Мазмұнға өту

Тежелу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Тежелуфизиологияда қозуды басатын немесе әлсірететін белсенді жүйкелік процесс; белгілі бір әрекеттің бәсеңдеуі немесе тоқтауымен сипатталатын құрылымдардың ерекше биологиялық күйі. Тежелу шеткі органдарға да, орталығы жүйке жүйесіне де тән. Орталығы жүйке жүйесіндегі Тежелу процесін алғаш рет И.М. Сеченов ашқан (1862), физиологияда мұны Сеченов тежелуі деп атайды. Орталығы жүйке жүйесінде тежелудің 2 түрі байқалады.

  1. бастапқы тежелу орталығы жүйке жүйесіндегі арнаулы тежелу нейрондардың әрекетінің нәтижесінде туындайды;
  2. салдарлық тежелу арнаулы тежелу құрылымдардың қатысуынсыз, қозу процесін тудыратын нейрондарда пайда болады.

Бастапқы тежелу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бастапқы тежелудің бірнеше түрі бар:

  1. постсинапстық тежелу – постсинапстық мембранада өршіген гиперүйектену нәтижесінде тежелу постсинапстық потенциалдың әсерінен пайда болады. Мұны 1951 жылы австралиялық нейрофизиолог Дж. Экклс аяқтың бүккіш және жазғыш еттерінің қызметін реттейтін жұлынның қозғағыш нейрондарының биопотенциалдарын зерттеу нәтижесінде ашқан. Аяқтың бүккіш еттері қызметін реттейтін орталығы қозса, оның жазғыш еттері қызметін реттейтін орталықтартың тежелетіні белгілі. Тежелудің бұл түрі орталығы жүйке жүйесінің барлық бөлімдеріндегі кереғар орталықтартарды өзара байланыстаратын аралық нейрондарда кездесіп, жүйке орталықтартарының арасында қозу және тежелу процестерінің таралуын бағыттап, келістіріп отыратындықтан, оны үдемелі постсинапстық тежелу деп те атайды; постсинапстық тежелудің арнаулы тежелу нейронның (Реншоу жасушаларының) қатысуымен туындайтын түрі – қайтарымды (анитромды) тежелу болады. Қозғағыш нейрон неғұрлым күшті қозса, не оның аксоны арқылы қаңқа еттеріне күшті импульстер неғұрлым көп бағытталса, соғұрлым Реншоу клеткалары күшті қозып, ол қозғағыш нейрондар белсенділігін төмендетеді. Бұл қозғағыш нейрондарды шектен тыс қозудан сақтайтын механизм болып табылады. Постсинапстық тежелу стрихнин мен сіреспе токсинының әсерінен тоқтайды. Тежелудің бұл түрін басып тастаса орталығы жүйке жүйесіндегі қозу процесінің заңдылығы бұзылып, соның нәтижесінде дене құрысып, ет тартылады;
  2. пресинапстық тежелу қоздырушы медиатрлардың азаюынан пайда болады. Тежелудің бұл түрінің биологилық маңызы – афференттік импульстердің жүйке орталықтартарына бағытталуын шектеуінде, яғни афференттік сигналдарды екшеп отыратын механизм болып табылады. Соның нәтижесінде жүйке орталықтартарына күшті афферентік импульстер ғана өткізіледі де, олар мәні аз, әлсіз импульстерден қорғалып, олар өңдеуден босатылады.

Салдарлық тежелу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Салдарлық тежелудің 3 түрі бар:

  1. пессималды тежелу жүйке орталықтарна оның қызмет атқару мүмкіндігі мен лабильділігінен жоғары, тым күшті әрі жиі импульстердің әсер етуінен пайда болады;
  2. парабиоздық тежелу орталығы жүйке жүйесінің лабильділігі күрт төмендеп, бір мезгілде бірнеше афференттік жолдың қозуынан туындайды. Мысалы, жарақаттан есеңгіреу кезінде байқалады;
  3. қозудан кейінгі тежелу – нейрондарда қозудың аяқталуы.

Шартты және шартсыз тежелу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шартты рефлекторлық әрекетті зерттей келе И.П. Павлов шартты және шартсыз тежелуді ашты.

  1. Шартсыз тежелу бүкіл жүйке жүйесіне тән құбылыс. Ол тез пайда болады да, онша ұзаққа созылмайды. Тежелудің бұл түрі сыртқы Тежелу және шектеу болып бөлінеді. Шартты тежелу ми қыртысына ғана тән құбылыс. Ол біртіндеп қалыптасады да, ұзаққа созылады. Оның өшу, жіктеу, бөгеу, шартты тежелу деген түрлері бар. Шартты тежелу ми қыртысын тіршілік маңызын жоғалтқан шартты рефлекстік байланыстардан тазартады, организм көптеген маңызы төмен шартты рефлекстік реакциялардан арылады, сыртқы орта жағдайларына дәлірек бейімделеді, үлкен ми жарты шарларында талдау және жинақтау процестері дәл және нақтылы атқарылады.[1][2]
  1. Шартты тежелу бірте бірте ми қыртысында ғана пайда болады. Оны кейде ішкі тежелу дейді. Шартты тежелу кезінде бұрын пайда болған шартты рефлекстер жойылады. Шартты тежелудің пайда болуына шартты тітіркендіргіштердің шартсыз тітіркендіргіштермен күшейтілмеуі себеп болады. Мысалы, егерде итте жарықтың әсерінен пайда болған рефлексті тамақ беріп күшейтпесе, шартты рефлекс бірте- бірте жойылады. Табиғи жағдайда ағзаларда күшейтілмеген шартты рефлекстер жойылады. Олардың орнына жаңа табиғи жағдайларға сәйкес жаңа рефлекстер пайда болады. Шартты тежелудің тағы бір түрі - жіктелген тежелу. Егерде тітіркендіргіштердің бірі шартсыз тітіркендіргіштермен күшейтілмесе, сол тітіркендіргіштің әсерінен шартты рефлекс түзіледі. Күшейтілмеген тітіркендіргіштердің әсерінен шартты рефлекс түзілмейді. Жануарларға жүргізілген тәжіребиелерден жануарлар мен адам жоғары жүйке қызметінің жалпы заңдылықтарының ұқсастықтары байқалды. Адам жоғары жүйке қызметінің өзіне тән сапалы ерекшеліктері бар. Адамның ми қыртысы жүйке қозу толқындарын өте дәлдікпен талдап, қорытуға қабілетті. Сонымен бірге адамның ми қыртысы сыртқы ортаның құрылыстарын толық және саналы түрде қабылдай алады. Адамның жоғары жүйке жүйесінің басты айырмашылығы сөзге тікелей байланысты. Осындай айырмашылығына сүйеніп, И. П. Павлов бірінші және екінші сигналдық жүйе туралы ілімін жасады.


Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
  2. Әлімқұлова Р., Сәтімбеков Р. Ә 55 Биология: Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. - 2-басылымы, өңделген, толықтырылған. - Алматы: Атамұра, 2008. - 320 бет. ISBN 9965-34-812-Х