Ирак көтерілісі
Ирак көтерілісі — 1920 жылы Ирак халқының ағылшын отаршылдарының үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісі. Сан-Ремо конференциясының араб елдерін Ұлыбритания мен Францияға бөліп беру жөніндегі шешімі Ирак көтерілісінің тууына тікелей себепші болды. 30 маусымда Румаита қаласында басталған көтеріліс арабтар қоныс тепкен барлық диқаншылық аймақтарды қамтыды. Ағылшын әкімшілігінің қолында Бағдад, Мосул, Басра және орта Тигр аймағы қалды. Көтерілістің басты күші шаруалар болып, оны тайпа шейхтері мен шейіт дін иелері басқарды. Көтерілісшілер басқыншылардың әскеріне тойтарыс берді. Азат етілген аймақтарда революциялық өкімет органдары құрылды. 1920 жылы қазанда ағылшындар 65 мың әскер төгіп, көтерілістің негізгі күшін күйретті. Ирак көтерілісі елдің одан әрі дамуына үлкен ықпал етті. Ұлыбритания Иракта тікелей отарлық тәртіп орнату жоспарынан бас тартуға мәжбүр болды. Ирак халқы 1920 жылғы көтерілісті "Даңқы өшпес ұлттық революция" деп атайды.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ Совет Энциклопедиясы, Алматы 1974, 5 том.
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |