Электр желісі — электр энергиясын өндірілетін орындардан (мысалы, электр станциясынан) тұтынушыларға жеткізуге әрі оларға бөліп таратуға арналған құрылғылардың (трансформаторлық және қосалқы тарату станцияларының, әуе желілерінің және кабельдік желілердің) жиынтығы.
Ол қалалық, аудандық, ауылдық, өнеркәсіптік, энергетикалық электр желісі болып, сондай-ақ электр энергиясын тарату, қоректендіру желілері болып та ажыратылады. Электр энергиясын алысқа таратып жеткізу үшін жоғарылатқыш трансформатор станциясында ток кернеуі жоғарылатылады. Кернеу артқанда ток күші кемитіндіктен, қуат шығыны азаяды, сөйтіп өткізгіш сымдардың жуандығын дардың жуандығын жіңішкерту мүмкіндігі туады. Төмендеткіш қосалқы станциясында кернеу тұтынушылардың пайдаланылуына қажетті шамаға дейін төмендетіледі. Белгілі бір кернеулі токты өзгеріссіз қабылдауға әрі бөліп таратуға арналған қосалқы станция бөліп таратушы деп аталады. Әр түрлі кернеулі электр желілерін өзара қосу үшін желілік қосалқы станцияларда орнатылған жоғарылатқыш және төмендеткіш трансформаторлар қолданылады. Қосалқы станцияларда трансформаторлардан басқа коммутациялы аппараттармен жабдықталған жоғары және төмен кернеулі бөліп тарату және бақылау, басқару құрылғылары болады. Әрбір электр желінің электртехникалық жабдықтары жұмыс істейтін номинал кернеумен сипатталады. Біздің елде пайдаланылатын номинал кернеулер: 220/127, 380/220 және 600 В және 3, 6, 10, 20, 35, 110, 150, 220, 330, 500, 750 кВ.