Концессия

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Концессия (латын. сoncessіo – рұқсат, кеңшілік жасау, көну), 1) құқықта – табиғат байлықтарын, кәсіпорындарды және мемлекетке тиесілі басқа да шаруашылық нысандарды шет мемлекетке, шет ел фирмасына, компаниясына, т.б. тұлғаларға белгілі бір мерзімге пайдалануға беру туралы шарт. Табиғат ресурстарына мемлекеттің егемендігінен мемлекеттердің өз азаматтары мен шетелдіктерге Концессия беру құқығы да, Концессияның күшін өзгерту және қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтату құқығы да туындайды. Концессияның тоқтатылуы туралы мәселе халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес, ең алдымен, ішкі заңнама негізінде шешіледі; 2) экономикада – бір тарап (құқық иесі) екінші тарапқа (пайдаланушыға) сыйақы үшін құқық иесіне тиесілі айрықша құқықтар кешенін, соның ішінде фирмалық атауға немесе құқық иесінің коммерциялық таңбаларға құқығын, қорғалатын коммерциялық ақпаратқа, тауар белгісіне, қызмет көрсету белгісіне, т.б. құқықты белгілі бір мерзімге немесе мерзімін көрсетпей кәсіпкерлік қызметте пайдалану құқығын беретін құқықтық қатынастар. Концессия шартында құқық иесінің айрықша құқықтар кешенін, іскерлік беделін, коммерциялық тәжірибесін қатаң түрде белгіленген көлемде пайдалану көзделеді, онда пайдалану аумағы көрсетіледі немесе көрсетілмейді және ол кәсіпкерлік қызметтің белгілі бір аясына орай қолданылады. Пайдаланушы Концессия үшін сыйақыны тиянақталған бір жолғы немесе дүркіндік төлемдер, түсімнен аударылатын жарналар түрінде немесе шартта көзделген өзге пішінде төлейді. Құқық иесі пайдаланушыға Концессия нысанын не оның қайсыбір бөлігін басқа тұлғалардың пайдалануы үшін рұқсат беруі (қосымша Концессия құқығы) мүмкін. Кейбір жағдайда белгілі бір тұлғаларға белгілі бір мерзімге қосымша Концессия шартымен белгілі бір құқықтар кешенін пайдалану құқығын уақытша беруге пайдаланушыларды міндеттейді, бұл рыноктарды жаулап алудың бір түрі. Басқа бір жағдайда Концессия әдейі шектеледі, атап айтқанда, осыған ұқсас айрықша құқықтар кешенін пайдаланушыға бекітілген аумақта басқа тұлғаларға олардың пайдалануы үшін бермеуге не осы аумақта осыған ұқсас меншікті қызметтен тартынуға құқық иесін міндеттеу; пайдаланушыны Концессия шарты қолданылатын аумақта құқық иесімен бәсекелеспеуге міндеттеу; құқық иесінің бәсекелестерін осыған ұқсас құқықтардан бас тартқызу; шарт бойынша берілген айрықша құқықтарды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын коммерциялық үй-жайлардың орналасқан жерлерін, сондай-ақ, олардың сыртқы және ішкі ресімделуін құқық иесімен келісіп алуға пайдаланушыны міндеттеу жолымен алдын ала шектеледі. Қазақстан Республикасында Концессия кезінде құқық иесі пайдаланушының тауарды сату бағасын немесе пайдаланушының жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бағасын анықтауға, бұл бағаның жоғары немесе төмен шегін белгілеуге құқылы емес, ал пайдаланушы сатып алушылардың (тапсырыс берушілердің) айрықша белгіленген санатына не белгілі бір аумақтағы (сонда тұратын) айрықша сатып алушыларға тауарларды сатуға, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге құқылы емес.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]