Тасжарған

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Тасжарған (Saxіfraga) – тасжарғандар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар), Күнгей, Іле Алатауларының альпілік, субальпілік белдеулерінде, өзен, бұлақ, тұма жағалауларында, жартастар мен тастақты беткейлерде өсетін 10 түрі бар, ең жиі кездесетіндері – батпақ тасжарғаны (S. hіrculus) мен нүктелі Тасжарған (S. punctata).

Тамырсабағы жерге көлбей төселіп, топыраққа жайылып өседі. Сабағы тік, топтанып не жеке-жеке дамиды. Топтанып өскен сабақтары шым түзеді. Сабағында безді және жай түктері бар. Дамымай қалған жапырақтарының шырынды, қалың сағақтарымен жабылған түйнекті-бүршік түзетін жер асты өркендері болады. Жапырақ тақтасы тегіс жиекті, араларында тілімделгендері де (3-ке, 5-ке, т.б.) кездеседі. Олардың пішіндері қандауыр, ромб, бүйрек, жүрек, т.б. тәрізді. Гүлдері 4 – 8-ден топтанып қалқанша, 2 – 7-ден – сыпыртқы не масақ гүлшоғырын түзеді. Олар сабақ ұшында жетіледі не 2 – 3-тен жеке орналасады. Жеке гүлінде бір-бірімен тұтасып, кіріккен 5 тостағанша, ақ, жасыл, ашық сары, қызғылт, сарғыш қызыл түсті 5 күлтесі, 10 аталығы, жатыны 2 ұялы аналығы болады.

Көпшілік түрлерінде протандрия (гүл аталықтарының аналықтарынан ертерек пісіп жетілуі) байқалады; көп жағдайда жәндіктер арқылы, кейбір түрі өздігінен тозаңданады. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі – көп тұқымды, қос мүйізді қауашақ. Тасжарғандардың көпшілік түрін бау-бақшалар мен үйде сәндік үшін өсіреді.[1]

Табиғатта таралуы.

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Республикамыздың Көкшетау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Талдықорған, Алматы облыстарының қарағайлы ормандары арасында, сазды, батпақты жерлерде, жартылай далалы – орманды алқаптарда өседі. Дәрілік шикізат ретінде күзде немесе ерте көктемде өсімдіктің тамыры қазап алынып, кептіріледі. Кептірілген тамырдың өткір өткір иісі және өте ащы дәмі болады.

Химиялық құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өсімдік тамырының құрамында дубильдік заттар, эфир майлары, сапониндер, смолалар, ащы заттар, камедь және басқа да заттар бар.

Қолданылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мал дәрігерлігі практикасында тасжарғанның тамыры қақырық түсіретін, зәр жүргізетін, асқазан – ішек жұмысын реттейтін, нерв жүйесін тыныштандыратын дәрі ретінде қолданылады. Өсімдік тамырының суданашар еруіне байланысты, оның көбінесе спирттік тұнбасы пайданылады. Тұнба жасау үшін 50 грамм майдаланып, туралған тамыр 70 градустық 150 мл этил спиртінде 7 – 10 күн бойы ашытылады. Сөйтіп суға араластырып бұзау мен құлынға – 3 – 8 мл, қозыға – 2 – 3 мл, қойға – 3 – 5 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.[2] [3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Қазақстанның дәрілік өсімдіктері. Іскендіров Әбіш. Алматы "Қазақстан" 1982, 188 бет.
  3. Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану. - Алматы: Қайнар, 1988. - 248б.

Шәріпбаев Н. Малдың тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеу үшін қолданылатын дәрілік өсімдіктер // Мүйізді шөңгебас — "Қайнар", 1988. — Б. 240. — (Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану). — 5700 таралым. — ISBN 5 - 629 -00074 - 5.