Футбол

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Футбол
Санаты

Командалық ойын

Командадағы спортшылар

11

Құрал-жабдық

футбол добы

Алғашқы жарыстар
Жылы

1872

Әлем чемпионаты

1930 жыл

Халықаралық федерация
Атауы

ФИФА

Қаланған уақыты

1904 жыл

Федерация басшысы

Джанни Инфантино

Сайты

https://www.fifa.com/

Қатысты жобалар

Санат:Футбол

Портал:Футбол

Ортаққордың логотипі Ортаққордағы медиафайлдар

Футбол (ағылш. foot — аяқ, ball — доп) — спорттың командалық ойын түрлерінің бірі. Футбол – әлемге аса танымал ойындардың бірі[1][2][3][4]. Ойынның негізгі мақсаты қарсылас команданың қақпасына аяқпен немесе басқа да дене мүшелерімен (қолдан басқа) қарсылас команда салған саннан көбірек доп салу болып табылады.

Матч сипаттамасы (ережелері)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Футбол ережелері
Футбол алаңы

Халықаралық футбол ассоцияцияның (IFAB)[5] әртүрлі деңгейде және әр түрлі футболшылар топтары үшін (мысалы, жасөспірімдер үшін, әйелдер үшін, мүмкіншілігі шектелген адамдар үшін және т.б. үшін) ресми түрінде қабылданған ойын шарттарының 17 нұсқасы бар.

Әр командада максималды 11 ойыншы (қосалқы ойыншыларды санамағанда), оның біреуі — қақпашы. Өз айып алаңында қақпашыдан басқа ойыншы допты қолымен ұстауға болмайды.[6]. Қақпашыдан басқа ойыншылар қорғаушылар, жартылай қорғаушылар, шабуылшылар болып бөлінеді.

Бір ойынның аты - матч, матч екі 45 минуттық бөлімнен (тайм) тұрады. Ойын арасында 15 минуттық үзіліс бар.

Ойын мақсаты - команданың допты қарсылас команданың қақпасына салу (гол) және өз қақпасына салғызбау. Матчта көбірек доп салған команда ұтады.

Егер де матчтың нәтижесінде екі команда да бірдей гол салса - тең ойын деп саналады. Бұл жағдайда тағы қосымша уақыт (15 минуттан екі рет) берілуі мүмкін. Егер де қосымша уақыттан кейін тең ойын болса - матчтан кейінгі пенальти жүптары өткізіледі[7].

Ойын алаңы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ойын алаңының ұзындығы 100-110 м, ені 64-75 метрлік тіктөртбұрышты алаңда өткізіледі. Биіктігі 2 м 44 см, ұзындығы 7 м 32 см-лік 2 қақпасы бар. Қақпалардың сыртына тор керіледі.

Футболшылардың ойын кезінде ережеден мүлт кетпеуін алаңдағы төреші және оның екі көмекшісі – алаңның екі бүйіріндегі шектеу сызықтарда тұрып бақылайды. Егер ойыншы спортқа қайшы әрекет жасаса немесе төрешінің қабылдаған шешімімен таласса, Бас төреші сары карточканы көрсетіп, ескертуге міндетті. Егер ойыншы ойынды дөрекі бұзса не бұзақылық жасаса төреші қызыл карточканы көрсетіп, ойыншыны алаңнан аластатуға құқы бар.

Техникалық ойыншы допқа ие болып, дәлме-дәл пас жасайды, допты баспен ұрып, қарсыласын алдайды, қақпаны көздеп шабуыл жасай алады. Допқа ие болу деп, допты тебер алдында не пас жасарда доптың қозғалысын баяулату немесе тоқтатуды айтады. Жоғарыдан ұшып келе жатқан допты аяқтың басына салып тоқтатып, аяқты көтеріңкіреп және босаңсытып, сосын доппен бірге төмен түсіру керек.

Ойын тәсілі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Футбол ұжымдық ойын болғандықтан, команданың барлық он бір ойыншысының ойын тәсілдерін түгел әрі шебер орындай білуі шарт деп саналады. Команданың қабыл алған ойын жүйесіне байланысты футболшылар алаңда нақты орындарда тұрады. Ойыншылардың алаңда орналасу жүйесі әртүрлі болады, оларды таңдау командадағы ойыншылар құрамасының қалай іріктелуіне байланысты.

Қазіргі күні көптеген командалар шеткі қорғаушылар да жиі шабуылға қатысатындай 4-3-3 үлгісінде ойнайды. Мына әдіспен орналасқанда «тазалықшы» төрт қорға-ушының сырт жағында тұрып, олардың қате кеткен жерлерін жөндейді. Қақпашы шабуылдаушыға «шабуыл бұрышын» тарылтып, тосқауыл қою үшін ұмтылып келеді. Баспен қысқа пас беру арқылы әріп тесіңнің шабуылдауына көмектесесің. Қақпаны бойлай баспен пас жасау, қорғаушыны шатастырып, гол салатындай жағдай тудыруы мүмкін. Қорғаушылардың ойыны зоналық ойыншыларды немесе жеке ойыншыны бақылауды міндетіне алу принципіне құрылады. Бірінші жағдайда, қорғаушы алаңның «өз» бөлігіне ғана жауап береді. Жеке ойыншыны бақылағанда әр қорғаушы қарсылас команданың нақты бір ойыншысына бағытталған, тіпті, сөзбе-сөз айтқанда, оның із өкшесінен қалмайтын әрекет жасайды. Қай сызықта ойнап жүрсең де бәрібір. Бастысы, допсыз орын ауыстырудың маңызы доп сенің аяғыңда болғандығынан еш кем емес екенін ұмытпау керек.

Футбол добы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Футбол добы

Футбол добының салмағы 396-453 г, диаметрі 68-71 см.

Ойын шарттарын бұзу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
сары карточка мен қызыл карточка

Ойын шарттарын бұзушылықты фол деп атайды. Бірінші рет тәртіп бұзған үшін - сары карточка беріледі, ал екінші қайталаған үшін - қызыл карточкамен ойыншыны ойын алаңынан шығарады.

Фол (тәртіпті бұзу)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ең жиі болатын тәртіп бұзулар:

  • Қарсы команда ойыншысын аяқпен тебу
  • Аяқпен қағу
  • Бәсекелеске секіру
  • Бәсекелеске шабуыл жасау
  • Қолмен итеру
  • Бәсекелесті ұрып-соғу т.б.
  • Қақпашыдан басқа ойыншылардың допты қолмен ойнауы

Тәртіпсіздік

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Футболда тәртіпсіздікке:

  • төбелес шығару
  • түкіру
  • балағат сөздер мен қылықтар т.б. жатады
  • талапқа бағынбау
Англия мен Шотландия арасындағы матч, 1872 жыл

Футбол тарихы XII ғасырдан басталады. Алғаш рет Англияда дамыды. Саяхатшы Гастон де Фуа өз заманында футболды бар ынтасымен бақылап, «Ағылшындар футболды ойын деп есептесе, онда төбелесті не дейді?» деп жазып кеткен екен. Футболға қарсылық көрсеткендер болды. Мысалы, шіркеудегі діндарлар, феодалдар футболға тыйым салынуын талап еткен екен. Өйткені, бүгінгі күнге дейін футбол өте қауіпті ойын саналып келеді.

Футболдың таралу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Футболдың алғаш 1863 ж. Англияда арнаулы ережесі бекітіліп, тұңғыш қауымдастық құрылды. Сондықтан Англия аталмыш спорт түрінің отаны болып есептеледі. Бірақ футболға ұқсас аяқ -доп ойынының түрлері ежелгі Мысыр, Қытай, Грекия, Римде, ал онан кейінірек Франция мен Италияда дамыған. Кейін бұл спорт түрі біраз өзгерістерге ұшырап, футбол деген атаумен бізге жетті.

19-ғасырдың соңына қарай футбол Еуропа мен Латын Америкасы елдеріне кеңінен тарай бастады. 1904 жылы халықаралық футбол федерациясы (FIFA), 1954 жылы Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) құрылды. 1900 жылдан бастап олимпиялық ойындар бағдарламасына енген. 1930 жылдан бастап төрт жылда бір рет әлем чемпионаты және 1958 жылдан бастап Еуропа кубогы үшін жарыстар өткізіліп тұрады.

Қазақстан футболының таралу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанға футбол 1909-1910 жылдары келді. Әуелі Орал, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Семей, Петропавл қалалары жастарының ермегіне айналған өнер, бара-бара бұқаралық сипат алды. Қолда бар деректер бойынша алғаш команда құру 1911 жылдан басталған. Семейде М.Сайдашев, А.Кәрімов, Ю.Нығматулин, т.б. жергілікті қазақ және татар жастарынан тұратын Жарыс командасын құрып, көптеген өнерпаздар мен спортшылардың елге танылуына себепкер болды. Сол команданың құрамында ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы болып ойнаған. 1914 жылы семейліктер алғаш рет Томск қаласының политехникалық институты студенттерімен жолдастық кездесу өткізді. Бұл Қазақстан футболының кіндігі кесілген жыл болып есептеледі. 20 ғасырдың 30-жылдарына дейін әр қала өздерінше күш сынасып жүрді, алайда республикалық деңгейде жарыстар болмағандықтан, шеберлік баяу дамыды. 1937 жылы Алматының динамошылары “Шығыс қалалары” тобында 3-орынды иеленді. Сол жылдың қазан айында жолдастық кездесулер өткізу үшін Одессадан “Консервщик” командасы келді. Одессалықтар Алматы, Семей, Петропавл қалаларында болып, республиканың ең таңдаулы командаларын ойсырата жеңді. Осы жеңілістен қорытынды шығару мақсатында, “Динамо” командасын күшейту жөнінде шешім қабылданды. Жергілікті командалардан ағайынды Вячеслав пен Павел Трофимовтар, А.Вяшняков, А.Громов, Ф.Ткаченко, Ақтөбеден Н.Писяуков, И.Шариков, П.Луценко шақырылды. Одессаның “Консервщик” командасының ойыншылары ағайынды Константин мен Георгий Бедрицкийлер, Н.Чернец, Г.Ананченко және П.Щербаков Динамоның (Алматы) құрамында ойнауға тілек білдірді.

1939 жылы динамошылар Қазақстан чемпионы әрі кубогының иегері атанды. Қазақстандықтар сол жылы КСРО кубогы жолындағы бәсекеде Киевтің динамошыларын тізе бүктірді. Келесі жылы 2004 команда қатысқан ұжымдар арасындағы кубок бәсекесінде топ жарды. Шешуші сында Таганрогтің Торпедо командасын 3:1 есебімен жеңген алматылық динамошылар КСРО кубогын иемденді. Қазақстан футболының атын шығарған команданың құрамындағы 8 ойыншы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Трофимов, Громов, В.Шаповалов сынды футболшылар қан майданнан оралған жоқ. Команда 1947 жылдан бастап КСРО чемпионатында “Б” класында өнер көрсетті. Республикамыздың бас командасы әр жылдары “Динамо”, “Локомотив”, “Урожай”, ал 1956 жылдан бері Қайрат деп аталды.

“Қайрат” өзінің алғашқы халықаралық кездесуін 1957 жылғы 30 қазан күні Финляндияның Ваrса командасымен өткізді. Қайраттықтар 4:0 есебімен жеңіске жетті. “Қайрат” командасы КСРО чемпионатының “А” класына 1960 жылы көтерілді. Олар алғашқы матчын Ленинградтың “Адмиралтеец” командасымен өткізіп, 0:0 есебімен тең түсті. “Қайрат” командасының сапында Т.Сегізбаев, Қ.Ордабаев, С.Байшақов сынды өнер көрсеткен қазақ жастары болды. 20 ғ-дың 50-жылдары “Б” класына Қазақстан командалары көптеп өте бастады. 1958 жылы Қарағандының Шахтер, ал келесі жылдары Шымкенттің “Еңбек”, Өскеменнің “Восток”, Жамбылдың “Металлист”, Павлодардың “Трактор”, Ақтөбенің “Актюбинец”, Целиноградтың “Целинник”, Жезқазғанның “Еңбек” командалары әуелі “Б” класында, кейіннен “А” класында өнер көрсетті.

