Мазмұнға өту

Көне түркі тілі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Көне түркі тілі – қазіргі түркі халықтарының түп негізі саналатын халықтар тілі. Көне түркі тілінің кейбір материалдары топонимика мен ономастика тарихында, көршілес елдердің жылнама жазбаларында кездеседі. Басты мәліметтер көне түркі жазба ескерткіштері (5–8 ғасырлар) мен көне ұйғыр жазба ескерткіштерінде (5–13 ғасырлар) сақталып қалған. Олар жеке тайпалық тілдер негізінде жасалған. Қазіргі түркі тілдерінің жетілу барысындағы белгілі бір кезеңді танытатын тарихи нұсқа Көне түркі тілінің грамматикалық құрылысы, фонетикалық жүйесі және оның негізгі сөздік қоры осы күнгі түркі тілдерінде түгелдей сақталған. Кейбір өзгешеліктері мынадай:

  • 1) грамматикалық ерекшеліктер: Көне түркі тілі типол. жағынан жалғамалы топқа жатады, оның морфологиялық құрылысының негізі – аффиксация: түбір – жұрнақ жалғау. Түбір көбінесе бір буынды, кейде екі буынды болып келеді, аффикстік көрсеткіштер де осы іспеттес. Көне түркі тілінде тек (род) категориясы болмаған. Атау тұлғада тұрған сөздің көптеген мағынасы болған. жіктеу есімдіктері мен сілтеу есімдіктері – этимол. жағынан өзара төркіндес. Қазіргі түркі тілдерімен салыстырғанда, Көне түркі тілінде мынадай айырмашылықтар кездеседі: табыс септігінің -ғ/-г; -ығ/-іг жалғауы: сөз-сөздігі (сөзді), баш-башығ (басты); -ғару/-геру (ға-ру, ге-ру) табғачғару (табғачқа), -ңару/-ңеру, -ңару/-ңеру, -ңар/-ңер: аңар (оған), -йа/йе: курйа (кері, кері қарай); құралдық септіктің -ын/-ін, -ун/үн жалғауы: көлік-көлгүн (көлікпен). Қазіргі қазақ тіліндегі көрі, ілгері, сыртқары, шеткері, жазын, қысын, күзін сияқты сөздер К.т.т-нің кезінде қалыптасып кеткен реликті формаларда қолданылады. Өткен шақ, жекеше 2-жақ -тығ/-тіг: бардығ (бардық); ауыспалы келер шақ -тачы/-течі, -дачы/-дечі: болтачы (болады), өлтүртечі (өлтіреді), өткен шақ -тұқ/-түк, -дұқ/дүк: өтүндүк (өтінген), бардуқ (барған), есімше 1–2-ші жақ есімдіктерімен тіркесіп айтылады: болтачы сөн (боласың); көсемшенің өткен шағы -бан/-пан, -бен/-пен арқылы берілген: келібен (келіп), алыбан (алып); шартты рай -сар/-сер: келсер (келсе), бұйрық рай -ың/ің, уң/-үң (2-ші жақ көпше сыпайы түрде), -ғыл/-гіл (2-ші жақ көпше анайы түрі): барың (барыңыздар), барғыл (барыңдар), т.б. Ондық сан есімдердің жасалу жолдары ерекше түзілген: әуелі бірлік сандар, сонан соң ондық сандар айтылады: беш иігірмі (бес жиырма).
  • 2) синтаксистік ерекшеліктер, негізгі көрсеткіштері: матасудың 1-ші түрі (екі сыңарының да жалғаусыз келуі) өте жиі жұмсалады: түрк будун (түрік халқы), 2-ші түрі (бір сыңары жалғаулы болуы) біршама жиі (қаған інісі – ханның інісі), ал 3-ші түрі (екі сыңары да жалғаулы болып келуі) өте сирек ұшырасады, бұл нұсқа қазіргі қазақ тілінде жиі қолданылады. 3) фонет. ерекшеліктер: жуан және жіңішке болып айтылатын 8 дауысты дыбыс қолданылған: а-е, о-ө, у-ү, ы-і, (и), 18 дауыссыз дыбыс болған. б, д, ж, з, г, ғ, к, қ, й, л, м, н, п, р, с, т, ч, ш,. Сөйлемнің 1-ші жартысында 8, қалған жартысында 6 не 7 дауыссыз дыбыстар қолданылған (сөз соңында о, ө дыбыстары кездеспеген, у, ү, өте сирек). Сөз басында 7 дауыссыз фонема (б, т, қ, ч, м, с, й), басқа позицияларда 18 дауыссыз дыбыс қолданылған. Кейбір ұяң дауыссыздардың (ғ, г, б, д) сөз соңында келуі әдеттегі құбылыс: сарығ (сары), кічіг (кіші), еб (үй), өд (уақыт). Сөздің басқа позициясында екі дауыссыз дыбыс қатар келмейді, бірақ басқа орындарда (түбір мен қосымшаның қосылған жерінде) кездесе береді, сөз соңында лт, рт, нт тіркестері жиі ұшырасады: алты (алды), олурты (отырды), анта (онда). Қазіргі түркі тілдерімен салыстырғанда ғ, г дыбыстарының ұ, й дыбыстарымен алмасуы не болмаса айтылмай түсіп қалуы, сол сияқты д/т/й заңдылығы жиі байқалады: оғры (ұры), оғул (ул/ұл), өгрет (үйрет), тағ (тау), адақ, айақ (аяқ), т.б. К. т. т-нде кейбір дыбыстар өзара алмасып отыратын болған: с/ш: сад/шад (атақ, дәреже), м/б: мен/бен (мен), т/д: тегрі/дегрі (де, дейін), ч/ш: кічі/кіші (кісі), е/и: ел/ил (ел), н/й: анығ/айығ (сұм, зұлым), ң/й: коң/қой (қой), т.б. Жергілікті тайпа тілдерінің әсерінен пайда болған мұндай фонет. құбылыстар сөздің қай позициясында болса да ұшыраса береді. Қазақ тілінің говорларында кездесетін осы іспеттес дыбыстардың өзара алмасып келуі Көне түркі тілінен қалған тарихи іздер болуы ықтимал.

Көне түркі тілдері — осы күнгі түркі тілдерінің арғы тегі болып саналатын көне тілдер. Көне түркі тілі қарым-қатынастық кызметін жоғалтқан, тек түркі халыктарының жазба ескерткіштері тілдерін білдіретін шартты термин болып табылады. Олардың өмір сүрген уақыты да, тараған жерлері де кең. Руникалық жазулар (бітік) шығыстағы Лена өзенінен бастап батыстағы Дунай өзеніне дейінгі жерлерден табылған. Көне түркі тілінің алғашкы түрлерінің бірі — Орқын, Енесай алқаптарынан табылған руникалық ескерткіштер тілі. Орқын жазуын тұңғыш рет 1893 ж. В. Томсен, 1894 ж. В. Радлов окыған. Руникалық көне оғыз тайпаларының тілі негізінде қалыптаскан. Ол әр түрлі этникалық, әлеуметтік топтарға кызмет еткен диалект аралық (не диалектіден тыс) сипатқа ие болған, оның әдеби сұрыпталған және функционалды стилистикалык, аймақтық түрлері болған деген тұжырымдар бар.
ІХ ғ. Турпан (Шығыс Түркістан) жеріне көшіп келген соң, ұйғырлар өз әдеби тілін жасаған. Ол бұрын ұйғырлар қолданған руникалық койне негізінде туған, сонымен бірге жергілікті турпандықтардың сөйлеу тілінің элементтерін кабылдаған - осылайша түркі үйғыр тілі (к. Көне ұйғыр тілі) деп аталатын аралас құрылымды тіл пайда болған. В. Радловтын пікірінше көне ұйғыр әдеби тілі ХІІІ—ІХ ғғ. арасында біржола калыптаскан. Көне ұйғыр тілі ХІ—ХІІ ғғ.-да мұсылмандық Қараханидтер мемлекетіне караған түркі халыктарының әдеби тілі дамуына әсер еткен.
ХІІІ-ХІV ғғ.-да Сырдарияның төменгі ағысында (Хорезіммен бірге) Алтын Орда жерінде оғыз, кыпшак тайпаларының тілдері негізінде Хорезм түркі әдеби тілі қалыптасқан. Орта ғасырдағы түркі әдеби тілдері тарихындағы ең маңыздысы — шағатай әдеби тілі. Көне түркі тілі бұлардан басқа Закавказье, Кіші Азия, Еділ бойы, Мысыр жерлерінде болған. Бірақ олар Орталык, Орта Азия- дағыдай бірынғай дәстүрмен байланысты емес. Көне түркі ескерткіштерінің бәрі бірдей көне түркі әдеби тілдерін білдірмейді, олардың ішінде кыпшақ сөйлеу тілі не диалектілері негізінде жазылған Кодекс куманикус (13—14 г.) сиякты ескерткіштер де бар.
Көне түркі тілінде қарапайым тұрмыстық мәтіндермен салыстырғанда әдеби үлгілердің молдығы көне түркілердің мемлекеттік кұрылымдарының даму деңгейімен және жазбаша сауаттылығының дәрежесі жоғары екендігіне байланысты.