Менің атым Қожа (фильм)
Менің атым Қожа | |
Режиссёрі | |
---|---|
Сценарийдің авторы | |
Басты рөлдерде |
Нұрлан Сегізбаев |
Операторы | |
Композиторы | |
Кинокомпания | |
Ұзақтығы |
86 мин. |
Мемлекет | |
Тілі | |
Шыққан жылы | |
IMDb |
«Менің атым Қожа» — 1963 жылы "Қазақфильм" студиясы түсірген балалар фильмі. Режиссері — Абдолла Қарсақбаев. Сценариі Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" повесінің желісімен жазылды.
Сюжеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Фильмге өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ ауылының өмірі арқау болған. Басты кейіпкері Қожа ақылды, сонымен бірге бұзық, әкесіз өскен бала. Фильм барысында ол көп нәрсеге ұрынады. Ғашық та болады, төбелеседі де, бұзықтық та жасайды, сабақтан да қуылады, жиналыста тәртібі де қаралады, мектептен қуылуға шақ қалады. Ол тәртіпсіздіктерге кейде саналы түрде, кейде білместікпен барады. Дегенмен ол оншалық ессіз бала емес. Сондықтан болар, осы күнге дейін жұртшылықтың сүйікті кейіпкері саналады.
Фильмде қазақы ауылдағы аналық, әжелік мейірімді, пионерлер өмірін, сол заманғы қоғамдық тәртіпті сезіне аласыз.
Басқа да фактілер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Совет идеологиясы дінге қарсы болған болса да, кейбір эпизодтарда цензураны жіберіп қойған. Фильмде бас кейіпкердің әжесінің аузынан бірнеше рет «Алла» сөзі шығып, Мұхамед пайғамбардың есімі аталады. Бір диалогта ол тіпті немересіне «Қайдағы жоқ шатпағыңды тастап, «Бісміллә» деп айтшы» деп жалынады.
Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Санжар (киноға түскен кезде – Нұрлан Сегізбаев)— қала баласы. Ол киноға түсу мектепке бармаудың жақсы сылтауы болғанын мойындайды. "Анама бірінші сыныптан бастап «оқығым келмейді» дейтінмін. Ол мені Ленин даңғылынан 33-мектепке дейін таяқпен қуып апаратын" дейді ол.
Абдолла Қарсақбаевтың келіні Майра былай деп еске алады:
Фильм Үшқоңыр, Талғар, Түргенде және Үлкен Алматы көлінің маңында түсірілген. Көпшілік көріністерінде Қаскелең қаласының Абай атындағы мектебінің оқушылары түскен. "Лениншіл жас" газетінің 1964 жылдың 26 наурызындағы санында Абдолла Қарсақбаевтың фильмнің қалай түсірілгені жайында мақаласы шықты. Онда ол былай деп есіне алады: "Балалардың мұқтаждықтарын ескеріп отырдық. Әр 15 минут сайын үзіліс жасап, балаларды демалдырып, ойнатып отырдық. Мен де олармен қосылып ойын ойнайтын едім". Бір қызығы, Абдолла Қарсақбаев алғаш рет фильмге музыка жазуға опера және театр балетінің дирижері, 12-ші мектеп-интернатта бірге оқыған досы Нұрғиса Тілендиевті шақырды. Ол фильмнің музыкасын, соның ішінде кейін халық арасына кеңінен тараған "Саржайлау" өлеңін жазды.[1] 2008 жылы режиссер Еркін Рақышевтің бастамасымен "Менің де атым Қожа" фильмі түсірілді. Рөлдерде: Қалықұлов Жанұзақ, Тоғызова Жеңіскүл, Рысханым Аухадиева, Ұлтуар Мырзалиева, Жұмабек Сыдықов, Меруерт Қасымбек, Медет Рысбек, Арайлым Шакерова.
Рөлдерде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Нұрлан Сегізбаев — Қожа Қадыров
- Гүлнар Құрабаева — Жанар
- Бикен Римова — Миллат
- Марат Көкенов — Сұлтан
- Е. Құрмашев — Жантас
- Юсуф Шамузов — Дәулет
- Кененбай Қожабеков — Рахманов, мұғалім
- Қалкен Әділшінов — Ахметов, мектеп директоры
- Зағи Құрманбаева — Қожаның әжесі
- Раиса Мұхамедиярова — Хадиша Майқанова, Қожаның сынып жетекшісі
- Мәкіл Құланбаев — Қаратай
- Бәйділда Қалтаев — Сайбек
- Ахат Толыбаев — Жұмағұл, қойшы
- Әтейбек Жолымбетов — эпизод
- Рахметолда Сәлменов — колхозшы
- К. Жүнісова — эпизод
- Н. Дәулетқалиева — эпизод
- Б. Өткелов — эпизод
- Т. Тұрсынмұратов — эпизод
- Б. Әділшінов — эпизод
Ескерткіш
[өңдеу | қайнарын өңдеу]2022 жылдың 1 маусымында Астана қаласында «Менің атым Қожа» фильмінің басты кейіпкеріне арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш фильмдегі бас кейіпкердің айна алдында жасырын кездесу өткізетін эпизодты бейнелеген. Ескерткіш қоладан, ал тұғыр граниттен жасалған. Ескерткіштің биіктігі – 183 см. Композиция авторы – мүсінші Азамат Талапхан, идеясы авторы – Мұрат Қожамқұлов.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ 50 лет фильму «Менің атым Қожа»Мұрағатталған 8 қыркүйектің 2017 жылы.
- ↑ Елордада "Менің атым Қожа" кейіпкеріне арнап ескерткіш ашылды (1 маусым 2022).
|