Мазмұнға өту

Либералды демократия

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Либералды демократия теориясы[1] — классикалық либерализмнің идеялары, принциптері, саяси-идеологиялық бағыттары мен мақсаттарының теориялық негізі. Либералды демократия теориясы индивидті қоғам мен мемлекеттен бөлек қарастырды, мемлекет пен азаматтық қоғамды бір-бірінен ажыратты, мемлекеттің қоғам және тұлғамен қатынасындағы қызметі мен өкілеттілігі аясын шектеді, азшылықтың көпшілікке қатысты дербестігі мен құқығын қорғады, барлық азаматтардың саяси теңдігін жариялады, адамға негізгі, ажырамас құқықтар беріп, оны саяси жүйенің негізгі элементі ретінде қарастырды. Осы идеялар негізінде 18 — 19 ғасырларда қазіргі демократиялық жүйелер бастау алатын басқару нысандары пайда болды. Либералды демократия теориясы бойынша халық билік субъектісі ретінде биліктің бастапқы және негізгі қайнар көзі болып танылуы; жеке адамның бостандығы мен құқықтары, сондай-ақ парламентаризм мен өкілді билік органдарының басым болуы; мемлекеттің құзыреті мен іс-әрекет аясы негізінен қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғаумен шектелуі, оның экономиялық, әлеуметтік және рухани процестерге араласпауы тиіс. Либералды демократия теориясында жеке және топтық дербестіктің танылуы көпшіліктің азшылық үстінен билік жүргізуін шектейді. Либералды демократия теориясының осы және өзге де белгілері адам бостандығы, оның қадір-қасиеті мен құқықтарын құрметтеу туралы теориялық ой-пікірлердің дами түскендігін көрсетті. Либералды демократия теориясының кемшіліктері жеке адамның рөліне асыра мән бере отырып, оның ұжымдық байланыстарын жоққа шығару, қоғамның тіршілік әрекетін реттеудегі мемлекеттің рөлін тым төмендетуден көрініс тапты. Дегенмен де либералды демократияның классикалық теориясы қазіргі демократиялық тұжырымдамалар мен оларды іске асырудың басты теориялық негіздерінің біріне айналды.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы