Могикандар
Могикандар | |
махикан | |
Бүкіл халықтың саны | |
---|---|
~3000 | |
Ең көп таралған аймақтар | |
Тілдері | |
ағылшын тілі, бұрын могикан тілі | |
Діні | |
моравиялық шіркеу |
Могикандар (махикан) — Америка Құрама Штаттарындағы Гудзон өзенінің жоғарғы және ортаңғы ағыстары атыраптарында тұрған алгонкин тобындағы үндіс халқы. Атауы «үлкен өзеннің адамдары» дегенді білдіреді. Саны 3 мың шамасында. Бастапқыда құрамында бес ірі тайпа болған.
Джеймс Фенимор Купер олар жайында Могиканның соңғы тұяғы атты көркем шығарма жазған.
Тілі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тілі - махикан (жоғалған). Ағылшын тілінде сөйлейді.[1]
Діні
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Могикан мәдениетінің маңызды аспектісі олардың діни сенімдері болды. Олар өздерін қоршап тұрған барлық нәрселерде өмір сүретін рухтардың бар екеніне сенді. Олардың діни өмірінде әдет-ғұрыптар мен рәсімдер маңызды рөл атқарып, табиғат пен ата-бабалар рухына табынумен байланысты болды. 1738 жылы могикандар Джон Сержантқа миссионерлік қызметті жүзеге асыруға рұқсат берді. Осылайша, могикандар христиан дінін қабылдады.[2]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]XVII-ғасырдың басында олар Гудзон өзенінің орта және жоғарғы ағысының бойындағы Шамплейн көліне дейінгі аумақты (қазіргі Нью-Йорк пен Вермонт штаттары) мекендеген.
1609 жылдан бастап еуропалықтармен байланысқа түсті. 1613 жылы могикандар (ирокез-могауктардың қатысуымен) Солтүстік Америка үндістерінің тарихында еуропалықтармен алғашқы жазбаша шарт жасады (голландтарға могикандар аумағында сауда бекетін құруға рұқсат берді). Тері саудасына және ондағы лауазымдар үшін тайпааралық бәсекеге қатысты.
Могауктармен соғыс нәтижесінде могикандар 1628 жылы Гудзон өзенінің батысындағы аумақты тастап кетті. Атыс қаруының келуімен могикандар 1643-45 жылдары төменгі сол жағалаудағы және Гудзон атырауындағы Делавар-Манси (ваппингер және т.б.) топтарын бағындырды. 1675 жылға қарай могикандар мен олардың оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы көршілес алгонкиндер конфедерациясы құрылды: Ваппингер, Хоусатоник және 1687 жылдан бастап Вьячтонок.
Голландиялық, кейін ағылшындар отарлауының нәтижесінде (17-18 ғ.) могикандар бірте-бірте өз жерлерінен айырылып, Гудзоннан ығыстырылды. Эпидемиялар мен соғыстар могикандардың санын азайтты (1700 жылы шамамен 500 адам). 1735 жылы могикандар мен хоусатониктердің келісімімен махикан тілінде мектебі мен ғибадаты бар Стокбридж ауылы құрылды. Мұнда көптеген могикандар, кейбір делавар-манси және басқа да алгонкиндер көшті.
1740 жылы могикан тайпалық орталығы Гудзон алқабынан Стокбриджге көшті, онда могикандар басқарған англо-американдық типтегі қауымдастық пайда болып, шағын неолокалдық отбасыларға көшуді аяқтады.
Текумсе көтерілісінен кейін (могикандар делдал болды) олар 1818-30 жылдары Висконсинге қоныс аударды, 1837 жылы олар канадалық делавар-мансимен толықтырылды, ал 1856 жылдан бастап олар Мичиган көлінің Грин Бэй шығанағында егіншілікке жарамсыз заманауи резервацияда тұрады.
Қазіргі могикандар ассимиляцияланған және метистенген.[3]
Кәсібі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Олардың аң аулау объектілері әртүрлі жануарлар болды: тиін, бұғы, енот, аю, құндыз, бұлан, карибу. Теңіз және өзендерден балықтар, итбалықтар, шаян тәрізділер т.б. аулады. Егістіктерде могикандар жүгері, асқабақ, бұршақ және темекі өсірді.[4]
Тұрмыс салты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Неке қонысы матрилокальды деп есептеледі. Могикан тайпасы үш локализацияланған матрилиналдық тотемдік руға бөлінді - аю (Мачкуаух), қасқыр (Меччаух) және тасбақа (Тунпаух). Тайпа көсемдері (сахемдер) билікті аналық жолмен мұра етті, әскери басшылар сайланды.
Қыста могикандар үлкен ағаш үйлерде тұрды, ал жазда олар аң аулауға барды, оның барысында олар уақытша тұрғын үйлер - вигвамдар салды. Оның сыртын жануарлардың терілерімен, жабындылармен, қайың қабығымен жауып тастады. Бұл жабынның барлығы арқанмен оралған.
Могикандардың киімдері қарапайым болды. Ол жануарлардың терісінен және қайың қабығынан жасалған. Қысқа және ұзын шалбар киіп, иықтарына ұзын жамылғы плащтар киді. Олар бұлан, құндыз және басқа да аң терілерден жасалған.
Әйелдер орамал, белдемше, тон және плащ киген. Могикандар аяқтарына мокасин киген, мокасиндердің үстіңгі жағы су өткізбеу үшін арнайы қоспамен майланған. Кейінірек, еуропалықтар келген кезде, олардың киімдерін қабылдай бастады.
Қыс мезгілінде өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін могикандар кептірілген және ысталған тағамдар дайындады. Олардың тағамына дәнді және бұршақ дақылдары, көкөністер, жемістер мен жидектер, саңырауқұлақтар мен жаңғақтар, балық және бұғы, бұлан, итбалық және басқа жабайы жануарлардың еті кірді.[5][6]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ https://sanstv.ru/dict/могикане
- ↑ https://mopilka.ru/kto-takie-mogikany-ili-mogikane/?ysclid=lr4ihjwouw725335660
- ↑ https://travel-journal.ru/ethno/40/1029/(қолжетпейтін сілтеме)
- ↑ https://prowh.ru/articles/mogikane-kto-oni-takie.html Мұрағатталған 8 қаңтардың 2024 жылы.
- ↑ https://pikabu.ru/story/kto_takie_mogikane_7223412?ysclid=lr4hcga5mo704363180
- ↑ http://www.etnolog.ru/people.php?id=MOGI