Ту
Ту, Байрақ, кейде Жалау — арнайы түстері бар белгілі бір геометриялық пішінге ие мата, көбінесе мемлекет, елді-мекен немесе басқа да адамдар тобының символы болып қолданылады. Әдетте тулар флагшток арқылы көтеріледі. Мемлекеттік-ту мемлекеттік-рәміз болып табылады. Мемлекеттіктен басқа көптеген елдерде әскери дәне коммерциялық тулар бар.
Туларды зерттеумен айналысатын ғылым саласы вексиллология (лат. vexillum — «ту», «байрақ») деп аталады.
Сипаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ту найза немесе басқаша бейнелер түріндегі металл ұштығы бар ағашқа бекітілген белгілі бір өлшем мен матадан тұрады. Ту жауынгерлердің жиналуы мен бірігуі үшін алыстан жақсы көрінетін белгі ретінде ежелгі Таяу Шығыс, Үндістан, Қытай, т.б. елдерде биік сырыққа орнатылған қандай да бір бейнелер түрінде пайда болған. Десе де, Даннеброгты (Данияның жалауы) – әлем халықтары ең көне ту деп таниды әрі ол әлі күнге дейін қолданылып келе жатыр.[1] Ағашқа немесе белдем ағашқа жазулар мен рәміздік бейнелері бар ерекше тақташалар (цоколь) немесе мата кесіндісі бекітілген. Мысалы, Римде, Ту рөлін легион белгісі болып табылған, ағашқа орнатылған қыран құс бейнесі атқарды.
Өзгерістер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Еуропа елдерінде 11 ғасырдан бастап Туларда елтаңбалар, христиандық белгілер пайда бола бастады.
- 15 ғасырда Францияда алғаш рет Тудың саптағы орны бекітіліп, оған жасалатын құрмет, Туды қорғау жөніндегі міндеттер, одан айрылғаны үшін жазалау белгіленді.
- 16 ғасырдан бастап атты әскер бөлімдеріндегі Тулар деп атала бастады. Кейіннен Тулар әр түрлі түстегі маталардан жасалатын болды.
Тудың мағынасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шайқаста Туынан айрылған жасақтар таратылды. Шайқас кезінде дұшпан Туларын қолға түсіргені үшін жауынгерлерге ерекше марапаттар жасалды. Көшпелі халықтарда да (сақ-скифтер, ғұндар, түркілер, т.б.) Туды жауынгерлік рухтың белгісі ретінде ерекше құрметтеген. Ту үлкен матадан түсті желек түрінде жасалып, найзаның сабына байланып көтерілген. Жауынгерлерге күш беріп қорғау үшін оған киелі белгілер (жыртқыш аңдар мен айдаһардың басы, кейіннен Ай, Құран аяттары) салынды. Ту әскердің киесі саналғандықтан, шайқас кезінде оны ұстау ең батыр адамдарға тапсырылған. Ту желбіреп тұрса әскер жеңіске жетеді, ол құласа жеңіледі деген ырым болған. Қазақ қоғамында ханның Туынан басқа, белгілі қолбасыларға да Ту тапсырылған. Мысалы, Абылай хан заманында Қабанбай, Бөгембай, Жәнібек, т.б. әйгілі батырлардың өз Туы болды. Ол Тулар кейіннен сол батырдың ұрпақтарында қалып, кие тұтылды. Ауру-кеселден, жамандықтан қорғайды деп қастерленді. Негізінен мыңбасыларға, түменбасыларға берілетіндіктен, кейде әскер саны Тумен есептелді. Әскери бөлім құрылғаннан кейін оған Ту тапсырылады. Ол Туды әскери бөлім өз атын, нөмірін өзгерткеніне қарамастан сақтауға тиіс. Ту әрқашан өз бөлімінде сақталады, ал шайқас кезінде әскери қимылдар ауданында болады. Тудан айырылған жағдайда бөлім командирі мен тікелей кінәлілер әскери трибуналмен сотталып, әскери бөлім таратылады.[2]
ҚР мемлекеттік туы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Ту сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының ара қатынасы - 1:2.
Мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс - Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран елдің еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ massaget.kz сайты
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |