Жерді пайдалану
Жерді пайдалану — қоғамдағы адамдар мен әлеуметтік топтар арасында қалыптасқан әлеуметтік және экономикалық қарым-қатынастар формаларының бірі. Оның жүйесі мен түрлері өндірістік қатынастардың тарихи дамуы мен ауысуына байланысты өзгеріп отырады. Жерді сол қоғамда қабылданған заңдарға сәйкес пайдаланады. Қоғамдық еңбек бөлінісінің дамуы (егінші, мал бағушы тайпалардың бөлініп шығуы) және осыған байланысты отырықшылыққа көшу алдымен рулардың, тайпалардың және қауымдардың арасында, содан соң жеке жанұялардың арасында жер бөлінісін туғызды. Мұның өзі жерді пайдаланудың тұрақты формаларының құрылуына әкелді. Егістік жер, мыс., қауым меншігіне қалғанымен, әр егінші өзіне пайдалануға берілген егістікті өз күшімен өңдейтіндей етуі үшін қауым мүшелерінің арасында жер дүркін-дүркін қайта бөліске салынып тұрды. Қазақстанның табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарай жер әр түрлі дәрежеде, көбінесе, егіншілік, жайылымдықтар мен шабындықтар үшін пайдаланылады. Ол үшін жерді құнарландыру мәселесін қолға алып, жер байлығын мал өсіру мен егіншілікте тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.[1]
Жер аграрлық экономиканы шектеуші фактор болып табылады. Сондықтан жерді пайдалану және жерді иемдену аграрлық қатынастар жүйесінің негізін құрайды. Иемдену деген әлі толық меншік емес. Иемдену қатынастарындағы меншік объектері, тікелей иемденетін объект емес, олар шаруашылық жүргізудің шарты болып табылады. Жерді пайдалану одан да қарапайым қатынас. Бұл екі жағдайдан тұрады: жерді өндіріс құралы ретінде қолдану және жасалған өнімді иемдену. Қолдану, пайдалану иемденудің жалпылама шарты болып табылады. Жерге меншік формасы қандай болмасын, иемдену және пайдалану, жерде шаруашылық жүргізу үшін қажет болып табылады.
Натуралдық аграрлық өндірістен тауарлыққа көшкенде, меншік формасы шешуші шарт болып табылмайды. Жерге жеке меншік, өндірістің басқа факторларына жеке меншіктен көп кейін қалыптаскан және осы күнге дейін ол жетекші рөл атқармайды. Көп елдерде жерге меншік ұлттық деңгейде болып отыр және жоғарғы меншік иесі мемлекет болып табылады. Шығыс, Африка, Көне Азия, Америка, Ресей халықтары аграрлық экономиканың әмбебап кезеңінен өткен. Бұларда жерді пайдалануға негізделген, ауыл шаруашылық егістік қауымының мемлекеттік жүйесі қалыптасқан. Экономикалық теорияда осы болмыс «азиялық өндіріс тәсілі» деп аталады. Германдар, франктер, кельттер жерді жергілікті тайпалардан күшпен алып, оған жеке меншік орнатқан. Осы халықтарда индивидуалдық қауымдар, жерге жеке меншік болуына және оны жалға алуға (аренда — иемденудің бір формасы) негізделген.
Нарық шаруашылығының дамуына жерге жеке меншік «осылай әсер етеді» деп кесіп айтуға болмайды. Жердің тауар айналымына енгізілуі, оны басқа ресурс тәрізді сатып алуға мүмкіндік береді. Аграрлық нарықтың дамуына жердің сатып алу-сатылуы өте жаман ықпал етеді - жермен айналысу қиынға түседі. Жерге жеке меншіктің болуы, аграрлық экономиканы капитализациялауға кедергі болады: ол капиталдың еркін ағымына шек қояды.
Жердің меншік иесі өзінің жерінде капитал қолданған үшін ақы төлеуді талап етеді. Бұл кәсіпкердің табысын төмендетеді. Нарық экономикасы тұңғыш рет Нидерландияда қалыптасқаны бекер емес — бұл елде барлық жер дәстүрлі түрде мемлекет меншігінде болған. Бүгін нарық экономикасы жоғары дамыған көп елдерде жер мемлекет меншігінде болып отыр.[2]
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бір жылдан астам мерзімге жерді пайдалануға құқығы
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы,3 том
- ↑ С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А Жанандаров Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. — Астана: 2002. ISBN 9965-408-99-8
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|