Еділ қаған
Еділ (Аттила) қаған лат. Attila гр. Ἀττήλας | ||
Эжен Делакруа фрескасы | ||
Лауазымы | ||
---|---|---|
| ||
434 жыл — 453 жыл | ||
Бірігіп басқарушы | Бледа (445 жылға дейін) | |
Ізашары | Руғила (Руа, Роас) | |
Ізбасары | ұлдары | |
Өмірбаяны | ||
Діні | тәңіршілдік | |
Қайтыс болуы | 453 Паннония | |
Жерленді | белгісіз | |
Әкесі | Мұнзық | |
Жұбайы | Ильдико, Крека және т.б. | |
Балалары | Эллак, Эмнетзур, Ултзиндур[1], Эрнак, Денгизик, Чаба[2] және т.б..[3] | |
Ортаққордағы Еділ (Аттила) қаған | ||
өңдеу |
Еділ қаған немесе Аттила (көне түркі тілінде Атил, лат. Attila, гр. Ἀττήλας, 400 жыл – 453 жыл) — батыс ғұн тайпалар одағының аты аңызға айналған көсемі. Рейннен Қара теңіздің солтүстігіне дейін варвар тайпаларына өз билігін жүргізген, адамзат тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға.[4]
Сол кезеңнің оқиғалары туралы тарихи шығармаларда, жылнамаларда және эпикалық туындыларда мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар германдықтардың батырлар жырының 18 шығармасында ғұндар мен оның патшасының ұлы iстерi көрiнiс тапқан.
Еділдің тұсында империя өзінің шарықтау биігіне көтеріледі. Шығыста Кавказға, батыста Рейнге, терістікте даниялық аралдарға, күнгейінде Дунай өзенінне (оң жағалауын қоса) дейінгі жерлерді Ғұндарға бағындырды. 444 жылдан 453 жылы қайтыс болған күніне дейін Еділ жалғыз өзі Ғұндар мемлекетін басқарды.
Тарихнамасы және дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тарихшылар Еділ қағанды тұлға ретінде сипаттағанда көптеген қиындықтарға тап болады. Себебі жазба түрінде біздің заманымызға дейін жеткен деректер көбіне грек немесе латын тілінде жазылған. Көсем туралы ең көп мәлімет берген римдік тарихшы әрі дипломат Приск Паний. Приск 449 жылы ІІ Феодосидің қасына еріп тарихи кездесуге қатысып сол кездегі болып жатқан оқиғалардың куәгері болған. 434 жылдан 452 жылдардың шежіресін 8 томдық шығармаға жазған Приск жалғыз өзі ғана Еділ қағанның сыртқы көрінісін бейнелеген.
Присктің көптомды шығармасынан басқа бізге дейін жазба түрінде Прокопий және Иордан атты алтыншы ғасырдың тарихшыларының мәліметі жеткен. Оларда көбіне Присктің еңбегіне сүйене отырып мәлімет қалдырған. Византиялық тарихшы Марцелин Комит және канцлер Юстианин аздап, фрагмент ретінде өз жұмыстарында ғұндардың көсемі туралы деректер жазған. Тағы бір дереккөздер ол VI - XII ғасырлардағы шіркеу шығармалары. Бұлар тарихтың ағынымен ғұндардың қарсыластары жағында болған. Сол себепті көбіне жағымсыз жағынан, негативті сипаттаған.
Ғұндардың өзі көсемді каһарман ретінде ауызба-ауыз өздерінің аңыздарында жырлаған. Олардың үзінділері бізге дейін скандинавтардың және немістердің сагалар арқылы эпос түрінде жеткен. XII ғасырда мажар жазушылары ғұндарды өз бабалары деп көптеген шығармаларында құрметтеп, ұлттың батыры ретінде пір тұтқан.
Уақыт өте Еділ қағанды варварлықтың нышаны ретінде сипаттап, батыс өркениетіне қауіп төндірген адам ретінде қаралған.
Атилла есімі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазіргі заманның ғылымдарында Атилла есімінің этимологиясы туралы бірнеше болжам бар. Еділді Еуропа тарихшылары «Атыра», «Аттила»,«Атыл», «Аттылы», «Этцель», «Этли» деп те атайды. Аттила (Этцель) есiмi уақыт өте келе пайда болған лингвистикалық өзгерiстерге қарамастан орта ғасырлардан берi Германия топонимикасында сақталған. Мысалы, «Hetzelistal» («Hetzelinstall») атауының сөзбе-сөз аудармасы «Этцел даласы», бұл Оффенбург жерiнде, сонымен қатар «Hetzelhof» («Etzelhof»), «Atzelhof» («Этцел ауласы»), Гейдельбергте, Atzelbach («Этцель бұлағы») Оттенхефенде, «Attlisberg» («Аттли тауы»).
Көптеген басқа да ғұн есімдері сияқты Аттила есімінің түпнұсқасы түркі тілдерінен алынған деген де болжам бар (atta/ata - әке, el/il - ел, өлке).
Тағы бір болжам бойынша, Аттила есімі Еділ Хазар тілінде Еділ өзенің атауынан алынған (Attil/Atil/Atel/Atal).[5]
«Аттила» есiмi қазiр түркi тектес халықтарда (қазақша — «Едiл») кең тараған.
Көсемнің бейнесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тарихшы Иордан Присктің сөздеріне сүйене отырып, Еділдің бір ерекше тұлға болғаны туралы айтады.
Бойы шағын ғана, кеудесі енді, көзі кішкентай, жыпсық. Үлкен басында сирек енді ақ түскен сақалы бар, мұрны кішкене жалпайған, көздері кішкентай. Осы түріне қарамай көсем өз асқақ жүрісімен, ауыр көзқарасымен өзінің құдыретті тұлға екенін білдіріп ғиззат сезімін тудыратын. Соғыс - кәсібі болса да, ашушаң емес, өте ақылды, мейірімді кісі тұғын.[6]
Бұл сипаттама азиялық немесе моңғолоидтық нәсілге келеді.[7]
448 жылы Присктің берген мінездемесіне сәйкес ол қарапайым, кішпейіл адам болғанға ұқсайды. Қарапайым киімді ұнататын, ағаш ыдыстан тамақ жейтін, қаруын алтынмен әшекейлемеген қолбасшы. Жалпы Приск Еділді шығыстан шыққан көшпенділердің көсемі сияқты емес, германдық орта ғасырлық король сияқты сипаттаған.
Әйелдері мен балалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еділ қағанның некесі де көп болған, балалары да көп болған[8]. Балаларының арасында Эллак есімді үлкен ұлының аты шыққан. Осы ұлын көсем көзі тірі кезінде ізбасары деп жариялаған.[9] Әйелдерінің арасында тарихта қалған Ильдико атты ең соңғы әйелі. Осы әйелінің қасында алғашқы неке түнінде Еділ қаған осы күнге дейін белгісіз себептен қайтыс болған..[8]
Ататегі және билікке келуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еділдің туған жылы мен туған жері осы күнге дейін белгісіз. Көсемді көзімен көрген Приск Паний 448 жылы сақалына енді ақ түскен адам деп сипаттаған.[10] Сол жылдары Еділ үлкен ұлын акацирларға басшылық етуге жіберген. Бүгінгі күнге белгілі мәліметтерді талдаған кезде Еділ қаған жобамен V ғасырдың бірінші онжылдығында туған деп айтуға болады.
Еділдің әкесі Мұнзық[11] ғұндардың патша тегінен шыққан, өзі билік жүргізбесе де оның ағалары Ақтар (немесе Оптар) және Руғила (Роас, Руа) ғұндардың атақты көсемдері болған[12]. Басқа Мұнзық туралы еш мәлімет жоқ, тарихта бұл тұлғаның аты Аттила мен Бледаның әкесі ретінде сақталған.[13]
Ғұндардың қоғамы жауынгерлер қоғамы болғандықтан Еділ қаған жас кезінен сол кездегі басқа ғұндардың ұрпақтары сияқты атпен шабу мен садақ атуды үйреніп өскен.[14] Сонымен бірге ғұндардың басқа да жасөспірімдері сияқты өз еркіндігімен басын бинттермен таңғызып, бас сүйегініне деформация жасаған.[15][16]
434 жылы Руғила дүниеден өткенде империя билігі оның інілерінің баласы Бледа мен Еділдің қолына көшеді. «452 жылдың Галл хроникасы» бойынша, Бледаны Руғиланың мұрагері деп жариялайды, соған қарағанда Бледа Еділден жасы үлкен болған. Бірақ көп ұзамай Еділ немере туысы Ақтардың баласы Бледаны өлтіріп, билікке өзі жеке дара ие болады. Осыдан кейін ол бұрын білікті қолбасшы ретінде төңірегіне мәлім болса, енді үлкен саясаткер, көреген көсем ретінде көзге түседі. «Әділ билеуші» атанады. Оның есімі қарсыластары арасында үрей туғызады. Оны «Құдайдың қамшысы» деп атай бастайды.
Еуропаға жорық
[өңдеу | қайнарын өңдеу]420 жылдары ғұндар Панноний[17] жерлерін (қазіргі Венгрия) мекендеген.[18] Дунай мен Рейн аралығында билік жасап, варвар тайпаларын бодан қылып жүрген ғұндар Батыс және Шығыс Рим империяларына да қауіп төндірген. Осы текетіресте германдық тайпалар Еділдің жағында болған.
Византияға алғашқы жорығы (441–442)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еділ мен Бледаның Еуропаға алғашқы жорығы қазіргі Сербия аумағында орналасқан византиялық Иллирик провинциясынан басталды.[19] Дәл сол кезеңде римдіктер бір жағынан вандалдармен Сицилияда, екінші жағынан парсылармен шайқасып жатқаны жорықтың сәттілігіне қосымша себеп болған.[20]
Оқиғаның куәгері Присктің мәліметі бойынша алғашқы әскери ұрыстары қазіргі Белград қаласы аумағында орналасқан сауда жәрменкесінде ғұндардың римдіктерге кенет шабуылынан басталған. Шабуылдың себебі Марг қаласының [21] епископы ғұндардың асыл қазынасын (яғни патшалардың мазарын) тонауы түрткі болған[22] Маргтан кейін Сингидунум (қазіргі Белград) және Виминаций (қазіргі Костолац) жақын орналасқан Дунайдағы ірі қалалар алынды.
Әрі қарай ғұндардың әскери әрекеттері Дунайдың шығыс жағына, яғни Ратиария жаққа қарай (қазіргі Арчар болгар селосы) және оңтүстіктегі Морава өзенінен Наисс (қазіргі Сербияның Ниш қаласы) жаққа қарай бағытталған.
Присктің айтуы бойынша 442 жылға таяу шайқастар тоқтап, ғұндар қазіргі Сербияның аумағындағы Дунайдың оңтүстігіне қарай «бес күндік жол» алатын кең алқапты басып алады.[23]
Византияға екінші жорығы (447)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бірінші мен екінші жорықтардың арасында Бледа қайтыс болып, 444 жылдан бастап Еділ ғұн империясын жалғыз өзі басқарды.
