Карл Льюис
Карл Льюис (Frederick Carlton ("Carl") Lewis) (1961 жылдың 1 маусымда туған) - 10 Олимпиялалық медаль (9-ы - алтын), 10 Әлем чемпионаты медалі (8-і - алтын) иегері, спорт мансабы 1979-дан 1996-шы жылғы соңғы Олимпиададан орын алып зейнетке кеткен АҚШ спортшысы.
Дуалы ауыз мамандардан бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін Карл Льюисті «Желден жүйірік адам» деп атап кеткен. Сексенінші жылдардың басы мен тоқсаныншы жылдардың бел ортасында оның өнеріне құлшына қол соқпаған адам аз. АҚШ спортшысы 100 және 200 метрлік қашықтыққа жүгіруде, 4х100 эстафеталық жарыста және ұзындыққа секіруде Олимпиаданың сегіз алтын медалін жеңіп алды. Жер бетіндегі ешбір жеңіл атлет осындай көрсеткішімен мақтана алмайды.
Карлдың спорттық жолы ұзындыққа секіруден басталды. Оның әкесі – Билл Льюис Алабама университетінде бапкерлік қызмет атқаратын. Кезінде ол атақты Джесси Оуэнспен жақын араласты. Естеріңізге сала кетейік, Оуэнс 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиадада төрт алтын медаль жеңіп алған саңлақ. Әкесі мен әйгілі спортшының достығы кішкентай Карлдың осы соқпақты таңдауына себепші болғаны сөзсіз. Ол аз десеңіз, анасы Эвлин де тәуір жүгіріп, түрлі халықаралық жарыстарда жүлде алған. Міне, осындай ортада өскен баланың спортқа бейім болмауы мүмкін емес-ті. Бір қызығы, 1968 жылғы Олимпиада ойындарын теледидар арқылы тамашалаған Карл Льюис Боб Бимонның өнеріне тамсанады. Сол жарыста атақты жеңіл атлет 8,90 метрге секіріп, жаңа рекордты өмірге әкеледі. Бұл – ол кезде адам нанғысыз көрсеткіш еді. 8,90 метрлік қашықтықтың қандай болатынын білгісі келген Карл сол сәтте көшеге жүгіріп шығып, қолындағы сызғышпен жолдың жиегінде тұрған лимузиннің ұзындығын өлшейді. Мәссаған! Лимузиннің бас-аяғы небары алты метр екен. Тек сонда барып қана ол Бимонның қандай ерлік жасағанын ұғынады. Жеті жасынан жеңіл атлетикамен шұғылданған Карлдың бойындағы дара талант бірте-бірте байқала бастайды. 13 жасында ол 5,51 метрге қарғыса, келесі жылы 6,07 метрге секіреді. Сөйтіп, жылдан-жылға көрсеткіші жақсарып, 17 жасында 7,85 метрлік межеге қол жеткізеді. Бұл нәтижелер мамандар назарынан тыс қалмайды. 1979 жылы Льюис АҚШ құрамасына қабылданып, Панамерика ойындарында бас жүлдені жеңіп алады. Сондай-ақ, ол 100 және 200 метрге жүгіруде шашасына шаң жұқтырмайды.
1980 жылғы КСРО астанасында алауы тұтанған Олимпиада Льюистің бағын ашуға тиіс еді. Алайда, капиталистік мемлекеттердің бойкот жариялауына байланысты америкалықтар Мәскеудегі ойындарға қатысудан бас тартады. КСРО-ға келе алмағанымен, Лос-Анджелесте АҚШ атлетінің айды аспанға шығаратынын мамандар алдын ала болжайды. Өйткені 1983 жылы Хельсинкиде өткен әлем чемпионатынан ол үш алтын медальмен оралады. Ал келесі жылы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықты 9,99 секундта, 200 метрді 19,80 секундта жүгіріп өтіп, ұзындыққа секіруде 8,71 метрлік нәтижемен бас жүлдені олжалады. Оған АҚШ құрамасы сапындағы эстафеталық сайысты қосыңыз. Сөйтіп, Карл бір Олимпиадада төрт алтынды иемденіп, әкесінің досы – Джесси Оуэнстің көрсеткішін қайталайды. Ал 1991 жылы Токиода тұсауы кесілген әлем чемпионатында өзінің кумирі Боб Бимонның нәтижесінен бір сантиметрге асып түседі.
Сексенінші жылдардың екінші жартысында жанкүйерлер мен мамандар ауыздарымен құс тістеген желаяқтар – Карл Льюис пен Бен Джонсонның өзара бәсекесін тағатсыздана күтетін болды. Иә, бір кездері канадалық спортшы Льюистен басым түсіп жүрді. Әсіресе, 1988 жылы Сеул Олимпиадасында 9,79 секундтық нәтижемен Джонсон мәреге бірінші жетіп, Льюис (9,92) екінші орында қалып қойды. Алайда көп ұзамай канадалық спринтердің допинг қолданғаны анықталып, алтын медаль АҚШ спортшысының кеудесінде жарқырады.
Жалпы Карлдың жолы толағай табысқа толы болды. Ал өзінің ең соңғы алтын медаліне 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында қол жеткізді. Бірақ желаяқтар жарысына Льюис қатысқан жоқ. Өйткені, АҚШ құрамасының бапкерлерінің таңдауы жас спортшыларға түсті. Есесіне ол ұзындыққа секіруде қарсылас шыдатпады. Сөйтіп, Олимпиадада жеңіп алған бас жүлделерінің санын сегізге жеткізді. 2000 жылы ол «XX ғасырдың ең үздік жеңіл атлеті» деп танылды.
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Carl Lewis |
- 1 шілдеде туғандар
- 1961 жылы туғандар
- Бирмингемде (Алабама) туғандар
- АҚШ жеңіл атлеттері
- АҚШ-тың Олимпиада чемпиондары
- Аустриялық ханзада сыйлығының иегерлері
- Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпиондары
- 1984 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондары
- 1988 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондары
- 1992 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондары
- 1996 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондары
- 1988 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері
- Жеңіл атлетикадан әлем чемпиондары
- Алфавит бойынша жеңіл атлеттер
- Алфавит бойынша Олимпиада чемпиондары