Төл сөз
Төл сөз — бөгде сөздің еш өзгеріссіз, түпнұсқасы сақтала отырып қолданылған түрі. Сөйлемде басқа біреудің сөзі Төл сөз болады да, сөйлеуші не жазушы адамның сөзі автор сөзі болады.
Төл сөз құрамы жағынан әр түрлі болып келеді, оның жеке сөз не сөйлем болуы да, сондай-ақ бірнеше сөйлемдер тізбегінен құралған тұтас бір мәтін болуы да мүмкін. Төл сөз қандай құрамда, қай мағынада айтылса да, автор сөзімен байланыста болады. Екеуара байланыс Төл сөздің бастапқы құрылымына ешқандай өзгеріс енгізбей, өз дербестігін толық сақтаған жағдайда, де көмекші етістігі арқылы жүзеге асады.
Төл сөз автор сөзінен өзіндік интонация арқылы ерекшеленеді, сөздердің орын тәртібі еркін болады.[1] Мысалы,
Құнанбай тыңдап болды да: Жарайды, айтам деп әкелгенің екен. Бірталай жерге жеткізіп айттың. Енді осымен тоқталайық! – деді, (М.Әуезов).
Төл сөздің тыныс белгілері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Төл сөз автор сөзінен бұрын орналасса, төл сөз бас әріппен жазылып, тырнақшаға алынады не алдынан сызықша қойылады. Егер төл сөз хабарлы сөйлем болса, соңына үтір, сұраулы сөйлем болса, сұрақ белгісі, лепті сөйлем болса, леп белгісі қойылып, автор сөзінің алдынан сызықша қойылады. Мысалы, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар деген нәрселермен озады», – деген ұлы Абай. – Бекбергеннің қызын неге алып қашпақ болдыңдар? – деп сұрады үй иесі менен.
- Төл сөз автор сөзінен кейін тұрса, автор сөзінен кейін қос нүкте қойылып, төл сөз не тырнақшаға алынады, не алдынан сызықша қойылады. Мысалы, А. Жұбанов былай деген: «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті». Әйел бір төбенің басына шығып алып былай деді: – Менің атым – әйел, мына қыздың анасымын.
- Төл сөз автор сөзінің ортасына орналасса, автор сөзінен кейін қос нүкте қойылып, төл сөздің алдынан не сызықша қойылады, не төл сөз тырнақшаға алынады да, төл сөзден кейін не үтір, не сұрақ белгісі, не леп белгісі қойылады. Мысалы: Әйтілес қарт: – Аттың құлағында ойнайтын жас кезіміз, – деп бастады әңгімесін.
- Автор сөзі төл сөздің ортасына орналасса, төл сөз тырнақшаға алынып немесе алдынан сызықша қойылып, автор сөзінің алдынан да, соңынан да сызықша қойылады да, төл сөздің екінші бөлігі кіші әріппен жазылады. Мысалы, «Осы бір тегін адам болмаған шығар, – деді Жалпақ балуан, – түнейік осы молаға».
- Бір төл сөздің ішінде екінші төл сөз келген жағдайда алқашқысының алдынан сызықша қойылып, соңғысы тырнақшаға алынады. Мысалы, – Қазақ халқында «Ұлық болсаң, кішік бол» деген нақыл бар, – дегенді жиі айтатын ол.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9