Ирекжапырақ
Ирекжапырақ, иконниковия (Ikonnikovia) – қорғасыншөптер тұқымдасына жататын көп жылдық бұта.
Қазақстанда Іле Алатауының бөктерлері мен Кетпен (Ұзынқара) жотасының етегіндегі тасты шатқалдарда кездесетін 1 түрі – Кауфман ирекжапырағы (Ikonnikovia kaufmanniana) бар. Оның биіктігі 15 – 60 см, тамыры жуан. Қысқарған сабағы алдыңғы жылғы жапырақ сағақтарының қалдығымен жабылған. Етжең, қалың, қауырсын тәрізді иректелген жапырақтары тамыр түбінен шығады. Күлгін, қызғылт түсті гүлдері бір-бірімен тығыз орналасып, сабақ ұшында ірі шашақ гүлшоғырын құрайды. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – маусым айларында гүлдеп (15 – 17 күндей), маусым – шілдеде жемістенеді. Жемісі ұзынша жіңішке, кішкентай дөңгелек қақпағы арқылы ашылады. Мәдени түр ретінде ашық грунтта 20-ғасырдың аяғынан бастап егіле бастады. Қазақстанда негізінен Бас ботаникалық бақта мәдени түрде өсіріледі.
Кауфман Ирекжапырағы – өте әдемі, сирек кездесетін эндемик түр. Жылдан-жылға таралу аймағы азайып бара жатқандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Сыртқы сілтеме
[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|