Мазмұнға өту

Отырар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Отырар
Мемлекет

Қарахан мемлекеті,
Хорезмшах мемлекеті

Қазіргі жері

 Қазақстан, Түркістан облысы

Қалануы

VII ғасыр

Басқаша атаулары

Фараб, Тұрар, Тұрарбанд, Тарбанд

Қиралды

XIII ғасыр

Қиралу себебі

Моңғол шапқыншылығы

Орналасуы

42°51′05″ с. е. 68°18′10″ ш. б. / 42.85139° с. е. 68.30278° ш. б. / 42.85139; 68.30278 (G) (O) (Я)Координаттар: 42°51′05″ с. е. 68°18′10″ ш. б. / 42.85139° с. е. 68.30278° ш. б. / 42.85139; 68.30278 (G) (O) (Я) (T)

Отырар (Қазақстан)
Отырар
 Басқа мағыналар үшін Отырар (айрық) деген бетті қараңыз.
A.

Отырар — ортағасырлық қала орны. Түркістан облысы Отырар ауданының Темір темір жол стансасынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде орналасқан.

Отырар 8 ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларда кездеседі. 8 ғ-дағы араб географы Якут “Тарбанд, Тұрар, Тұрарбанд пен Отырар – бір қала” деп жазады. Араб тарихшысы Табаридің Отырар патшасын әл-Мамун халифтың жауларының бірі деп атағанына қарағанда, Отырар 9 ғ-дың өзінде-ақ ірі қала болған. 10 ғ. жазбаларында Кедер деген орталық қаласы бар Фараб аймағы аталады. Ал Фараб Кедерден көне қала екені әл-Мақдисидің (10 ғ-дың аяғы) еңбегінде жазылған. Оның айтуынша, бас қала аймақ есімімен Фараб аталған. 10 ғ-дан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларда аталмайды, оның орнына астана да, аймақ та Фараб делінген. Отырар 5 – 15 ғ-ларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған.

Отырар апаты

1218 жылы Мұхаммед Хорезмшахтың Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан керуенінің саудагерлері өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орталық Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Тарихи әдебиеттерде бұл қырғын “Отырар апаты” деген атпен белгілі. 1219 жылы күзде моңғол әскерлері Отырарға жетті. Моңғол шапқыншылығы салдарынан Отырар қиратылып, қала тұрғындары қырғынға ұшырады. Бірақ 1219 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданды.

1255 жылы армян саяхатшысы Отырарды Сырдария бойындағы ірі қалалар қатарында атайды. Отырар дүниежүзілік саудада бұрынғысынша делдалдық рөл атқарды.

Қала туралы 1320 жылы Флоренция көпесі Пеголоттидің Азов теңізінен Қиыр Шығысқа дейінгі сауда жолы туралы жазбаларында да баса айтылған.

14 ғасырда Ақ Орда хандары мұнда медреселер, ханакалар, мешіттер, кеңселер салдырды.

14 ғасырдың аяғында Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына дайындығы қызған кезде (1405) осында қайтыс болды. Әмір Темір мирасқорлары мен Мұхаммед Шайбани әулетінің қазақ хандарымен күресі барысында Отырар тағдыры тағы да сынға түсті.

16 ғасырдың 2-жартысынан бастап қала қазақтардың билігіне біржолата көшіп, шамамен 18 ғасырдың басына дейін болған.

Отырарда археологиялық қазба жұмыстары кең көлемде 1969 жылы Қазақстан ҒА-ның К.Ақышев басқарған Отырар археологиялық экспедиция ұйымдастырылғаннан кейін басталды.

Отырардың сипаты

Қазіргі уақытта Отырар – бесбұрыш тәріздес төбе. Өлшемдері: оңт. жағы – 380 м, оңт.-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солт.-шығысы – 380 м және шығысы – 350 м. Төбенің ең биік жері іргесінен 18 м. Жалпы аумағы 200 га. Қала дуалмен қоршалған. Оның солт.-шығыс және шығыс жақтағы құрылыстары жақсы сақталған. Негізгі төбені айналдыра қазған орлардың орны бар. Қаланың үш қақпасы болған. Орт. қақпа оңт. жағына орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары қала орнындағы мәдени қабаттарды анықтап, олардың қай уақытта болғанын, құрылыс орындарын кезеңге бөліп, талдау жасауға мүмкіндік берді. Қаланың мәдени қабаты 16 м. Ол 7 мәдени қабаттан тұрады.

  • 1-қабаттан (б.з. 1-6 ғасырлары) зат (қолдан жасалған құмыра сынықтары) аз табылды;
  • 2-қабаттың (7-8 ғасырлар) қалыңдығы 3 м-ге жуық;
  • 3-қабаттан (қалыңдығы 1 м-дей, 9-10 ғасырлар) қабырғалары шикі кірпіштен (422210 см) қаланған тұрғын үйлердің орны, қола білезіктер мен алқалардың жұрнақтары, темір бұйымдардың сынықтары, шарап құятын ыдыстар табылды;
  • 4-қабатқа (қалыңдығы 1,5 м, 11-13 ғасырдың басы) қайта жоспарланып салынған құрылыстар тән, сонымен бірге бұл қабаттан семсердің сынығы, қола сақина, шыны ыдыстардың сынықтары, әр түрлі шыныдан жасалған алқалар, т.б. заттар алынды;
  • 5-қабаттан (қалыңдығы 1,5 м, 13-14 ғасырлар) қабырғасы күйдірілген кірпішпен (24244 см) қаланған құрылыстардың орны, іргесінен тандырдың, шаруашылыққа арналған шұңқырлардың, зат қоймасының (одан темір пышақ, ер-тұман әбзелінің қалдықтары, темір ине, қола алқалар, т.б. заттар табылды) қалдықтары ашылды;
  • 6-қабаттан (қалыңдығы 1,5 м, 15-16 ғасырлар) қырлы темір пышақ, зергерлердің сүйектен жасалған балғасы, ат мүсіні, т.б. заттар іріктеп алынды;
  • 7-қабатының қалыңдығы 0,7-0,8 м (17-18 ғасырлар). Бұл қабат қаланың құлдырап, төмендей бастаған кезеңіне жатады.

1971-74 жылы аралығында Отырар аумағының бестен бір бөлігі (4 га) аршылды. Бойлық және ендік бағытымен салынған көшелердің болғаны анықталды. Көшелердің ені 2-3,5 м. Көшелер аралығында салынып бітпеген алаңдар немесе аулалар бар. Мұндағы тұрғын үйлер біртектес, біріне-бірі өте жақын салынған бір, екі немесе үш бөлмелі, ал көп бөлмелі үйлер сирек кездеседі. Жалғыз немесе орталық бөлменің көлемі 20-35 м2. Қабырғалары шикі кірпіштен (30209 см, 27167 см) жалпағынан және еңістеу етіліп қырынан қаланған. Қысы қатаң жерлерде кірпішті бұлайша қырынан қалау төбесі қалың топырақпен жабылған үйлерге тән тәсіл. Мұндай тәсіл Қазақстанның оңтүстігіндегі тұрғын үйлер құрылысында қазір де кездеседі. Үй ішіне еден арасына биіктігі 20-30 см үй жылытатын тандыр салынған. Тандырдың от жағатын бөлігі күйдірілген кірпішпен жабылған және түтін шығатын мойны қабырғаға жапсырыла салынған. От жағатын бөлігінің асты шұңқыр. Оның едені мен қабырғалары күйдірілген кірпішпен немесе оның сынықтарымен қапталған. Осы жерден тас диірмен және оның сынықтары, әр түрлі тас келсаптар шықты, сондай-ақ бөлмелер ішінен қыштан жасалған астық сақтайтын хұмдар мен құмыралар, ұралар, шаруашылыққа арналған шұңқырлар кездеседі. Көп бөлмелі үйлерге қос тандыр салынған. Олар үйлердің әр бұрышына орналастырылған, түтін шығатын ортақ мұржасы бар. Аршылған құрылыс кешендері 16-18 ғасырларға жатады. Бұлардың осы кезеңге жататындығын нумизмат материалдар (120-ға жуық тиындар) дәлелдеп береді. Осы кезеңде өрт болғандығы байқалады, кейбір бөлмелерде өрт іздері сақталған. Ыдыстардың түбінде тамғалы белгілер салынған. Ыдыстарды күйдіргенге дейін салынған мұндай белгілер оның тек түбінде ғана емес, төменгі бөлігінде де кездеседі. Бұлар қазақтың керей және қыпшақ руларының таңбаларына сәйкес келеді. Отырарда археол. қазба жұмыстары әлі де жүріп жатыр. [1]

A.
Арыстанбаб

Отырар-Қаратау мәдениеті

Отырар-Қаратау мәдениетіОңтүстік Қазақстан өлкелерін мекендеген қаңлы тайпаларының көне мәдениеті (б.з.б. 1-мыңжылдықтың соңы). Ескерткіштердің негізгі тараған аумағы Сырдарияның орта ағысын қамтиды. Қалалар мен қоныстар, зираттар жақсы зерттелген. Олардың аса ірі шоғырлану орт. Отырар шұраты; Арыс өзенінің солтүстік жағасында Мардан, Мардан-Күйік, Қостөбе, Шаштөбе, Сейтмантөбе, Ақайтөбе, Шөлтөбе, т.б. ірі қалалары болған.

