Кепшік
Көрініс
Кепшік – қазақ халқының көне ұрмалы аспабы. Кепшікті тұтас ағаштан шауып жасаған. Кейінгі жетілдірілген түрлері тегенге ұқсас – дөңгелек шеңбер ағаш.
Жасалу жолы : Иіліп жасалған ағаш шеңберге иленбеген мал терісін айналдыра қайыс баумен байлап бекітеді. Тері әбден кепкен соң шеңбер кенересіне тартып қаптайды. Кепшіктің іші қуыс, бір жағы ғана көн терімен қапталады. Даңғыра аспабынан айырмашылығы шанағының ішіне темір теңгешелер ілінбейді. Дыбысы шаңқылдаған ащы. Кепшікте ойнау саусақ буындарының ептілігі мен икемділігін қажет етеді. Ертеде Кепшікті қыз-келіншектер бидай суырып, сұлы ұшырып, тары тазалау үшін тұрмыстық мақсатта қолданып келген. Кейін келе оны би ырғақтарын сүйемелдеуге, ал бақсы-балгерлер зікір салып, ауруларға ем жасағанда өз әуендерін сүйемелдеуге қолданатын болған. Муз. мақсат үшін соқпалы құрал ретінде пайдалану ісі осы бақсылардың өз дауыстарын сүйемелдеп зікір салу әрекетінен туындаған. Түркі тектес халықтардың барлығына ортақ бұл аспаптың көне нұсқалары еліміздің бірқатар мұражайларында сақталып отыр. Кепшіктің тектес түрі өзбектерде – дойра, ұйғырларда – дап, түріктерде – табла деп аталады. Ұмытылған көне аспаптарды қалпына келтіріп, алғаш дыбыстаған, ұрмалы аспаптар тобына жатқызған – аспаптанушы Б.Сарыбаев. Қалпына келтірген шебер – Д.Шоқпарұлы. Кепшіктің түрлері Республикалық халық музыка аспаптары мұражайында сақтаулы тұр, ал жетілдіріліп жасалған нұсқалары фольклық ансамбльдерде қолданылуда.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |