Реликт
Реликт[1] (лат. relіctum — қалдық) — геологиялық замандарда кеңінен таралған, осы кезде тек шағын алқаптарда сақталған өсімдіктер мен жануарлар түрлері немесе табиғи бірлестіктер. Реликттер өздері тіршілік еткен заманның жасымен: мыс., палеозой заманымен (латимерия), мезозой заманымен (гаттерия, гинкго), кайнозой заманымен (секвойя, қортық қайың, т.б.) ерекшеленеді. Кайнозойдың мұздану немесе мұзданудан кейінгі кезеңінен сақталған Реликт өсімдіктер мен жануарлар палеонтологиялық Реликтілер деп аталады. Қазақстанда нағыз Реликт жануарларға қоқиқаз бен реликт шағала жатады: олардың алғашқысы байырғы мекенінен тым алыстап кеткен, соңғысы тек Алакөлдің алабында ұялайды. Жануарлар мекенінің өзгеруі олардың тіршілік жағдайларының ұзақ уақыт өзгеріп отыруына байланысты. Қазір жұпартышқан, Мензбир суыры, жалман, Үстірт арқарының таралу аймағы тарылып кетті. Ал Жетісу аяқтыбалығы Қазақстанда ғана сақталып қалған. Ертеде ылғалды жерлерді қоныс еткен, оңт. өңірлерге ғана тән кейбір жануарлар (кіші аққұтан, сары құтан, сұлтан тауығы, қырғауыл, бірқазандар, т.б.) Реликт жануар ретінде Каспий т-нің солт-нде тіршілік етеді. Қазақстанда Реликт өсімдіктер деп Шарын өз-нің аңғарында кездесетін шаған (ерен) тоғайын атауға болады. Ғалымдар ол тоғайдың жасын 25 млн. жылға теңеп отыр. Мұндай тоғай қазір АҚШ-тағы Колорадо штатындағы Үлкен каньонда ғана сақталған. “Алтынемел” ұлттық табиғи саябағында кездесетін тораңғы тоғайы да Р. түрге жатады. Мұздану кезеңінен сақталған Алматы облысындағы Шынтүрген шыршалы алқабы — бір кездегі солт. тайганың қылқан жапырақты орманының қалдығы. Мұндай Реликт түрлерге Бурабай, Зеренді өңіріндегі сфагнум мүгін, Қарқаралы алқабындағы шымтезекті батпақты биоценозды жатқызуға болады. Реликт түрлерінің ғыл. маңызы зор. Олардың таралу аймағы тарылып, санының азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақша энциклопедия 7 том.
Толықтыру
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |