Этрустар
Этрустар көне тайпа. Б.з.б. 1-мыңжылдықта Апенин түбегінің солт.-батысын мекендеген. Ғалымдардың есептеуінше, Этрустардың этникалық қалыптасу үрдісі б.з.б. 8 ғ. қарсаңында аяқталған. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде алынған мәліметтер Этрустарда б.з.б. 7 ғ-дың өзінде-ақ ел экономикасы өркендеп, қоғамдық қатынастарының дамығандығын айқындайды. Далалық жұмыстар барысында Этрустардың молалары, қала-қамалдары аршылған. Кейіннен мұндағы қала-қамалдар аумағы ұлғайып, бірқатары дербес қала-мемлекеттер ретінде әлемге танылды. Б.з.б. 7 ғ-дың соңында өз алдына мемлекет болған 12 қаланың конфедерациясы (Популония, Ветулония, Тарквиния, Цэрэ, Перузия, т.б.) біршама уақыт ішкі-сыртқы саясатты келісіп жүргізеді. Нәтижесінде олардың сауда қатынастары Грекияға, Карфагенге, Орталық Еуропаға дейінгі аймақтарда дамыды. Этрусктардың ықпалы оңтүстікте Кампанияға дейін, солт-те По аңғарына дейін жетті. Этрустардың мәдениеті дамып, ол өркениеттік дәрежеге жетеді. Б.з.б. 6 ғ-да Фельсина (Болонья) қаласының, кейіннен Мельпум (Милан) мен Спина қалаларының негізі қаланды. Бірақ көп ұзамай Этрустерге солт-те кельттермен, оңт-те Риммен соғысуға тура келді. Б.з.б. 4 – 2 ғ-ларда болған соғыстарда олар Римнен жеңіліп, олардың үстемдігін мойындауға мәжбүр болды. Дегенмен Этрустар Рим мәдениетінде өз қолтаңбасын қалдыра білген халықтардың бірі болып табылады. Қазіргі тарих ғылымында олардың қайдан келгендігі, әлемдік өркениетке қандай жетістіктер әкелгендігі жайлы пікірталас әлі де көп. Геродоттың мәліметтеріне қарағанда, Этрустар қазіргі Түркияның батыс жағалауларынан келіп, жергілікті вилланова мәдениетін қалдырған тайпаларды бағындырған да, Италия жерінде өз қалаларын тұрғызған. Ғалымдардың келесі бір тобы вилланова мәдениетінің өкілдері сауданың арқасында шығыс өркениетін қабылдаған деп пайымдайды. Зерттеушілердің басқа бір бөлігі Этрустар Италияға б.з.б. 2-мыңжылдықта шағын топ болып келген деп есептейді. Қалай болғанда да, Италия мәдениетінен Этрустар ерекше орын алады. Мұны сан алуан мағлұматтар қалдырған археол. ескерткіштер де (Марцаботто, Тарквиния, Черветери, т.б.) растайды. Д. Байғонақов [1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]<references>
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том