Тарихы

1940 ж. А.Н. Бернштам жетекшілік еткен археол. экспед. барысында алғашқы деректер алынып, ол кангюй-қаратау мәдениеті болып аталды. Кейінірек бұл өңірді Е.И. Аргеева, Г.И. Пацевич, К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Б. Ерзакович, Л.М. Левина, А.Н. Подушкин зерттеді. Аса ірі ескерткіштерінің бірі – Көкмардан. О.-Қ. м. қалаларының үйлері ерте кезеңнен-ақ кварталдық жүйемен тұрғызылған. Әдетте 4-6 үй бір кварталды құрайды. Құнды ерекшеліктерге қыш ыдыстарға салынған 100-ге тарта таңба-белгілер жатады. Белгілердің негізгі тобы ру-тайпалық таңбалар. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша бұлар соңғы орта ғасырдағы таңбаларға өте жақын. Бір ерекшелігі, мұнда қазақтың үш жүзіне де кіретін ру-тайпалардың таңбалары бар. О.-Қ. м. тайпалары мал ш-мен бірге жоғары дамыған егіншілік бағытты ұстанған, ұсталық және зергерлік қолөнер жақсы дамыған. Тұрғындар ата-баба рухына, тәңірге табынған. Халқы Сыр бойына көршілес Жетіасар және Қауыншы мәдениеттерінің тайпаларымен бірге тарихи Қаңлы мемлекетінің құрамына кірген. Б.з. 3 – 4 ғ-ларында заттық мәдениет ерекшеліктері мен антропол. деректер О.-Қ. м-н қалдырған тайпаларға ғұндар келіп араласқандығын көрсетеді. Осы кезеңде түркі мәдениеті мен тілі қалыптасқан, түркі-соғды синтезі дамыған. Ғұн тайпалары келіп қосылған кезеңнен бастап О.-Қ. м. тайпаларының үлкен бөлігі жетіасарлықтармен бірге Сырдың жоғарғы ағысына, Орта Азияға қарай жылжыды. 6 – 7 ғ-ларда О.-Қ. м-нің дамуы тоқтап, басқа тайпалармен бірге Сыр мен Әмударияның төм. ағысына топтасты да, Кедер мәдениетін құрады. Қалған тұрғындар Отырар шұратында құрылған Қаңғар бірлестігіне кірген.

Отырар медресесі

Отырар медресесі – Отырар қаласында болған ортағасырлық діни оқу орны. 8 ғ-дың аяғында құрылып, моңғол шапқыншылығына дейін жұмыс істеген. Медреседе жан-жақтан білім іздеп келген шәкірттер 10 жыл бойы тәрбиеленді. Оларға бесінге дейін сабақ берілсе, бесіннен кейін медресе жұмысына салынды (аула сыпыру, ас пісіру, бау-бақша суару, т.б.). Ал екіндіден кейін шәкірттер өз жұмыстарымен айналысты. О. м-нде алғашқы 5 жылда сол заманғы әлемдік үш тіл: түркі-қыпшақ, парсы, араб тілдері оқытылды. 5 жылдан кейін шәкірттерге діни сабақтармен қатар астрономия, геометрия, музыка, т.б. ілімдер бойынша жан-жақты білім берілді. Тіпті бұрнағы заманда жойылып кеткен әліппелер (мыс., Финикия әліппесі) үйретілді. О. м-нде ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фараби оқыған. [2]

Пайдаланған әдебиет

  1. Бернштам А.Н., Древний Отрар, “Изв. АН КазССР”, Серия археологии, 1951, ғ 108; Акишев К.А., Байпаков К.М., Древний Отрар, А.-А., 1972; Ежелгі Отрар, А., 1997. К. Байпақов
  2. Машанов А., Әл-Фараби, А., 1970.

Тағы қараңыз