Мазмұнға өту

Берке хан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Берке хан
Лауазымы
Алтын Орданың 4-ші ханы
1257 — 1266
Ізашары Ұлақшы хан
Ізбасары Меңгу Темір хан
Өмірбаяны
Діні ислам
Қайтыс болуы 1266 (1266)
Қазақстан
Династия Шыңғыс хан әулеті
Әкесі Жошы хан

Берке хан (12091266) — Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі, Алтын Орда ханы. Көк Орда мен Ақ Орда билігін тиімді бекіткен хан ретінде тарихта аты қалған.

Берке хан 1209 жылы туған. Ол әкесінің көзі тірісінде Дешті Қыпшақ пен Түркістанның әміршісі болып тағайындалған. Берке билік жүргізген тұста (1257 - 1266) Алтын Орда ірі мемлекет ретінде қалыптасты. Берке билік басына келісімен исламды ресми дін етіп жариялап, Алтын Орда билеушілеріне мұсылман дінін қабылдатқызды. Құбылай хан билікке келгенде, Берке оны Шыңғыс хан империясындағы ұлы хан ретінде мойындаудан бас тартады. Сөйтіп, Жошы ұлысын дербес мемлекетке айналдыруға тырысады. Еділ бойындағы Ахтуба деген жерде Берке Сарайы қаласын салдырады. Салық салу үшін 1257 жылы Русь халқына санақ жүргізіп, салық жинаушыға "басқақ" лауазымын тағайындайды. Ол Хулагу мен Құбылайға қарсы соғыстарда мәмлүк сұлтандарын, Арықбұғаны қолдайды. 1262 - 1265 жылдардағы Алтын Ордаға тәуелді деп есептелген шағатайлық хан Алғудан (Алғұй) Хорезмді тартып алады. Берке батыс көршісі болгар ханы Константин Тешаның өтініші бойынша Византия императоры Михаил Палеологтың Балқандағы ісіне араласады. 1262 жылы Берке әскері ильхандықтардың одақтасы болған Византия иеліктерін талқандайды. 1266 жылы Кавказға жасаған жорық кезінде Берке қайтыс болып, оның денесі Берке Сарайында жерленеді. Берке Құбылайды Шыңғыс хан империясының ең жоғарғы билеушісі ретінде мойындаудан бас тартып, Жошы ұлысын дербес мемлекетке айналдыруға тырысты. Тек халифтардың діни үстемдігін ғана мойындайтынын білдіріп, соңғы халиф Наср әд-Диннің атымен теңгелер шығарды. Берке билік еткен тұста сауда, қолөнер дамыды. Ахтубада Сарай-Берке қаласы бой көтеріп, Еділ бойында қала құрылысы өрістеді. Берке салық салу үшін Русьте халық санағын жүргізді (1257), оны жинайтын басқақ лауазымын белгіледі. Алтын Орда мен Ирандағы Хулагу мемлекеті арасындағы соғыс Беркені Египеттегі мәмлүк сұлтандарымен жақындастырды (қ. Алтын Орда — Египет қарым-қатынастары). Алтын Орда мен Дешті Қыпшақтың араб авторлары жазбаларында Берке жері деп аталуы осы достық қатынасты айғақтайды. 1262 ж. Берке әскері хулагуліктердің одақтасы Византияның иеліктерін талқандады. Берке 1266 ж. Кавказға жасаған жорық кезінде қайтыс болып, Сарай-Беркеде жерленді.[1]

Берке Сарай қаласы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Берке Сарай қаласын 1260 жылы Берке хан салдырған. Берке Сарай XIV ғасырдың 1 - жартысында гүлденді. 1333 жылы сол қалада болған араб саяхатшысы ибн Баттута: "Жазираға салынған көрікті қалалардың бірі, адам көп. Онда сұлу көшелер мен сәулетті базарлар бой түзеген. Қаланы әр түрлі халықтар: моңғолдар, асылар, қыпшақтар, черкестер, орыстар және византийліктер мекендейді..." деп жазды. Берке Сарайын 1353 жылы Әмір Темір күйретті. Берке Сарай қаласының орнына жақын жерде қазіргі Ресейдің Волгоград қаласы тұр.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
  2. Алтын Орда: Қазақ хандығы (I бөлім). Қазақстан балалар энциклопедиясы / Т. Жұмаханов, Б. Жұматаев, Т. Шаңбай. - Алматы: "Аруна" баспасы, 2007. - 224 бет, илл. ISBN 9965-26-042-7