Византияға жорықтардың хронологиясын тарихшы О. Д. Менхен-Хельфен «Ғұндар қауымы» атты жұмысында анық айқындаған. Алғашқы жорықтан кейін Аттила ғұндардың жалғыз көсемі ретінде Византиядан алым-салық төлеуді және жау жағына өтіп кеткен қашқындарды қайтаруды талап етеді. Бұл ультиматумға ІІ Феодосий императоры империяны қорлайтын ұсынысс деп қабылдап, ұсынысқа қарсы болып соғыс жариялайды.[24] Нәтижесінде Аттила Ратиарияны басып алып, 446 жыл немесе 447 жылдың басында Византияның Балкандағы аймақтарына шабуыл жасай бастайды. Византиялық тарихшы Марцеллин Комит өз жазбаларында 447 жылды сипаттаған кезде мынандай сөздерді жазыпты: «Бірінші соғысқа қарағанда көп есес ауырлау болған бұл сұмдық соғыста, Аттила бүкіл Еуропаны үгіп ұнтақтап тастады».[25] Еділ бастаған ғұн әскері 447 жылы Фракия мен Иллирияны талқандап, Фермопила мен Константинополь іргесіне дейін жетеді. Шығыс Рим империясы (Византия) Еділге тәуелді екенін мойындап, алым-салық төлей бастайды.
Ғұндар мен Византияның арасындағы бітім шарты (448–450)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]II Феодосий жеңілгенін мойындап өз әскери магистрі Анатолийді ғұндармен келіссөзді жүргізуге жібереді. Бұл бітімшарттың талаптары 444 жылғы алғашқы бірінші жорығынан кейін бекітілген талаптарына[26] қарағанда көп есе қатаң болып табылды. Алғашқы келісімді бұзғаны үшін жаза ретінде 6000-нан астам римдік фунт алтынды беруді императорға мақұлдатты. Одан басқа талаптары да күшейтілген: жыл сайынғы салық 700 кг римдік фунт алтынынан 3 есе, яғни 2100 кг болды. Әр тұтқындалған рим сарбазының төлеп босату құны 12 солидке дейін барды.
Белгіленген алым-салығы қанағаттандырылғаннан кейін ғұндар өз жерлеріне қайтып оралды.
445 жылдар шамасында Бледа қайтыс болды. Еділ ғұндардың жалғыз басқарушысы болып қалып[27] 448 жылы Қара теңіздің солтүстігін мекендеген акацирларды үлкен ұлы Эллактың қарамағына берді.
450 жылдың шілдесінде император II Феодосий аттан құлап қайтыс болады. Орнына келген әскербасы болып қызмет еткен Маркиан бітімшартта айтылған мөлшерінде салық төлеуден бас тартады. Еділге тек қана өзі дұрыс деп санаған сыйлықтарды беріп, ал егер де көнбесе соғыс бастайтынын хабарлайды.
451 жылдың ерте көктемінде ғұндар және оларға тәуелді басқа тайпалардың әскерлері Галлияға басып кіреді.
Батыс Рим империясымен соғыс (451—454)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Галлияға жорық (451)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]451 жылы Еділ қаған бастаған жауынгерлер әскері [28] ерте көктемде Галлияға шабуылды бастайды. Ғұндар сарбаздарының саны белгісіз, бірақ сол кезеңнің ырғағына қарағанда шабуыл қозғалысы баяу болған деп баға берілген.[29]
451 жылдың 7 сәуірінде ғұндар бірінші Мец қаласын, сосын Трир, Кёльн, Реймс, Тонгерен, Труа қалаларын бірден басып алды. Сол жылдың 14 шілдесінде Римдік Галлияның орталығы Орлеан қаласын қоршауға алып, ұрысты бастайды. Қала қамалдарын тарандармен тесе бастаған кезде римдік әскербасы Флавий Аэцийдің және вестготтардың королі І Теодорихтың біріктірілген әскері Орлеандықтарға көмекке келеді. Мұның аяғы тарихта бұрын болмаған үлкен қырғын, әйгілі Каталаун шайқасына әкеледі. Тарихшылар осы шайқаста майдан даласында 165 мың жауынгердің өлігі қалды дегенді айтады.
Еділ қаған әскерін Каталаун даласына [30] қайтарып, Сена өзенінің оң жағалауында (Труа қаласының төңірегінде болса керек) тоқтайды. Каталаун шайқасының нақты болған күні мен жері туралы мәліметтер сақталмаған, бірақ тарихшыларының болжамы бойынша ұрыс маусымның соңы шілденің басында Труа қаласының солтүстігінде, қазіргі Шампань провинциясының аймағында болған. Бұл ірі ұрыс[31] нәтижесінде екі жақ бірдей шығынға ұшыраған. Проспер Тиро жазғандай, Каталаун даласындағы шайқаста бiрде-бiр жақ жеңiске жеткен жоқ. Өлiм саны шексiз болды. Король І Теодорих шайқас алаңында қаза тапты. Келесі күні Еділ қағанның әскері өздері орнатқан бекініске тығылып, ал гот-римдік коалиция бастаманы өз қолына алады.
Дегенмен, І Теодорихтың орнына келген везегооардың жаңа королі Торисмунд өз әскерін ұрыс алаңынан Тулузаға бірінші болып алып кетеді. Содан кейін Еділ қаған өзінің аман қалған сарбаздарын Дунайдың арғы жағына орналастырады. Келесі 452 жылы ғұндар Италияның солтүстігіне шабуыл жасайды.
Италияға жорық (452)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]452 жылғы жазда (О. Д. Менхен-Хельфен (O. Maenchen-Helfen) рим папасы Лео Император Валентиннің арасында 452 жылы жазысқан хаттарын саралағанда, бұл жорықтың басы 452 жылдың маусым айында басталған) Еділ қаған басқарған жауынгерлер топтары Паннония жағынан Альпінің кең жазығынан шабуыл бастады. Бұл жорықтың алғашқы соққысы Венетта провинциясының Аквелия қаласында (Аквелия сол кездегі Адриат теңізі жағалауындағы ең ірі қала) болды. Венеттаның басқа қалаларын да басып алғаннан кейін ғұндар солтүстік Италияның батыс жағына қарай бет бұрды.
Италияны ойрандап, ғұндар шетінен Медиоланум (қазіргі Милан) және Тицинум (қазіргі Павия) қалаларын алады. Медиоланумда (V ғ. басында Медиоланум қаласы Рим империясының астанасы болған) Еділ император сарайына кіріп келгенде сарай қабарғаларында рим императорлардың суреттерін көреді. Суреттерде тақта отырған рим императорлардың аяқ жағында скиф жауынгерлердің өліктері жатқаны бейнеленгенін байқайды. Еділ өз адамдарына сол суретшіні таптырып, оған басқа сурет салғызады. Бұл жаңа суретте Еділ қаған тақта отырғанын, ал рим императорлары оның аяқ астына қаптардан алтын төгіп жатқанын бейнелеткізеді.[32]
Қаланың тұрғындарының көбісі қашып құтылды, олардың үйлері және шіркеулері тоналып, өртеліп бітті.
Бұл маңызы аса зор оқиғалардан кейін рим папасы І Лео қасына текті римдіктер Авиена мен Тригетияны ертіп алып ғұндардың көсемімен кездесуге барады.[33] Бұл кездесу Мантуя қаласының маңындағы Амбулея жазығында болады.[34] Кездесу нәтижесінде Рим салық төлейтін болып құтылады, ал ғұндар Римге бармай Дунайдың жағалауларына қайта оралады. Сөйтіп ол осынау ұлы жорықтан Дунай бойындағы мемлекетінің астанасы Еділқалаға (Этцельбургке) үлкен жеңіспен, салтанатпен оралады. Ғұн империясының иелігіне айналады.
453 жылғы Галлияға шабуыл
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Италиядан жеңіспен қайтқан ғұндар көп ұзамай Галлиядан өш алғысы келеді. Ескі қарыздарды еске алып (қайтыс болған ІІ Феодосиймен бегітілген келісімшарт бойынша алым-салықтар төнебегенін) Еділ Галлияға қауып төндіре бастайды. ІІ Феодосийдің орнына келген император Маркиан көсемге әр түрлі сыйлықтарды жіберіп, көсемнің бір кешірімін алғысы келеді.[35]
Рақымшылықты көрсетпеген ғұндар 453 жылы Галлияның орталығындағы Луара өзенінің жағалауын мекендеген аландарға шабуыл жасайды. Бұл жылғы шабуыл туралы Иорданның Гетикасындағы қысқа мәліметтен басқа еш дерек жоқ. Тек вестготтардың королі Торисмунд аландарға көмекке келгені белгілі. Сонымен қоса ғұндардың кері қарай Паннония мен Дакияға шегінгені белгілі.
Өлімі және ғұн империясының ыдырауы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еділ герман тайпаларын бағындырған кезде Бургундия ханшайымы Илдионаға (Хилдикаға) ғашық болып қалған еді. 453 жылы елінде үлкен той жасап, осы ханшайымға үйленеді. Бірақ алғашқы неке түнінде белгісіз жағдайда кенеттен қайтыс болады.
Қайтыс болуына мұрыннан кеткен қанмен тұншығу себеп болуы мүмкін деген дерек бар.[36] Жерленген орны әлі күнге дейін белгісіз. 2014 жылы наурыз айында Будапештте Дунай үстінен көпір салынған кезде Еділдің жерленген жері табылды, ол Еділ қағанның моласы болуы мүмкін деген хабар берілді.[37]
Еділдің көптеген ұлдары әкесінен қалған империяны бөлісе бастайды. Еділ өзінің көзі тірісінде үлкен ұлы Эллақты мұрагері етіп белгілеген болатын. Бірақ варварлар тайпаларының көсемдері Эллақты да Еділдің басқа ұлдарына да мойынсынғысы келмейді. Бірінші болып гепидтардың королі Ардарих герман тайпаларын көтеріліске үгіттеп жаңа басшыларға бағынбаған жаугерлер 454 жылы Недао (қазіргі Паннонияның Недава өзені, Саваның тармағы) төңірегінде соғыса бастайды. Осы ұрыста Эллақ қайтыс болады. Осы ұрыстан кейін Ғұн империясы ыдырай бастайды. Еділдің кіші ұлы Эрнак тайпасының бір бөлігімен Добруждада орналасады, қалған ғұндарды варварлар тайпалары Дунайдың шығыс жағына ысырып тастайды.[38]
Еділдің ғұндары туралы соңғы мәлімет 469 жылы Марцелиннің хроникаларында табылады. Мәліметтерде «ғұндардың королі Еділдің ұлы Денгизирихтың [Denzicis] басы Константинопольге жеткізілді» деп айтылған.
Ғұндардың қалдықтары басқа көшпенді тайпалармен шатысып «ғұн» деген этноним VI ғасырдың авторларының лексионында жалпы көшпенді елдерді белгілеп қолданылған. (Ғұндар деп булгарларды, аварларды, савирларды, мажарларды атай берген)
Тарихи зерде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еділ билік басында болған он тоғыз жыл ішінде Ғұн империясы аумағын бірнеше есеге үлкейтеді. Ірі империя құра алғандығы үшін Еділ қаған шығыстың ұлы жауынгер ұлдарының бірі ретінде тарихқа енді. Содан да болар, батыстың тарихшылары оның есімін «адамзат тарихындағы ұлы адамдар» Ескендір Зұлқарнайын пен Юлий Цезарь есімдерімен қатар атайды.
Германдардың белгiлi эпикалық шығармасы болып табылатын «Нибелунгтар туралы жырда» және өзге де герман эпосының шығармаларында скандинав сагаларында Аттила (Этцель, Атли) Рим империясының қол астындағы халықтарды азат етушi ретiнде сипатталады.
Византияның атақты жылнамашысы V ғасыр тарихшысы және мәмiлегерi, ғұн патшасына 448 жылы жiберiлген Византия елшiлiгiнiң мүшесi грек Приск Паниос жеке көрiнiстер түрiнде сақталған өзiнiң «Византия тарихында» атты еңбегінде Еділ қаған мемлекетiн Римнiң қауiптi бақталасы ретiнде суреттей отырып, шындықты бейнелеген.
Нумизматикада Еділдің бейнесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]2009 жылы Қазақстан Ұлттық Банкісі «Ұлы қолбасшылар» топтамасының ішінде «Аттила» монетін шығарған. Номиналы 100 теңгеге тең монет 13 000 дана болып шығарылған. 925 сынамалы күміс монеттің салмағы 31,1 г, диаметрі 38,61 мм.[39] Бет жағында (аверсте) ат үстінде шауып бара жатқан жауынгер, арт жағында (реверсте) Аттиланың бейнесі. Төменгі бөлімде үш атты сарбаз бейнеленген, ал үстіндегі секторда ағылшын тілінде Еділ қаған (ағылш. «ATTILA THE HUN») және «406—453» деп жазылған. Санкт-Петербургте өткен «Монет шоқжұлдызы-2010» (орыс. «Монетное созвездие-2010») Халықаралық конкурсында бұл монет «Жыл монеті» (орыс. «Монета года») сыйлығына ие болды. Бәйгеге 24 елден 209 монет қойылған.[40]
Еділдің аңыздардағы бейнесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еділ қаған «Нибелунгтар туралы жыр» атты белгілі германдық эпосының басты кейіпкері.
Еділдің әдебиеттегі бейнесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- «Ғажайып комедия», Алигьери Данте, 1321
- Құдайдың қамшысы, Бувье-Ажан М.
- Аттила - ғұндардың қолбасшысы, Эдвард Хаттон, 2005. (Nomen est omen).
- Christopher Kelly. «Attila the Hun: Barbarian Terror and the Fall of the Roman Empire», Bodley Head, 2008 [3].
- Blockley, R.C.: The Fragmentary Classicising Historians of the Later Roman Empire, vol. II ISBN 0-905205-15-4
- Gordon, C.D.: The Age of Attila: Fifth-century Byzantium and the Barbarians. Míchigan: University of Michigan Press, 1960.
- Maenchen-Helfen, Otto (ed. Max Knight): The World of the Huns: Studies in Their History and Culture. Berkeley: University of California Press, 1973.
- Thompson, E.A.: A History of Attila and the Huns. Londres: Oxford University Press, 1999. ISBN 0-631-21443-7
Еділдің музыкадағы бейнесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- «Аттила» (1846) — италиялық композитор Джузеппе Вердидің белгілі операсы;
- «Attila» (2004) — Iced Earth атты америкалық хэви-метал тобының «The Glorious Burden» альбомының ішіндегі әні;
- «Attila» (2011) — қазақстандық «Алдаспан» хэви-метал тобының алғашқы альбомы;[41]
- «Attila» (2005–) — Атлантадан шыққан дэткор-тобы.[42]
Еділдің кинематографиядағы бейнесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- IMDB-дегі «Аттила» (Attila, 1954);Attila
- «Аттила-басқыншы» сериалы (2001). Басты ролде — Джерард Батлер.
- Этцель (Аттила) — 1924 жылы түсірілген Фрица Лангың «Нибелунги» және 1967 жылы ГФР-да түсірілген «Нибелунги» атты фильмдердің бас кейіпкері.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Иорданның «Гетика» жазбаларында аттары аталған
- ↑ Homant Balint. Szekly\'liler. // Bulleten, 20. Ist. S. 601
- ↑ Dictionary of Medieval Heroes: Characters in Medieval Narrative Traditions ... - Willem Pieter Gerritsen, Anthony G. Van Melle, Tanis M. Guest
- ↑ Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
- ↑ Г. Дёрфер («О языке гуннов», 1973)
- ↑ Иордан, «Гетика», 183
- ↑ Wolfram Herwig The Roman Empire and its Germanic Peoples — 1st. — University of California Press, 1997. — P. 143. — ISBN 978-0-520-08511-4.
- ↑ a b Үлгі:Harvsp
- ↑ Jordanès, XLIX
- ↑ Priscus of Panium: fragments from the Embassy to Attila Мұрағатталған 11 желтоқсанның 2003 жылы.
- ↑ Jordanès, XXXV
- ↑ Иордан (Гетика, 180)
- ↑ Сократ Схоластик, «Шіркеу тарихы», 7.30
- ↑ Bóna,2002,p 30
- ↑ Bóna,2002,p 26
- ↑ Escher Lebedynsky,2007,p 62
- ↑ орталық Еуропадағы аймақ, рим провинциясы
- ↑ J. B. Bury, History of the Later Roman Empire, ch. 7.3
- ↑ Марцеллин Комит (441 ж): Hunnorum reges numerosis suorum cum millibus in Illyricum irruerunt: Naisum, Singidinum, aliasque civitates, oppidaque Illyrici plurima exciderunt.
- ↑ Феодорит, V.37; Марц. Комит, 441 г.; ІІ Феодосийдің новеллалары, 26 шілде 441, V.1
- ↑ Марг (Μάργος), Морава (Сербиядағы өзен) Дунайға құйылатын жерде орналасқан қала
- ↑ Приск, Дестунистің аударымында дін қызметкерлерінің мазарларды тонауы сол кезде жиі кездесетін жағдай болған.
- ↑ Cawthorne Nigel Military Commanders — Enchanted Lion Books. — P. 41.
- ↑ Приск, Дестунистің аудармасында, фр.3
- ↑ Марцеллин Комит, г. 447
- ↑ Nov. Theodos. XXVI, 1
- ↑ Haas, Christopher Embassy to Attila: Priscus of Panium. Villanova University. Тексерілді, мамыр 18, 2014.
- ↑ Құрамында ғұндардан басқа германдық вассалдар (гепидтер), остготтар, швабтар, алемандар, тюрингтер, франктар, бургунддар, аландар, сарматтар және т.б. варвар тайпалары болған
- ↑ Escher et Lebedynsky 2011, p. 22-24 беттер
- ↑ Орлеан қаласынан шығыс жаққа қарай 200 км-дей қашықтықта
- ↑ Иордан жазып кеткендей, «ешкiм мұндай керемет оқиғаларды басынан өткермеген, бұл оқиғаларды жан-жақты жеткiзу үшiн кереметтiң тiкелей куәгерi болу қажет».
- ↑ Суда, mu, 405 (Mediolanon)
- ↑ Проспер Аквитан, рим папасы І Леоның хатшысының тарихи хроникасы
- ↑ Kirsch, Johann Peter (1910). "Pope St. Leo I (the Great)". The Catholic Encyclopedia vol. 9. New York: Robert Appleton Company. Retrieved мамыр 19, 2014
- ↑ Иордан, «Гетика», 225
- ↑ Иордан, «Гетика», 254—258
- ↑ Hungary: Archeologists Discover Tomb of Attila the Hun Мұрағатталған 4 сәуірдің 2016 жылы.
- ↑ Иордан, «Гетика», 266
- ↑ [1].
- ↑ [2] Мұрағатталған 28 ақпанның 2012 жылы..
- ↑ Aldaspan тобының дискографиясы Мұрағатталған 1 қыркүйектің 2014 жылы.
- ↑ Attila — Atlanta, GA
Бұл мақала қазақша Уикипедияның жақсы мақалалар тізіміне енеді. |