Мазмұнға өту

Орыстандыру

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Орыстандыру — патшалық Ресей империясы мен Кеңес Одағындағы халықтарды ана тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, ұлттық болмысынан айырып, орыс ұлтына сіңіру, ассимиляциялау бағытында жүргізілген саясат.

Ресей империясында орыстандыру шоқындыру ісімен тығыз байланыста жүргізілді. Отарланған аймақтардың халықтарын православиеге көшіруде патша өкіметі бастапқы кезде күш те қолданды. 16 ғасырда жауланған Қазан, Сібір және Астрахан хандықтарының халқын орыстандыру барысында билік орындары жергілікті мешіттер мен ислами білім беру орындарын өзіне қаратуға тырысты. Күш қолдану нәтижесінде Сібір мен Орал өңірі халықтарының көпшілігі христиандықты қабылдауга мәжбүр болды, шоқынган татарлар, марийлер, мордвалар қауымдары қалыптасты. Орыстандыруды күштеп жүргізу халық наразылығын өршіте түсетіндіктен патша өкіметі 19 ғасырдан жаңа әдіс қолдана бастады. Осы ретте 1865 жылы «Православие миссионерлік қоғамы» құрылып, оның басты мақсаты ретінде Ресей империясында өзге ұлттарды шоқындыру және олардың арасында христиандық өмір салтын нығайта түсу екендігі белгіленді. Бұл қоғам құрылғаннан кейінгі 15 жыл ішінде бүкіл империя көлемінде 86 мың, ал 1881-94 жылдары аралығында 129 мың адам православиеге өтті. Қазақ халқын орыстандыру үшін 1895 жылы «Қырғыз православиелік миссионерлік қоғамы» құрылып, 20 ғасырдың басында Семей облысында - 5, Ақмола облысында - 3 жергілікті бөлімшесі ашылды. Орыстандыру жер мәселесімен де тығыз байланыстырылды. Мәселен генерал- губернатор Е.Колпаковский ішкі Ресейден келген орыс шаруаларын қазақтармен аралас қоныстандыруға ерекше мән берді. Христиан дінін қабылдап, орыстанған қазақтарға орыс мұжықтарына берілетін жеңілдіктерді жасауға тырысты.

Билік орындарының шенеуніктері отар аймақтардың халықтарын орыстандыруды нәтижелі жүргізу үшін миссионер ғалымдардан «бұратаналардың» дінін, тілін, әдебиетін, әдет-ғұрпын, тарихын, этнографиясын, психологиялық ерекшеліктерін жан-жақты терең танып меңгеруді басты шарт ретінде талап етті. Мәселен 1881 жылы Ташкентте ашылған Шығыстану қоғамы алдында Шығыс халықтарын орыстандыру міндеті тұрғанын Түркістан әскери округі басшысы генерал Мациевский баса ескерткен. «Бұратана» халықтарды орыстандыру жолындағы патша өкіметінің айла-әрекеттерінің бірі - мұсылман халықтарының ғасырлар бойы қолданып келе жатқан араб әліпбиі негізіндегі жазуын қолданыстан шығару болды. Араб әліпбиін мұсылман халықтарының қолдануынан қалайда ығыстырып, оның орнына кириллицаны енгізуді жүзеге асыруда Н.И.Ильминский белсенділік танытты. Оның ойынша мұсылман халықтарының жазуын кириллицаға көшіру арқылы «бір оқпен екі қоян өлтіруге болады». Біріншіден, оларды ислам дінінен айыруға, екіншіден, православиеге көшіруге жол ашылады. Ильминский «бұратана» халықтың ғылым-білімге ұмтылған Ы.Алтынсарин секілді талантты жастарын орыстандыру жолында пайдаланып қалуға тырысты. Миссионер ғалымдардың араласуымен патша өкіметі оқу-ағарту ісін орыстандыру арнасына бұра бастады. Халық агарту минстрлігінің 1870 жылғы 26 наурыздагы ережесіне сәйкес мұсылмандық мектептер мен медреселерде орыс тілін оқыту міндеттелді. Сонымен қатар осы ереже бойынша орыс - түземдік аралас мектептер ашылатын болды. Мұндай мектептерге орыстандыруды жүргізу міндеті бүркемелене жүктелді. Патша өкіметі сауаттылықтың өлшемі орыс тілінде оқу және жазу деген көзқарасты орыстандыру саясатының тірегіне айналдырды. Кеңестік дәуірде де орыстандыру саясаты өз жалғасын тапты. Бұған Кеңестер Одағындағы түркі-мұсылман халықтары қолданған араб әліпбиінің кириллицаға көшірілуі айқын дәлел. Ұлттық мектептер тек ауылды жерлерде сақталып, жоғары оқу орындарындағы оқу процесі орыс тілінде жүргізілуі патша өкіметі ұстанған ұлт саясатының заңды жалғасы іспеттес болды. Әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе жағдайында И.Сталиннің ұлттарды ұлттық тегі мен рухани қазыналарынан айырып, оларды «біртұтас кеңес халқына» айналдыру саясаты өмірге келді. Соның кесірінен Кеңес Одағында 98 тіл біржола жойылды, қазақ тілі де жойылудың аз-ақ алдында қалды. Тың игеру жылдары республикада қазақ мектептерінің саны күрт кеміді. Әсіресе Солтүстік облыстарында қазақтар балаларын ана тілінде оқыта алмай, амалсыздан орыс мектептеріне берді. Халық арасында қазақ тілінде оқыған бала болашақта күн көре алмайды деген теріс ұғым калыптаса бастады. 1989 жылы республикадағы мектептердің 33%-ы ғана қазақ мектептері болып қалды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін орыстандыру саясатының зардаптары біртіндеп жойыла бастады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х