Соя

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Соя (Glycіne) – бұршақ тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік туысы, бұршақ дәнді, майлы дақыл. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның ылғалды тропикалық және субтропик. жерлерінде 10 түрі, Қазақстанда 1 ғана түрі – екпе соя (қытайбұршақ) өседі. Биіктігі 40 – 100 см, жапырағы күрделі, үш құлақты келеді, гүлі ұсақ, ақ не күлгін түсті. Сабағы ірі, тік. Жемісі – бұршақ. Сояның дәнінде 24 – 45% белок, 20 – 32% көміртек, 13 – 37% май, D, B, E витаминдері бар. Соя жылу, жарық, ылғал сүйгіш өсімдік, тұқымы 10 – 11С-та көктейді, 5 – 7 см тереңдікке кең қатарлы тәсілмен себіледі. Вегетац. кезеңі 75 – 200 күн. Айқас тозаңданады. Қарашірігі мол қара топырақты жерде жақсы өседі, ал қышқыл, сор, батпақты топырақтарда нашар өседі. Соя ұнынан сүт, сүзбе, айран және кондитер тағамдары дайындалады, тазартылған майын тағамға пайдаланады. Соя белогынан жасанды талшық, пластмасса, желім алынады. Сояның майы сыр, бояу, сабын, маргарин жасауда, тоқыма өнеркәсібінде және медицинада қолданылады. Сондай-ақ соя – құнарлы мал азығы, шөбінің құрамында 36,4% шикі протеин, 6,5% май, 32,4% азотсыз заттар, 5,2% клетчатка, ал 100 кг шөбінде 51% мал азықтық өлшем болады. Соядан пішен, жарма, сүрлем, күнжара, т.б. дайындалады. Картоп, жүгері, жаздық бидай, т.б. дақылдар үшін жақсы алғы дақыл. Оны малға көк балауса түрінде беру, сүрлемге қосу үшін жүгері және қонақ жүгерімен араластырып егеді. Республикада Аврора, Гибридная-670, Волгоградка-1, Қазақстандық-200, Эврика-357, т.б. сорттары аудандастырылған. Негізінен, Алматы облысының суармалы егіншілігінде өсіріледі. Қазақстандағы соя егісінің жалпы көлемі 25,6 мың га, әр га-дан орта есеппен 14,5 ц өнім алынады.

[1]

Пайдаланған сілтеме

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы