Мазмұнға өту

Тайдула Бегім

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Тайдула Бегім, Тайтұғлы, Тайдуалы (туған жылы белгісіз – 1360) – Жошы ұлысының ықпалды қайраткері. Өзбек ханның әйелі, Жәнібек пен Тыныбек хандардың анасы.


Еділ бойы мен Қырымда билік жұргізген бектің қызы. Өзбек ханның бәйбішесі Баялун қайтыс болғаннан кейін оның орнына таққа отырды. Тақ мұрагері әрі өз баласы Тыныбекке қастандық ұйымдастырып, екінші баласы Жәнібектің таққа отыруына қолдау көрсетті. Жәнібек билік еткен кезінде Алтын Орданың ішкі және сыртқы саясатына қызу араласты. Христиан дініне қамқорлық танытты. Оны Жәнібектен қысым көрген орыс князьдері пана тұтты. Рим папасы XҚҚ Бенедикт Тайдула бегімді “Солтүстік Татарияның патшайымы” деп атаған. 1349 жылы Венеция дожы Андреа Дандоло (1343 – 54) хат жолдап, оны “көрнекті мемлекет билеушісі, татарлардың патшайымы” деп танитынын білдірген. Тайдула бегім есімі араб, түркі тілдеріндегі деректерде, орыс жылнамаларында жиі кездеседі. 1334 жылы Жошы ұлысына келген араб саяхатшысы ибн Баттута Тайдула бегімнің қабылдауында болған. 14 ғасырдың 40 – 50-жылдары Еділ өзенінің батыс жағындағы Үкек, Сарықамыс, Бездеж, Гүлістан секілді қалалар Тайдула бегімнің Моғұлбүкі, Құтлыбүкі және Орысбүкі деген бауырлары мен туыстарының иелігінде болды. Тайдула бегімнің өзі де Тула қаласына иелік етті. 1359 жылы Тайдула бегімнің бауыры Құтлыбүкіні (Мамайдың әкесі) Қырымның билеушісі етті. 1360 жылы оның қолдауымен Наурызбек Мұхаммед таққа отырды. Шибан ұрпағы Хызыр билікті тартып алған соң Тайдула бегімен бірге оның бауырлары мен туыстарын да өлтіртті.[1][2][3][4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Юргевич В.Н., Рассказ римско-католического миссионера доминиканца Юлиана о путешествии в страну приволжских венгерцев, совершенных перед 1235 годом, и письма папы Венедикта XҚҚ к хану Узбеку, его жене Тайдолю и сыну Джанибеку в 1340 ж. // Записки Одесского общества истории и древностей, Одесса, т. 5, 1863; Золотая Орда в источниках, т. 1, М., 2003
  2. Григорьев А.П., Сборник ханских ярлыков русским митрополитам: Источниковедческий анализ золотоордынских документов, СПб., 2004
  3. Григорьев А.П., Григорьев В.П., Коллекция золотоордынских документов XҚV века из Венеции: Источниковедческое исследование, СПб., 2001.
  4. "Қазақ Энциклопедиясы", 8 том