КСРО тарағаннан кейін, 1992 жылы Қазақстан дербес мемлекет ретінде Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) мүше болды. Сол жылдан бері ҚР-ның өз чемпионаты өтуде. 1992 жылы “Қайрат” (Алматы, 1993 ж. “Ансат” (Павлодар), 1994-1995 жылдары “Елім-ай” (Семей), 1996 жылы Тараз (Тараз), 1997 жылы “Ертіс” (Павлодар), 1998 жылы “Елімай” (Семей), 1999 жылы “Ертіс” (Павлодар), 2000-01 жылдары “Жеңіс” (Астана), 2002-03 жылдары “Ертіс” (Павлодар), 2004 жылы “Қайрат” (Алматы), 2005 жылы “Ақтөбе” (Ақтөбе), 2006 жылы “Астана” (Астана) командалары чемпион болды. Ел кубогы жолындағы бәсекеде 1992 жылы “Қайрат”, 1993 жылы “Достық” (Алматы), 1994 жылы “Восток” (Өскемен), 1995 жылы “Елім-ай”, 1996-97 жылы “Қайрат”, 1997-98 жылдары “Ертіс”, 1998-99 жылдары “Қайсар” (Қызылорда), 1999-2000 жылдары “Қайрат”, 2000-01 жылдары “Жеңіс”, 2001 жылы “Қайрат”, 2004 жылы “Тараз”, 2005 жылы “Жеңіс”, 2006 жылы “Алма-Ата” (Алматы) командалары кубок иегері атанды. 2002 жылы Қазақстан футбол одағы (ҚФО) Азия футбол конфедерациясынан (АФК) шығып, Еуропа футбол одағына (УЕФА) мүшелікке өтті. КСРО құрама сапында Е.Яровенко 24-Олимпия ойындарының (1988, Сеул, Корея) чемпионы болды[9].

Футбол ұйымдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Халықаралық ұйымдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Футболдың таралуын, басқаруын және бақылауын менгеретін бір қатар халықаралық ұйымдары бар. Негізігісі болып Цюрихта (Швейцария) орналасқан ФИФА ұйымы болып есептеледі. ФИФА халықаралық жарыстарды, яғни Футболдан Әлем чемпионаттарын[10].) ұйымдастыру мәселесімен айналысады.

Құплықтық деңгейлерді халықаралық жарыстармен 6 ұйым айналысады:КОНКАКАФ, КОНМЕБОЛ,УЕФА, КАФ, АФК (Африка), ОФК (Океания).

Негізі футболдың дамыған жері - Еуропа. Ең бақуатты 20 футбол клубтары осы еуропада орналасқан. 2006 жылғы әлем чемпионатына қатысқан 700 футболшының 102 - Англиядан, 74 — Германиядан, 60 — Италиядан, 58 —Франциядан болған.

Футболшылар командалары дара ұйымдарға біріктірілген. Бұл ұйым, яғни футбол клубы, футболшылар мен басқа ұйымдардың арасындағы байланысты жасайтын буын.

1977 жылы Тунисте алғаш рет жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Жасы 19-ға дейінгі жас футболшылар 16 ұлттық құрамадан алынды. Жастар арасындағы чемпионат тізімінің тұсауын КСРО футболшылары кесті.[11]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Overview of Soccer. Encyclopædia Britannica. Басты дереккөзінен мұрағатталған 12 маусым 2008. Тексерілді, 4 маусым 2008.
  2. Guttman Allen The Diffusion of Sports and the Problem of Cultural Imperialism // The Sports Process: A Comparative and Developmental Approach / Eric Dunning, Joseph A. Maguire, Robert E. Pearton — Champaign: Human Kinetics, 1993. — P. 129. — ISBN 0-88011-624-2.
  3. Dunning Eric The development of soccer as a world game // Sport Matters: Sociological Studies of Sport, Violence and Civilisation — London: Routledge, 1999. — P. 103. — ISBN 0-415-06413-9.
  4. Team Sports // Catastrophic Injuries in High School and College Sports — Champaign: Human Kinetics, 1996. — P. 57. — ISBN 0-87322-674-7.
  5. Laws Of The Game. FIFA. Басты дереккөзінен мұрағатталған 1 қыркүйек 2007. Тексерілді, 2 қыркүйек 2007.
  6. Laws of the game (Law 3–Number of Players). FIFA. Басты дереккөзінен мұрағатталған 13 қыркүйек 2007. Тексерілді, 24 қыркүйек 2007.
  7. Правило 8. Начало и возобновление игр. football-info.ru. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 маусым 2013. Тексерілді, 14 маусым 2013.
  8. Футбол тарихы.
  9. Футбол.
  10. ФИФА. Большая советская энциелопедия. Басты дереккөзінен мұрағатталған 16 маусым 2013. Тексерілді, 15 маусым 2013.
  11. Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том