Алаш партиясы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Алаш
Логотипі
Басшысы

Әлихан Бөкейхан

Негізін салушы

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы

Құрылған жылы

28 шілде 1917 жыл

Таралған жылы

1920 жыл

Штаб-пәтері

РесейРесей Республикасы
(-қазан 1917)
Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік РеспубликасыРКФСР
(қазан-желтоқсан 1917)
Алаш автономиясы
Алаш-қала
(қазан 1917 - 1920)

Идеологиясы

Демократия,
Антикоммунизм,
Конституционализм

Мүшелер саны

~200 мың[дереккөзі?]

Ұраны

Оян, қазақ!

Партиялық мөр

Қазақ газеті

Алаш партиясыРесей империясы мен Социалисттік Ресейдің қазақ партиясы болған. Партия Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Ресейдің дағдарысын қолданып, 1917-ші жылдың сәуір айында қазақ съезінде партия қабылданып, сол жылдың шілдесінде партия құрылды. Партияның ең маңызды тұлғалары қазақ зиялылары болып, олар Ресей құрамында ұлттық мүддені көздейтін демократиялық құрылымды негізге алатын автономия құру мәселесін алға тартты. Ресей партияның жұмысына тыйым салып, ол 1920-шы жылы таралды.

Алаш партиясы тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917-ші жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырды. XX-шы ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын.

Тарих бойында Партияның тек бір төрағасы – Әлихан Бөкейханов. XX-шы ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жақып Ақбай, Бақытжан Қаратай сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Жаһанша Досмұхамед, Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұл, Смағұл Сәдуақас, Жүсіпбек Аймауыт, Мұхтар Әуез тағы басқалар одан әрі дамытты.

"Алаш" сөзі – түркі тілдерде қандастар, бауырластарды білдіреді. Кейбір деректер бойынша, Алаш – қазақ сөзінің синонимі болып саналады. Яғни қазақ сөзі мен Алаш сөзі, екеуі де еркін, азат адам дегенді білдіреді. Қадырғали Жалайыр өз еңбегіндерде, қазақтарды белгілеу үшін Алаш сөзін қолданған.

Алаш үкіметі болашақта барлық Орталық Азиядағы түркі халықтарды біріктіріп, тәуелсіз ел құрғысы келді. Сондықтан, Алаш партиясы өз атауын қазақ демей, түркі халықтар үшін жаңа ұлт пайда қылдырып бірлікке жеткенін қалаған. Алайда, партия бұл идеяны ешқашан іске асыра ала алмай, басқа халықтардың зиялыларымен ортақ тіл таба алмады. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан Мұстафа Шоқай өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып: «Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» - дейді. Бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24-маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді.[1]

Ақпан төңкерісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді.

1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ съездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті.

Орал облыстық қазақтардың 1-ші съезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Съезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы съезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды.

Съез төрт күнге созылды, съездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Съез делегаттары Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі шешімдерді қабылдады:

  • мұғалімдер съезін шақыру қажет;
  • Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет, ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру жөн деп табылсын;
  • қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын;

Съезде бұдан басқа да мәселелер қаралды, басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Орал сиезінің қарарында облыс орталығында орта мектеп ашу және кәсіби мамандардың қатысуымен халық ағарту ісін реформалау мәселелерін талқылау үшін мұғалімдер құрылтайын шақыру қажеттілігі көрсетілді.

Осы съезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп өз ойын білдіреді. Жаһаншаның жалынды сөзінде мемлекеттің саяси құрылысы мен оның мемлекеттік тілі, оның қолдану аясы ашық түрде айқын айтылғанын біздер ұғынуымыз керек.

Кешегі өткен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандары болған жастар да Жаһаншаның ой-пікірін қайталағанын біз еске түсірмей кете алмаймыз. XX ғасырдың басындағы алаш ардақтылары халықты ұлтаралық бірлікке шақырды, олар ұлтшылдықты арқау еткен жоқ, керісінше ұлтын сүйген ұлтжанды азаматтар екенін танытты.

І Жалпықазақ съезі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл съезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз:

    1. Мемлекет билеу түрі
    2. Қазақ облыстарында автономия;
    3. Жер мәселесі;
    4. Оқу мәселесі және т.б.

Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н. Мартынинконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында. Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған. Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды.

Бірақ бұл сиезде нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай съезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Народный сот») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде» жүргізілу керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған.

Сьездің нәтижесінде автономияның астанасы ретінде Жаңа-Семей (қазіргі Семей қаласы) қаласы таңдалды, кейін қаланың аты Алаш деп ауыстырылды.

Алаш партиясының пайда болуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және съез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ зияларының ғылыми жұмыстарымен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару әрекетімен де, көркем әдебиетімен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде

- оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;
- жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;
- қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;
- оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;
- үкімет оқу ісіне кіріспеуі;
- мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;
- ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.
- газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік - деп көрсетілген.

1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезі өтеді. Съездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б..

Бұл сиезде автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыстар бірнеше күнге созылды. Осы съезде Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатұлы баяндама жасады: қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру керектігін тілге тиек етті. Осы мәселе бойынша құрамы 5 адамнан тұратын бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілінде оқулық жазатын комиссия құрылды. Комиссия орталық ұлттық кеңеспен бірге болу керек. Комиссияға оқулықтан басқа да жұмыстар жүктелді. Атап айтсақ: ұлттық мектептерге арналған бағдарламалар; мұғалімдерге арналған нұсқаулар; бала тәрбиесі жөніндегі кітаптар; барлық қырғыз-қазақ мектептерінде халықтық білім беру іс-шараларының

Ережелерін жасау; қазақ тілінде жазу үлгілерін енгізу; қазақ тіліне пайдалы кітаптарды, брошюраларды аудару т.с.с. Комиссия 1918 жылдың басынан жұмысқа кірісу керек. Өздері құрастырған кітаптарын, бағдарламаларын баспаға жариялап отыру қажет. Комиссия құптамаған окулықтар басылымға шығарылмайды. Комиссия жұмысына қаражатты облыстық земстволар ұлттық қордан бөлуге тиіс делінген.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды.

Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.

Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған.

Алаш партиясының жетекшілері

1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В. И. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. В. Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады.

«Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» еңбегінде жазғандай тіл саясатын көтерген XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – Мемлекеттік тіл саясаты еді. Ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» - десе, Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деген.

Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірді айтқан.

Қазақ АКСР-і

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ АКСР-і орнағаннан соң 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезі шақырылды. Осы съезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды [16]. Ал 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А.Байтұрсынов сиезде айтқан пікірін қуаттай келе: «Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті –сауаттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мәдениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала кою оңай нәрсе емес», – деп өз ойын білдірген.

А.Байтұрсынов – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. Осы талапты жүзеге асыру үшін А.Байтұрсынов қазақша сауат ашатын тұңғыш әліппе құралын жазды. Ол «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынборда шығарылса, 1925 жылы Орынборда 7 рет қайта басылады.

Ал 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазып ұсынады, бұл суреттермен берілген оқулық. 1926 жылы Қызылорда Ташкент баспалары бірігіп шығарған. Қазақ тілін талдаптануда А.Байтұрсыновтың еңбегін және бір тұрғыдан ерекше бағалау керек. А. Байтұрсынов тіл мен әдебиет қана емес, этнография, тарих мәселелерімен де шұғылданғанын айту керек.

Ахмет Байтұрсынов XX ғасырдың 20 жылдарында Қазақстанның оқу-ағарту комиссары, Алаш қозғалысының мүшесі, ғылым, әдебиет, өнер салаларында шығармашылық жұмыспен шұғылданды.

А.Байтұрсынұлы «Ғылыми және практикалық білімнің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады» деп санады. Ғасыр басында Алаш ардақтылары Қазақ АКСР-ның Қазақ-Қырғыз Білім Комиссиясында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке сүйреуде жан аямастан қызмет етті. Білім Комиссиясы жұмысына Мағжан Жұмабайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Санжар Асфендиарұлы, Халел Досмұхамедұлы тағы басқалар қатысты. Алаш ордасы партиясы қазақ халқына

XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр. М.Әлімбаев:

« «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» »

- десе, ана тілімізді бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз.[2][3]

Алаш Орда үкіметі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Алаш партиясы мүшелері Алаш Орда үкіметінің құрамында барынша көпшілігі болған.[4] Тарихты халық жасағанымен, қоғамның тарихи даму заңдылықтарын реттеп отыратын заңдар мен құқықтық құжаттарды, саяси-құқықтық доктриналарды нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі, осы салада мемлекеттік тілдің де атқарар қызметі зор. Қазақ жері екі ғасырдан астам Ресей самодержавасының қол астында болған жылдарда, қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, көк түрік дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар халық, түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені, біздерге тарихтан белгілі.

Қазақ қоғамының осы қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавасының қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына, барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. SBN 9965-32-491-3
  3. Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5
  4. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Алашорда әскерінің ұраны: «Жасасын, Отанның адал ұлдары!»
    1. Н.Назарбаев Қазақстан халықтарына арнаған жолдауы. Алматы, 2005.
    2. М.Шахановтың өлеңдері // Қазақ тарихы. 2005. №5
    3. Құл-Мұхамед. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. Алматы: Атамұра, 1998.
    4. Д.Сүлейменова. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертация. Алматы, 2004.
    5. Ж.Ақбаев. Жанша. Орал, 1994.
    6. Н.Мартыненко. Алашорда сборник документов. Алматы, 1992.
    7. Н.Мартыненко. Алашорда сборник документов. Алматы, 1992.
    8. «Қазақ» газеті//21 караша, 1917.
    9. Д.Сүлейменова. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертация. Алматы, 2004.
    10. Д.Сүлейменова. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертация. Алматы, 2004.
    11. Н.Нұрпейіс. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995.
    12. Қазақстан тарихы // әдістемелік журнал, 2006, №3
    13. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
    14. Қазақ тарихы // журналы, 1997, №5.
    15. К.Нұрпейіс, М.Құлкенов, А.Мектепов, Б.Хабижанов. Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы. Алматы: Санат, 1996.
    16. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
    17. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
    18. Р.Сыздықова. Ахмет Байтұрсынов. Алматы, 1990.
    19. Қазақстан Республикасының ҰҚК - нің мұраты. №06610-іс
    20. К.Нұрпейіс, М.Құлкенов, А.Мектепов, Б.Хабижанов. Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы. Алматы: Санат, 1996.

1993 — «Міржақыптың оралуы» Міржақып Дулатұлы режиссері: Қ.Умаров

1994 — «Алаш туралы сөз» режиссері: Қ.Умаров

2009 — «Алашорда» режиссері: Қ.Умаров

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]