дәстүрлі тәңірқұты атағын алды.

Деректерде юэбандықтардың тілі ежелгі түрік тіліне жақын болғандығы туралы мәлімет бар.[6]

Ғұндар, хұндар - ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарынын арғы тегі. Біздің заманымызға дейін 1-мыңжылдықта қалыптасқан. Бастапқы кезде солтүстік Қытайда, Моңғолияда, Байкал өңірінде қоныстанған. Ежелгі Қытай жылнамаларында Ғұндар гуй фан, гун руң, хун ю, шиан ю, шиұң ну секілді, т.б. атаулармен берілген. Біздің заманымызға дейін 3 ғасырдыңдың соңына қарай Ғұндар бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды. Ғұндар 24 руға бөлінген, оларды елағасы — бек биледі. Әрбір рудың көшіп жүретін өз жері болды. Жоғары билеушісі "Тәңірқұт "лауазымын иемденген. Қытай деректерінде Ғұндардың жоғары билеушісі "шаньюй" деп аталады. Ғұндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Жылқының асыл тұқымдарын өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Ғұндар дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңтейде болған. Зергерлік өнердегі полихром стилін дүниеге әкелген. Ат үсті ойындарының негізін салған. Көктөңіріне табынын, ата-баба рухына сиынған. Өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырған. Онда, негізінен, мыналар көзделген: "Ұрлық жасап, кінәлі болғанның жері алынады, шайқаста жаудың басын шауып алған немесе оны тұтқынға алған адамға бір кеспек шарап сыйланады, қолға түсірілген олжа соған беріледі, ал тұтқынға алынғандар соның құлдары мен күндері етіледі; ұрыс алаңында қаза тапқан адамның сүйегін кім өкелсе, оның отбасының бүкіл мүлкін сол алады". Ғұндар өз арасында қылмыс жасап айыпты болғандардың бетін тілген. Тілінген беттің тыртығы бұрынғы қынмысын білдіріп тұратындықтан, ондай адамдардың қайта қылмыс жасауға батылы бара бермеген. Себебі, келесі жазаланғанда өлім жазасына кесілетін. Ғұндар соғыс тұтқындарын құл қылып, оларды үй қызметшілері, бақташылар, қолөнершілер және жер жыртушылар ретінде пайдаланған. Ер азаматтарының барлығы дерлік қатардағы жауынгер саналған. Ғұндар әскерінің негізі атты әскерден [7] тұрды. Салт атты жауынгерінің қару-жарағы — садақ, семсер, қанжар, найза, бұғалық (ұры құрық). Ғұндардың жауынгерлік құдіретінен сескенген қытайлықтар ұлы Қытай қорғанын салдырған. Ғұндардың күшті мемлекет болып отыруы кытайлықтарға ұнамады. Олар ғұндарды әлсіретудің жолын іздеді. Біздің заманымызға дейін 209 жылдан Ғұндарды Мөде басқарды. Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, күйрете соққы берді. Кескілескен күресте әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін ғұндардың Ордостағы көшіп жүретін жерлерінен дәмеленуден бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу Мөденің алдында бас иіп, онымен "тыныштық және туыстық туралы шартқа" қол қоюға мәжбүр болды. Бұл шарт бойынша ол Мөдеге өзінің ханшасын әйелдікке беруге және жыл сайын "сыйлық" ретінде салық төлеп тұруға міндеттенді, кейін ол салықты үнемі төлеп тұрды. Шығыста Мөде "шығыс ху" тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына, шамамен алғанда, Керулен және Онон алқаптарында мекендеген сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Батыста юечжи тайпаларына жорықтар жасады. Бұл кезде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейін созылып жатқан аумақ Ғұндардың қол астына түсті. Біздің заманымызға дейін 201 жылы жорықта ғұндар Алтай тайпаларын түгелдей дерлік бағындырды. Біздің заманымызға дейін 177 жылға қарай Тынық мұхиттан Каспий тауының жағалауына дейінгі жерлерді өздеріне қаратты. Осылайша ғұндар мемлекеті құрамына дунху, юечжи, гянгунь (қырғыз), үйсін, қаңлы, т.б. тайпалары кірді. Біздің заманымызға дейін 1 ғасырдың орта шеніне қарай империяға айналған ғұндар мемлекеті толассыз қанды соғыстан, ұшыға түскен тақ таласынан, бір орталыққа бағынғысы келмеген күштердің әсерінен әлсірей бастады. Нәтижесінде біздің заманымызға дейін 56 жылы Ғ. Хуханье бастаған оңтүстік жене Чжичжи (Шөже) басшылық еткен солтүстік топтарға бөлінді. оңтүстік Ғ. Ордос өңірін мекендеп қалды да, солтүстік ғұндар өз тайпаластарының қысымымен Саян және Байкал өңіріне ығысты. Біздің заманымызға дейін 49 жылы Чжичжи Хань империясының боданына айналған оңтүстік ғұндардың жерін басып алуға, сол арқылы бірлікті қайта орнатуға әрекет жасады. Бірак оның Бұл әрекетінен нәтиже шықпады. солтүстік ғұндарды 87-93 жылдары қытайлардың сяньби және динлин тайпаларының бірлескен одағы талқандалды. Жеңіліске ұшыраған солтүстік ғұндардың бір бөлігі 5 ғасырда Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияда өз мемлекетін құрып, Ауғанстан мен Иранды, Үндістанның біраз бөлігін жаулап алды. Хань империясының бодандығындағы оңтүстік ғұндар 304 жылы көтеріліс нәтижесінде Лю-хан атты өз мемлекетін құруға мүмкіндік алды. 318 жылы Лю-хан мемлекеті Үлкен Чжао және Кіші Чжао болып екіге бөлінді. 329 жылы Кіші Чжао Үлкен Чжаоны және солтүстік Қытайды бағыңдырды. 350 ж. шыққан тегі қытай болып келетін Кіші Чжаоның қолбасшысы Жан Мин мемлекет билігін тартып алын, Кіші Чжаодағы ғұндардың көп бөлігін қырып тастады. Бұл көп ұзамай Кіші Чжаоның құлауына алын келеді. оңтүстік ғұндар 4 ғасырдың соңына қарай қайта күшейе түсті. 5 ғасырдыңдың бас кезінде олардың әйгілі қолбасшысы Хэлян Баба Ся патшалығын, ал Мэн Сун көсем Бэй Лян патшалығын құрды. Ордос пен Нанынан (қазіргі ҚХР-дің Ганьсу провинциясы) өңірінде құрылған осы екі мемлекет 439 жылы тобғаштардың (тоба) шабуылы нәтижесінде қирады. солтүстік ғұндардың Еділ-Жайықтағы үлкен бөлігі 4 ғасырдың 2-жартысында Қара теңіз жағалауын, Днестрге дейінгі өлкені бағындырды. Сарматтарды тізе бүктірген соң аландарды талқандады. 375 жылы остгот, герул, генид, сақ тайпаларын бағындырын, Қап тауына жорық жасады. Ғұндардың Батысқа жорығы "халықтардың ұлы қоныс аударуына" түрткі болды. Ғұндар Еуропада өз империясын құрды.[8]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 ISBN 978-601-282-026-3
  2. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8
  3. Ежелгі Қазақстан тарихы. Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. Алматы : " Атамұра " 2009
  4. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том
  5. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
  6. Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4
  7. Чека Улпиано (1860-1916), "Ғұндар Еуропада "
  8. Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Huns