Нейросекреция
Нейросекреция (neurosecretio, грек, neuron — нейроцит, жүйке жасушасы, secretio — бөлу) — нейроциттердің биологиялық белсенді заттарды (нейрогормондарды) бөліп, организмнің ішкі сұйық ортасына (қан, лимфа, ұлпа сұйығы) шығару қабілеттілігі. Нейросекретті жасушалар гипоталамустың нейроциттерден құралған орталықтарында (ядроларында) орналасады. Олар ірі нейросекретті және ұсақ нейросекретті нейроциттер болып екі топқа бөлінеді. Ірі нейросекретті нейроциттер гипоталамустың алдыңғы аймағындағы супра-оптикалық және паравентрикулалық ядроларды құрайды. Супраоптикалық ядро нейроциттері вазопрессин, ал паравентрикулалы ядро нейроциттері окситоцин нейрогормондарын бөледі. Бұл гормондар нейросекретті нейроциттер аксондары бойымен жылжи ағып, гипофиздің артқы бөлігі — нейрогипофиздегі қан қылтамырлары (капиллярлар) қабырғалары маңындағы соңғы денешіктерде жиналып, организмге керекті деңгейде қанға өтеді. Гипоталамустың орталық және артқы аймақтарындағы майда келген нейросекретті нейроциттерден құралған ядролар клеткалары аденогипофиз (гипофиздің алдыңғы және аралық бөліктері) аденоциттеріне (безді жасушаларына) әсер ететін рилизинг-факторларды бөледі. Рилизинг-факторларға олигопептидті гормондар — либериндер мен статиндер жатады. Либериндер гипофиздің алдыңғы және аралық бөліктері жасушаларының гормон түзу қызметін күшейтеді, ал статиндер, керісінше, олардың жұмысын тежейді. Гипоталамус нейросекретті нейроциттері биологиялық белсенді заттар (нейрогомондар) бөле отырып, жүйке жүйесі мен эндокринді бездердің қызметтерін үйлестіріп, адам мен жануарлар организмдеріндегі нейрогуморальды реттелуді іс жүзіне асыруға қатысады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі / — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009 жыл. ISBN 9965-822-54-9
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |