Мазмұнға өту

Оңтүстік Қазақстан университеті

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
Университет атауы
Халықаралық атауы Auezov University
Бұрынғы атауы Қазақ химия-технология институты, ОҚМУ
Жалпы сипаттамасы
Құрылған жылы 1943 жыл
Түрі Мемлекеттік университет
Оқу тілі қазақ, орыс, ағылшын
Орналасуы
Орналасқан жері  Қазақстан, Шымкент
Мекенжайы Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5
Кампус Қалалық
Әкімшілік
Ректоры Дария Қожамжарова
Негізгі көрсеткіштер
Студенттер 17,303
Сайты https://auezov.edu.kz/kaz/

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті — 1943 жылы құрылған Қазақстан Республикасының Шымкент қаласындағы 76 техникалық мамандықтар және гуманитарлық мамандықтар бойынша білім беретін көпсалалы жоғары оқу орны.

Сонау сұрапыл соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде, 1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің №679 қаулысымен Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.[1] Осы жылдың 29 маусымында КСРО Халкомы жанындағы жоғары мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық Комитет пен КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі комисарының «Қазақ КСР-і Шымкент қаласында Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы» білескен бұйрығы шықты. Бұл ел басына күн туған сол бір ауыр кезде ертеңгі жеңіске деген нық сенімнің көрінісі еді. Қирап қалған мыңдаған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіру үшін құрылыс ісінің инженер мамандарын даярлау қажеттігін ел басшылары күні бұрын ойластырған болатын.

Ал 1958 жылы оқу орнынның басшылығына Қ. Біләлов келді. Ол басшылық еткен аз уақыт ішінде институтта республика экономикасының дамуына аса қажетті салалар бойынша мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп, Қазақ технология институты болып қайта құрылған институт еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мол еңбек сіңіріп, оқу ғимараттар кешенін салу үшін қаржы бөлуге көп ықпал етті.

КСРО Жоғары білім министірлігінің бұйрығымен 1958 жылы Жамбыл қаласында Қазақ технологиялық институтының кешкі филиалы ашылып, ол 1959 жылы күндізгі факультет құрылды. Осының негізінде кейінірек Жамбыл жеңіл және тамақ өндірісі технологиялық институты ашылды.

1963 жылы Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министірлігінің бұйрығымен Семей қаласында Қазақ технологиялық институтының филиалы ашылып, соңынан Тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына айналды. Осылайша Шымкенттегі Қазақ технологиялық институты екі дербес жоғары оқу орнына өмірге жолдама берді, олар кейінірек ірі білім ошақтарына айналды.

1993 жылы Қазақ химия-технология институты Оңтүстік Қазақстан Техникалық университеті болып қайта құрылып, оқу орны еліміздегі жетекші техникалық оқу орнының бірі болды.

1996 жылы ҚР Үкіметінің №573 қаулысымен оқу орны Қазақ химия-технологиялық университеті болып аталды, ал 1998 жылы Үкіметтің №256 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірігуі негізінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.[2] Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті Шымкент педагогикалық мәдениет институты мен Шымкент дене тәрбиесі институтының қосылуы нәтижесінде пайда болған еді.

  • Ректорат
  • Ғылыми Кеңес
  • Оқу-әдістемелік Кеңес
  • Оқу-әдістемелік басқарма
  • Тіркеу кеңсесі
  • Тәрбие ісі жөніндегі басқарма
  • Орталықтар
  • Кәсіподақ
  • Бітіруші түлектер Ассоциациясы

Университет құрамындағы факультеттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Университеттің құрамында – 14 факультет:

  1. Агроөнеркәсіп факультеті
  2. Ақпараттық технологиялар факультеті
  3. Заң факультеті
  4. Жаратылыстану-педогогикалық факультеті
  5. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі факультеті
  6. Құрылыс және көлік факультеті
  7. Механика және мұнайгаз ісі факультеті
  8. Педагогика және мәдениет факультеті
  9. Дене шынықтыру және спорт факультеті
  10. Кешкі және қашықтықтан оқыту факультеті
  11. Филология факультеті
  12. Химия-технологиялық факультеті
  13. Экономика және қаржы факультеті
  14. Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу жөніндегі факультеті
  15. Әскери кафедра

