Сергей Павлович Королев

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Королев Сергей Павлович украин: Сергі́й Па́влович Корольо́в (Королів) (12.1.1907, Украина, Житомир қаласы – 14.1.1966, Ресей, Мәскеу) – практикалық космонавтиканың негізін қалаушы, орыс ғалымы, конструктор, КСРО Ғылым Академиясының академигі (1958), 2 мәрте Социологистік Еңбек Ері (1956, 1961).

Одессадағы кәсіптік-құрылыс мектебін (1924), Мәскеу жоғары техникалық училищесін (1930) бітірген. 1927 жылдан планерде ұшумен айналысты, 1930 – 31 ж. КСРО орталық аэрогидродинамика институтында қызмет істеді. 1932 – 33 ж. Реактивтік қозғалысты зерттеу тобын басқарды. 1933 жылдан КСРО Реактивтік ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті. 1938 ж. саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 10 жылға Колымаға айдалған. Айдауда жүріп НКВД-ның шешімімен А.Н. Туполевпен бірге ТУ-2 бомбалауыш ұшағын жобалап құрастырған (1939 – 42). 1944 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен түрмеден мерзімінен бұрын босатылған. 1942 – 46 ж. Арнаулы тәжірибелік-конструкторлық бюрода бас конструктордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1945 – 46 ж. Германияда іссапарда болды. 1946 ж. КСРО баллистикалық ракета құрастыру тобының бас конструкторы болып тағайындалды. Оның басшылығымен түрлі ракеталар (оның ішінде дүние жүзіндегі тұңғыш континентаралық баллистикалық ракета), ұшқыш басқаратын ғарыштық кемелер (“Восток”, “Восход”), дүние жүзіндегі тұңғыш Жердің жасанды серіктері ұшырылды. Королев көптеген ғалымдар мен инженерлерді тәрбиелеп шығарды.

Қазақстанда бірнеше рет болып, өзі жасаған ғарыш кемелерінің ұшу процесін бақылады. Ол КСРО Ғылым Академиясының К. Э.Циолковский атындағы алтын медалімен марапатталған (1958). Лениндік сыйлық лауреаты (1957). 3 рет Ленин орденімен, “Құрмет Белгісі” орденімен және медальдермен марапатталған.

КСРО Ғылым Академиясы 1966 ж. “Ракета және ғарыш техникасы саласындағы аса көрнекті жұмыстар үшін” берілетін С.П. Королев атындағы алтын медаль тағайындады. Королевқа көптеген қалаларда ескерткіш орнатылып, Житомирде, Мәскеуде және Байқоңырда мемориалдық мұражай ұйымдастырылды. Самара авиация институты, көптеген қалалардағы көшелер, 2 ғылыми-зерттеу кемесі, Памирдегі биік шың, Тянь-Шаньдағы асу, астероид, айдағы тилассоид (теңіз) Королевтің есімімен аталады.[1][2][3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Романов А.П., Королев, М., 1990
  2. Голованов Я.К., Королев: факты и мифы, М., 1994.
  3. Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том