Сыдық Мұхамеджанов
Сыдық Мұхамеджанов | |
Туған күні | |
---|---|
Туған жері |
қазіргі Үлкенбұлақ, Шет ауданы, Қарағанды облысы, РКФСР, КСРО |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері | |
Азаматтығы | |
Ұлты |
қазақ |
Қызметі |
Сыдық Мұхамеджанов (1924 жылы, Қарағанды облысындағы Шет ауданының Үлкенбұлақ ауылында - 1991) -композитор, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, КСРО халық әртісі.
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Арғынның Қаракесек Кәрсөн руынан. Оның балалық шағы дарынды адамдардың ортасында өтті, туған өлкесінен шыққан атақты Тәттімбеттің, Ақанның, Естайдың әндері мен күйлерінің әсем үндері балаға үлкен әсер қалдырды. Оның музыкаға деген әуестігі өзінің анасынан дарыған.
1947 жылы ол киноактерлер мектебін бітіріп, музыка училищесінің тарихи – теориялық бөліміне оқуға түсті. Денсаулығына байланысты училищедегі оқуын тоқтатып, мектептерде, музыкалық үйірмелерде жұмыс істейді. Тек Алматы консерваториясына түскеннен кейін композициямен шұғылданып, профессор Е. Брусиловскийдің класында оқиды.
Шығармашылығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Оқу жылдарында композитордың негізгі көркемдік ерекшелігі – тамаша әуендік дарындылығы және ұлтымызға тән үнділігі байқалды. Консерваторияны бітірмей-ақ, талай шығармалар жазды: скрипка, мен фортепианоға арналған соната, қобызға, фортепианоға арналған пьесалар, хорлар, драмалы қойылымдарға музыка, әндер мен романстар. Бұл жылдары қазақтың халық оркестріне арналған музыкасы мен осы ұжыммен тығыз байланысының шығармашылығында мәні зор болды. Оркестрге арнап «Балқадиша» әніне Вариациялар, «Қыз қуу» симфониялық суреттемесін және «Домбыра туралы баллада» поэмасын жазды. Сонымен қатар, осы кезеңдегі тамаша шығармаларының бірі- «Қуаныш Отаны» атты симфониялық поэмасы. Бұл туынды жастар мен студенттерінің Бухаресте өткен Бүкіл әлемдік фестивалінде орындалып, Қазақ КСР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл шығарма С. Мұхамеджановтың есімін тыңдаушы қауымға әйгілі етті.
50-60-шы жылдары, консерваторияны бітірген соң С.Мұхамеджановтың шығармалары тыңдаушы қауымды өзіне тарта түседі. Оқып жүрген кезінен тың жанрларды меңгерген композитор ірі-ірі шығармалар жазуға кіріседі. 1964 жылы «Айсұлу» атты қойылған күлдіргі операсы Қазақстанның опера өнерінің дамуындағы маңызды оқиға болды.
С. Мұхамеджановқа вокалды жанрлар жақын. Бұл жылдары ол адамның дауыс мүмкіндігін толығынан пайдалануға тырысады. Ол Қазақстанның қазіргі өмірін, революция жетістігін, Советтік өмірді ашатын тақырыптарға көбірек жүгінеді. Сондықтан, осы кезеңде шыққан туындылары көбінесе вокалды-симфониялық жанр болды. Олар: М. Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Ленин туралы» кантата, Н. Шәкеновтың өлеңіне жазылған «Ленин туралы поэма». Вокалды-симфониялық жанрда жазылған ірі туындыларына «Ғасырлар үні» ораториясы жатады.
«Ғасырлар үні» ораториясы 1960 жылы жазылып, сол жылы орындалды. Поэтикалық тексін Қ. Шаңғытбаев жазған және де ол С.Мұхамеджановтың көптеген вокалды шығармаларының өлеңдерінің авторы. Ораторияны орындаушылар құрамына – дауыстар, аралас хор және симфониялық оркестр кіреді. Оратория сегіз бөлімнен тұрады. Мұнда қазақ халқының өмір тарихын, негізгі тарихи оқиғаларды және ұлттық бейнелерді суреттейді:
- I бөлім – Жырау балладасы
- II бөлім – Шабуыл
- III бөлім – Ұлы апат жылдары
- IV бөлім – Октябрь әні
- V бөлім – Бесік жыры
- VI бөлім – Жас қазақ
- VII бөлім – Еңбек мейрамы
- VIII бөлім – Отан ұраны
Барлық бөлімдер арқылы, халық атынан түрлі оқиғаларды баяндап отырған ғасырлар үні тәрізді лейтмотив өтеді.
Кіріспенің өзінен-ақ лейтмотив басында салтанатты түрде, одан кейін екінші бөлімнен алынған күңгірт әуен сарынымен алмасады. Мұнда дыбыс қатайып, тағдыр үні тәрізді өтеді және көбінесе фа минор әуезділігінен сақтайды (I – IV және VI бөлімдерінде). Кейбір бөлімдерінде лейтмотив естілмейді. Оның кварта көлемінде төмен қарай жылжыған әуені қарама – қарсы бейнелеуге негіз тудырады. Бесінші бөлімінде сопрано және тенор хордың сүйеме ерекшелігі арқылы, басында жеке одан кейін қосылып, ұлына арнаған бесік жырын айтады. «Әлди - әлди» деген тербелмелі сөздерінде лейтмотивпен байланысы байқалады.
Жетінші бөлімінде еңбек өмірінің тамыр соғысы бейнеленеді. Оркестр партиясы поездың жүрісі тәрізді моторлы қимылға негізделген. Хордың алға қарай ұмтылған әуенінде лейтмотив өзгертіліп берілген.
Соңғы бөлімінде лейтмотив хор қайырмасында өтеді. Бұл бөлімнің пунктирлік марш ырғағы салтанатты мерекелік шаттық үнін естіртеді.
Ораторияда екі әнді сырттан алып пайдаланған. Бұлардың біреуі - «Жас қазақ» әні. Мұны алтыншы бөліміне кіргізген.
«Жас қазақ» әнін Ұлы Отан соғысы кезінде өз еркімен майданға аттанған композитор шығарған. Бұл ән Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың қазасына арналған, бірақ сонымен қатар автордың өзінің өмірімен қоштасу - әні тәрізді естіледі, өйткені Р. Елебаев Отаны үшін ерлік көрсетіп, кешікпей қаза табады. Бұл ән, батырдың ең соңғы – анты және реквиемі тәрізді.
Әннің әуені өзгеріссіз, ми бемоль минор күңгірт сарынды мақам жүйесінде беріледі. Әуеннің қайғылы сарындылығын оркестр қоюландыра түседі. Сонымен қатар композитор әнін лирикалық жағын айқындай түседі. Жалғыз шумағынан кейін «Ай» буынына созылған әуенді хор сүйемелдейді. Қарама–қарсылық принципінде құрылған бөлімдердің ішінде, «Жас қазақ» бөлімі Бесінші («Бесік жыры») және Сегізінші (мерекелік) бөлімдеріне қарама–қарсы келуі анық байқалады.
Ораторияның әуендік материалында халық әні «Елім-айды» да пайдаланады. Мұнда халықтың өмірі, оның қайғысы, өмір үшін күресі бейнеленген. Үшінші «Ұлы апат жылдары» бөлімінде қаналған халықтың қайғы – мұңы көрсетіледі. Мұнда «Елім-ай» әні өзгеріссіз беріледі.
Күй ырғақты оркестр сүйемелінің сыртында ән, басында сопранода, одан кейін екінші шумағы хор партиясында өтеді. «Зар қосбасар» күйінің елес әуенінде әннің қайғылы үні қоюлана түседі. Тақырыптық әуен дами келе, хор партиясында халықтың күйінішті үні тәрізді естіледі. «Жырау балладасы» бөлімінің үндік құрылымы эпикалықбаяндау тәсілін енгізеді. «Елім-ай» әуені ораторияның көптеген тақырыптық әуендерін бірлестіріп тұрады. «Октябрь» атты бөлімінің әуені марш екпінді жинақы келеді және революциялық әндерге жақын. Мұны «Еңбек мейрамы» бөлімінде хордың партиясынан естуге болады. Төмен қарай жылжыған әннің үні, лейтмотивке үндес әуендерді біріктіріп тұрады.
Бұл шығарма қазақ музыкасындағы алғашқы оратория болып табылады.
80-ші жылдары С. Мұхамеджанов аспаптық жанрға көбірек көңіл бөледі. 1982-1984 жылдары композитор үш симфониясын тәмәмдайды. Бұлар: Екінші – си минор; Үшіншісі – үш бөлімді Е. Брусиловскийге арналған фортепианоның жеке орындауы басымдау; Төртінші – төрт бөлімді «Бейбітшілікті қорғаймыз» атты симфониялары.
Бұл кезеңде қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап талай музыка жазды. Бұлар: «Дархан дала» симфониялық күйі, 1987 жыл; домбыраға арналған концерт, 1985 жыл; қобызға арналған концерт, 1988 жыл. Симфониялық музыкадағындай мұнда композиторға тән бейнелік және музыканы мәнерлеу тәсілдері ерекшеліктері сақталған.
С. Мұхамеджановтың 30 жылдан астам шығармашылығы барлық негізгі жанрларды қамтыды, Қазақ музыка тарихына айтарлықтай үлесін қосты. Оның дарындылығы көркем шығармаларының әуезділігімен, кейіпкер бейнелерінің нақтылығы, бүкіл шығармашылығы толық гүлденіп ашылған лирикасынан байқалды. Еліміздің композиторлық шығармашылығы дамып, қатарына жаңа талантты ұрпақтар қосылды. Бұл жылдары С. Мұхамеджановтың музыкасы дәстүрлі музыкаға айналып, бізге 60-шы жылдарғы өнер үлгілерін есімізге салады және қазақтың профессионалды музыкасының жазба дәстүрінде ұлттық классикалық стильдің өз уақытында дамуына үлесін қосады.
Сыдық Мұхамеджанов талантты композиторлардың бірі, оның тамаша әуендері әр қырлы шығармашылығы, аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушы және 60-шы жылдары шыққан композиторлардың арасында байланыс түйін болып табылады.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|