Оқу процесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шет ел студенттерімен жұмыс жасау факультеті және колледж бар. Университет білім берудің халықаралық стандарттарына ауысқан, бакалавриатта, магистратурада, phD докторантурада мамандарды дайындау барысында оқытудың кредиттік технологиясы мен үш деңгейлі жүйесі жұмыс истейді. Университет жоғары кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау бойынша білім беру қызметтеріне ИСО 9001:2000 сәйкес халықаралық сертификациядан өткен. Университетте елге танымал ғалымдар мен мамандар, білім беруге, мәдениетке және спортқа еңбегі сіңген қызметкерлер жұмыс атқарады: 120 – ғылым докторы, 604 – ғылым кандидаты, 4 ҚР ҰҒА академигі, 4 ҚР ҰИҒА академигі, 1 Қазақ білім беру академиясының академигі, 1 педагогикалық білім беру Халықаралық ғылым акадмиясының академигі. Білім беру үрдісіне практикалық тәжірибесі бар ең үздік ғалымдар мен мамандар, жақын және алыс шетелдерден, оның ішінде АҚШ, Германия, Испания, Бельгия, Ресейдің ғалымдары шақырылған.

Материалдық-техникалық базасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Университеттің материалдық-техникалық базасы қазіргі үлгідегі он оқу ғимараттарынан, алты студенттер жатаханасынан және екі спорт кешенінен тұрады. Университет барлығы 457 оқу, 130 лабораториялық аудиториялармен және 46 компьютерлік класстармен жабдықталған. Оқу процессінде 1700 компьютер, олардың жартысынан көбі – жаңа үлгідегі компьютерлер, 1200 Интернет желісіне қосылған компьютерлер қолданылады. Университетте 87 мамандық бойынша 31 мыңнан астам студенттер оқиды. Олардың ішінде 8873 студент – мемлекеттік грант бойынша оқиды. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде инженерлік мамандық студенттері контингентінің артуының тұрақты тенденциясы қалыптасты. Соңғы екі жыл көлемінде біздің университет ұтып алған грант нәтижесінде республикадағы 2-ші орынды иеленіп келеді. ОҚУ Германиялық ASIIN агенттігінде білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредитациялаудан өткізу арқылы техникалық сала мамандарын даярлаудың жоғары сапасын дәлелдеген қазақстандық ЖОО-лардың алғашқысы болды. Университет ректорының бастамасымен кәсіпорындармен, ұйымдармен тығыз байланыс жасау негізінде университет бітірушілерінің жұмысқа орналасуына ат салысу, еңбек және білім нарығындағы қызмет көрсету және маркетингтік зерттеулер жүргізумен айналысатын мансап және маркетинг орталығы ашылды. М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры – ҚР ҰҒА академигі,

Студенттік өмір

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

ОҚУ – бұл, Қазақстанның 50 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатында, республиканың өсіп-өркендеуіне әрдайым жаңа идеялар шығаратын белсенді студент жастар ордасы. Университеттегі тәрбиелік және әлеуметтік жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Студент жастардың құқығын, еркіндігі мен көзқарасын сақтау, жастар мәселесіне қатысты 2002 жылдан бастап университетте өзінің Жарғысы мен құрылымы бар студенттік Кеңес қызмет атқарады. Университетте жалпы ЖОО басқарудың ажырамас бөлігі, студенттік өмірдің маңызды қызметі ретінде студенттік өзін-өзі басқару болып табылады. Студенттік Кеңестің іс-әрекетіне ректорат тарапынан қолдау жоғары деңгейде көрсетіледі. Университет ректоры жүйелі түрде студенттермен кездесіп, әр ай сайын студент белсенділері мәжілістерінде оқу мәселелерін, студенттердің қоғамдық өмірінің ұйымдастырылуы мен дамуын, олардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық потенциалдарын талқылап отырады. Студент белсенділері университеттегі оқу Кеңесімен ректораттың мүшелері болып табылады. Әр айда университетте студенттік өзін-өзі басқару күні өтіп тұрады. Бұл күні университеттің оқу тәрбиелік және ғылыми үрдісті жақсарту мәселелері шешімге алынады. Әр сессия соңында тәуелсіз студенттік анкеталау жүргізіледі, студенттік «Сенім поштасы» қызмет көрсетеді. Студенттер мен ректор арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Студенттер Интернет желісі мен ректор e-mail поштасына жалпы білім беру үрдісін ұйымдастырудағы ұсыныстарын, ескертулері мен идеяларын жазып жібере алады. Студенттердің әр ұлттың мәдениетіне әрекеттесуімен өзара толысу үшін, университет ректоры У.Қ.Бишімбаевтың бастамасымен университетте студент белсенділерінің базасымен, құрамында 29 ұлт өкілдерінен тұратын ОҚУ-да Кіші халықтар Ассамблеясы құрылған. Университет базасында 2005 жылдан бастап, жалпы ОҚУ-дың 450 студенттерінен құралған 20 облыстық студенттік құрылыс отряды (СҚО) штабы жұмыс жасайды. Университетте барлығы 250 студенттен 10 отрядтан тұратын «Жасыл ел» штабы құрылған. Отряд бағдарламасының мақсаты ОҚО-ның табиғатын қорғау заңдарын, қалалар мен аудандардағы табиғатты қорғаудағы экологиялық және оны көгалдандыру мәселелерін қамту болып табылады. Университет студенттері арасында жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында, студенттердің түрлі сала бойынша қызмет көрсете білуі үшін Жастар ісі жөніндегі Комитет (ЖІК) жұмыс жасайды. Университет факультеттерінде дебаттар, дөңгелек үтелдер, нашақорлықтың алдын алу, жемқорлық пен құқықбұзушылық жөніндегі семинарлар, Еңбек және ҰОС ардагерлерімен, интернационал әскерлерімен, ғылым және мәдениет қайраткерлерімен, ҰҚК, СІД, наркодиспансер, СПИД, СӨС насихаттау орталықта-рының қызметкерлерімен жүйелі түрде кездесулер өткізіп тұратын 20 клуб қызмет атқарады. Университет студенттерінің көркем-шығармашылық қабілеттерін, таным іс-әрекеттерін, рухани, өнегелі және физикалық потенциалын телінуі үшін қоғамдық мамандықтар факультеті (ҚМФ) жұмыс істейді. Бүгінгі таңда университеттің студент жастары республикалық және жергілікті ұйымдардың мүшелері ретінде, Қазақстанның өзін көрсете білу үрдісіндегі мемлекеттік жастар саясатына белсенді қатысады. 6500 студент жастар «Жастар Рухы», 3200 студент «Қазақстан студенттерінің Альянсы» атты жастар қозғалысының мүшелері болып табылады. Университетте университет әкімшілігімен, ішкі саясат бөлімімен, қоғамдық мамандықтар факультетімен, университеттің ақпарат орталығымен (газет, телестудия), студенттік кеңеспен, жатақханалармен, спорт кешендерімен, университет қызметкерлерінің кәсіподақтық комитетімен тығыз қарым-қатынас жасайтын «М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттік кәсіподақ комитеті» қызмет атқарады. Студенттік кәсіподақ комитеті жаппай мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен қаржыландыруға белсенді түрде қатысады. Спорт, университет қызметінде ерекше орынға ие. Университетте жыл сайын күздік және көктемгі студенттік спартакиада, «Президенттік миля» атты денсаулық фестивалі, институтаралық түрлі спорт түрлерінен жарыстар, профессор-оқытушылардан құралған спартакиада, сонымен қатар Президенттік тест нормативтерін тапсыру өткізіледі. Студенттер үшін гимнастика, шейпинг, күрес, бокс, жеңіл атлетика және волейбол, баскетбол, үстел теннисі мен шұғылдануға арналған тренажерлық залдармен қамтылған арнайы «Денсаулық» және «Буревестник» спорт кешендері қызмет атқарады. Университетте жыл бойы жүзу бассейні жұмыс істейді. Студенттер мен ПОҚ абонементінің бассейнге түсу ақысы 50%-ға төмендетілген. Жазғы демалыста «Машат» және «Біргөлік» шатқалдарында орналасқан университеттік спорттық-шипалы лагерьлер жұмыс істейді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Университет шежересі.
  2. Kazakhstan: Coming of Age — London, UK: Stacey International. — P. 174. — ISBN 978-1-900988-61-2.

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]