Мазмұнға өту

Жасыл эвглена

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ботаниктер балдырлар бөліміне, ал зоологтар қарапайым жәндіктерге жатқызатын, өсімдік пен жануарлардың туыстастығына айқын дәлел бола алатын біржасушалы жәндік - жасыл эвглена. Бұлардың 900-ге тарта түрлері белгілі, Бұрынғы КСРО-да 430 түрі мекендейді. Кейбір түрлері осмостық қысым және фототәсілмен қоректенетіндіктен, жасыл эфглена қарапайымдар класына жатады.

Жасыл эвгленаның тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы

Дене тұрқы 4-500 микро миллиметрден аспайтын жасыл эвгленаны органикалық заттары мол тұщы су қоймалардан, жағаға жақын су түбінен жиі кездестіруге болады. Эвгленаның пішіні сүйір жапыраққа ұқсас, дененің алдыңғы жағы доғалдау, артқы жағы сүйірлеу келеді. Амеба тәрізді эвгленаның денесінде де нақтылы қабықша болмайды, цитоплазмасы дене пішінін сақтайтын тығыздау келген сыртқы қабатпен қапталады. Сондықтан эвгленаның дене пішіні өзгермейді. Біржасушалы эвглена денесінің алдыңғы жағынан ойыс байқалады. Бұл - эвгленаның жұтқыншағы. Жұтқыншақта жіп тәрізді жіңішке талшық орналасады. Талшық - цитоплазманың созындысы, эвгленаның қозғалу мүшесі. Эвгленаның алдыңғы жағындағы талшық ширатылып, тарқатылғанда және толқындана иілген кезде жәндік доғал жағымен алға қарай жылжиды.

Эвглена жасушасының (денесінің) цитоплазмасында хлоропластар бар. Ал хлоропластарда жасыл пигмент – хлорофилл болады. Сондықтан жарықта жәндіктің түсі жасыл болады; жәндіктің жасыл эвглена атануы осыдан.

Қоректенуі

Микроскоппен қарағанда эвгленаның жасушасынан көптеген жасыл тақташаларды - хлоропластарды көруге болады. Бұл 20 шақты жасыл тақташаларда хлорофилл болғандықтан , эвглена өсімдіктер тәрізді жарықта денесіне органикалық заттарды фотосинтез тәсілімен жинақтайды. Цитоплазмаға жинақталған кенеулі заттарды эвглена ашыққан кезде қорегіне пайдаланады. Бұл- эвгленаның жасыл өсімдіктер тәрізді қоректенуі. Ал денесінде жасыл тақташалар болмаған кезде эвгленалар жануарлар тәрізді тәсілмен қоректенеді, яғни айналасындағы органикалық заттарды денесіне сіңіреді. Бұл кезде эвгленаға судағы шіріген заттардың ерітіндісі қорек болады. Денесінде болатын жасыл тақташалар эвгленаны жасыл етіп көрсетеді, сондықтан жәндік жасыл эвглена деп аталады.

Тыныс алуы және зәр шығаруы

Жасыл эвглена амеба тәрізді тыныс алып, зәр шығарады. Зиянды заттар ерітіндісі дененің алдыңғы жағындағы жиырылғыш вакуольге жиналып, кейін сыртқа шығарылады.

Жарықты сезуі

Жасыл эвглена жарық әсерін сезе алады. Оның жарық сезу қызметін атқаратын қызыл көзшесі дененің алдыңғы жағында, жиырылғыш вакуольдің қасында, талшықтың түбіне ала жатады. Жасыл эвгленалар әрқашан жарығы мол жаққа көбірек жиналады.

Көбеюі

Жасыл эвглена жыныссыз жолмен, бөліну арқылы көбейеді. Ең алдымен денесінің артқы жағына қарай орналасқан ядросы бунақталып, болашақтағы жас эвгленаның алдыңғы бөлігінде жаңадан талшық пайда болады. Бұдан соң эвгленада екі жұтқыншақ түзіліп, жиырылғыш вакуольдің екіге ажырағаны және екі ядро пайда болғаны байқалады. Эвглена басқы бөлігінен дененің соңына қарай біртіндеп екіге ажырап, денені ұзынынан бойлай екіге бөлінеді. Көбею кезінде эвгленаның денесіндегі жасыл тақташалар да екі еселенеді. Сөйтіп, алғашқы бір эвгленадан жаңа екі жас эвгленалар пайда болады.

Циста түзуі

Басқа қарапайым жәндіктер тәрізді, эвглена да температура кенет өзгергенде, ылғал жетіспей қалған жағдайда, жалпы қолайсыз жағдайларда тыныштық сатысына көшіп, денесінің алдыңғы жағындағы талшығын түсіреді де, тығыз қорғаныш қабықшаға оралып, домаланады. Сөйтіп, эвглена қолайсыз жағдайда осы күйінде циста ішінде өткізеді. Қолайлы жағдай болған кезде эвгленалар қайтадан тіршілігін бастап, цистадан шығады. [1]

Дереккөздер

  1. Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 18 б., ISBN 5-625-03599-7